Облыс аумағында “Мас жүргізуші” шарасы өтіп, бес күн ішінде спирттік ішімдік ішіп алып көлік тізгіндеген 29 адам анықталды. Сондай-ақ 1,5 мың адам жол қозғалысы ережелерін бұзған. Түнде тәртіп сақшылары “Mitsubishi” көлігін тізгіндеген 45 жастағы Петропавл қаласының тұрғынын тоқтатты. Ер адам қаладағы дәмханалардың бірінде спирттік ішімдік ішкен. Медициналық куәландыру жүргізушінің мас екенін растады. Он бес тәулікке қамауға алынған ол енді 7 жыл бойы көлікті тек жолаушы ретінде ғана пайдалана алады.
Қызылжар ауданындағы Асаново ауылының маңында полицейлер елді мекеннің 39 жастағы тұрғыны жүргізген “Mercedes” көлігін тоқтатқан. Жүргізуші мас күйінде жолаушы тасымалдаған, сонымен қатар көлік жүргізуге құқығы болмаған, ол 20 тәулікке қамауға алынды.
– Әрбір адам мұндай сапар қайғылы аяқталуы мүмкін екенін түсінуі керек. Бес ай ішінде өңірде мас жүргізушілердің кінәсінен тоғыз жол-көлік оқиғасы болып, төрт адам қаза тапты, он бір адам жарақат алды. Мас күйде көлік жүргізу фактілерімен күресу – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі міндеттерінің бірі, – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.