«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мағжанның жыры — болашаққа жетер сөз

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының “Мағжан соты” спектаклі – көрермен­нің көзайымына айналған туынды. 2008 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай сахналанған қойылымға биыл 15 жыл толып отыр. Биыл ақиық ақынның мерейтойына орай театр ұжымы өңіріміздің аудандарын аралап, ауылдағы ағайынға “Мағжан соты” спектаклін ұсынды.

Спектакльдің авторы және қою­шы режиссері – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Виктор Шалаев екені белгілі. Көзі тірісінде Виктор Григорье­вич Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығымен 1990 жылдан бері таныс екенін айтқан болатын. Белгілі ақын Владимир Шестериковтің редакторлығымен шыққан “Дауыл түніндегі шырақ” кітабын оқып, Мағ­жанның жырлары ерекше әсер етіп, ойдың құдіреттілігі елең еткізген.

Осы ретте Виктор Шалаевтың “Осы жүрекжарды жолдарда адам­ның ерекше бір күш-қуаты, туған жері мен отандастарының тағдыры­на деген терең сезімі сезіледі. Пет­ропавл мектептерінде, облысымыздың ауыл-аймақтарында қазақ ақындарының өлеңдерінен әдеби бағдарлама дайындау барысында Мағжан поэзиясына зор көңіл бөлі­нетінін аңғару қиын емес” дегені бар.

Ақынның тағдыры, шығарма­шылығы туралы сахнада көрсету идея­сы сол кезде туындапты. Көрермен­нің көңілінен шығатын спектакль қойғысы келгенімен, ол кезде ақын туралы жөні түзу материал болмаған. Ізденді, зерттеді. Көп жылғы қажырлы еңбегінің арқасында осы пьесаны жазғанымен, Мағжанның қилы тағдырын, жалынды жырын кө­ңілі қалағандай көрсете алды ма, оған көрермен төреші.

Виктор Шалаевтың сөзінше сол кезде театрдың директоры болған Людмила Лошакова көп көмектесіпті. Мағжан оқыған Омбыға іссапармен барып, ондағы қазақ диаспора­сымен кездескен. Құнды ақпарат тап­қанымен, ол пьесаға толық енбе­ген.

– “Мағжан соты” пьесасы өмірбаян емес, бірақ мұнда көп нәрсе нақты деректерге сай жасалған. Мағжанның зайыбы Зылиқаның, жа­зушылар Максим Горькийдің, Вале­рий Брюсовтың естеліктері тергеу­дің ашық құжаттарындағы мәліметтерге негізделген. Автордың анықта­масы бойынша бұл ақынға деген құр­мет, оның шығармашылығына деген алғыс. Оның үстіне атауының өзі жұртты елең еткізеді емес пе?! Бұл – саяси қуғын-сүргіннің құрбаны бол­ған Мағжанның да, Мағжан өмір сүр­ген уақыттың да соты. Мағжан Жұмабаев – қазақ халқының асыл пер­зенті, ол үшін туған жерінің түтіні де ыстық. Виктор Григорьевич пьесаны үлкен ынтамен жазғанын аңғаруға болады, – дейді пьесаның көркемдік жетекшісі Тимур Кәрімжанов.

Қойылымды тамашалап отырған­да Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына басымдық берілгенін аңғаруға болады. Өмірі өлеңмен өріл­ген ақын жайлы пьесаның басқаша жазылуы мүмкін емес. Ақын­ның жалынды жырын оқығанда кеудеде намыс қайнап, көзіңде от ойнаса, бірде сыршыл ақынның тұнық ойына сөзсіз иланасың. Осы­ның барлығын сахна төрінен көрген кезде осыған дейін білгеніңді өзгеше қа­былдайсың, ерекше сезім­ге бөленесің. Болашаққа жетер сөз – Мағжанның жыры болғандықтан, мәңгілік өлеңнің арқауы болған күйініш пен сүйініш те мәңгілік тақырып емес пе?

Осы идеяны дөп басып, ұлттың ұлы перзентін өзге қырынан таныстырған “Мағжан соты” пьесасы 2008 жылы Алматыда өткен Орталық Азия елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалінде “Тарихи тұлғаны сах­нада жарқын бейнелегені үшін” ата­лымы бойынша жүлделі болғанын ескерсек, мазмұнды спектакльдің әлі де сахналарына сенім мол.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp