«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауызсу құны әртүрлі

Арайлым Бейсенбаева

 araily86@mail.ru

Облыстық әкімдікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Отырыс барысында ауылдар мен елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері, бизнеске арналған жер телімдерін бөлу және инфрақұрылым тарту бойынша жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері және полиция департаментінің жемқорлыққа қарсы қабылданған шаралары баяндалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Сергей Перовтың айтуынша, 2022 жылы табиғи монополиялар субъектілеріне жергілікті бюджеттен 3,5 млрд. теңге субсидия, оның ішінде “Есіл су” кәсіпорнының филиалына 3,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Ауыл тұрғындарын ауызсумен 22 табиғи монополия субъектісі және 180-нен астам дилер қамтамасыз етеді.

– Өңірдің елді мекендерінде ауызсу тарифі әртүрлі. 1 текше метр үшін 40-500 теңге аралығында ақы төлейді. Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы “Буденное-СК” ЖШС-да ауызсудың 1 текше метрін 40 теңге тарифімен сатады. Ал Мамлют ауданындағы жеке тұлға Л.В.Андреева 1 текше метр суды 500 теңгеден саудалап жатыр, – деді Сергей Перов.

Бір елді мекеннің өзінде ауыз-суды әртүрлі бағамен сату фактілері бар. Мәселен, Тимирязево ауылында екі су беруші бар. “Алпаш” ЖШС текше метр суды 125 теңгеден сатса, “Тимирязев элеваторы” ЖШС-да оның құны – 200 теңге.

Департамент жиын барысында сумен жабдықтау саласындағы мүдделі органдардың өзара іс-қимыл алгоритмдерін ұсынды. Онда табиғи монополиялар субъектілерін “тікелей” субсидиялау, сондай-ақ ауызсуды сатумен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірушілерінің және тікелей тұтынушылардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жайы қарастырылған.

Сондай-ақ жиын барысында құқық бұзушылықтың алдын алу жайы талқыланды. Онда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының санын азайту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі сөз болды.

Аталған мәселеге жауапты органдардың баяндамаларын тыңдаған облыс әкімі Айдарбек Сапаров тиісті ведомстволарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Полиция департаментіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді және жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеуді, кадр жұмысын жақсарту, жеке құрамның кәсіби деңгейін арттыруды, тұрақты мониторинг жүргізуді, ең осал лауазымдарды анықтап, дер кезінде шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді өңір басшысы Айдарбек Сейпілұлы.

Сонымен қатар аудандар мен Петропавл қаласының әкіміне полиция басқармасымен бірлесіп, ревизия жүргізіп, жол қозғалысын және техникалық құралдарды ретке келтіруді, жолдардың сапасын, жарықтандыру мен тиісті жол белгілерін тексеруді тапсырды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp