Өңірде жастардың қаржылық сауаттылығын арттыратын тағы бір жоба өз мәресіне жетті. Назарбев зияткерлік мектебінде өткен үш күндік курсқа 30-дан астам оқушы қатысып, қаржы әлемінің сырына бойлады. Жоба елдегі ірі қаржылық компанияның қолдауымен жүзеге асып отыр. Курс барысында балаларға алаяқтарға алданбау жолдары, салық түрлері мен құнды құжаттар туралы айтылды. Бүгінге дейін мұндай курстарда ел бойынша 5400 өрен тәлім алған екен. Курстан алған білімдері жастардың болашақта дұрыс таңдау жасап, ақшаны тиімді жұмсауына әсер етпек. Жастарды табыс табу ғана емес, жеке бюджетті басқару жағы да қызықтырады. Мұнда келгендердің көпшілігі алғаш рет салық жайлы біліп, оны дұрыс есептеу жолдарын меңгерді. Қызылжарлық ұл-қыздарға дәріс оқуға жоба менеджері Үміт Досниязова шақырылыпты.
– Біз мұнда қаржылық сауаттылықтың жылдамдатылған курсын өткіздік. Ақшаның пайда болу тарихынан бастап, қаржы айналымы, бюджетті басқару тақырыптарын қозғадық. Ақша – біздің өміріміздегі басты құндылық емес. Десек те оны дұрыс жұмсай білу өмірімізді жеңілдетіп, мақсатымызға жетуге көмектесетіні анық. Табыс табудың да тәуекелдері бар. Балаларды соларды айналып өтіп, қаржылық пирамидалардың құрбаны болмауға үйретеміз, – дейді курс менторы.
Мұндай курстардан кейін жастардың көбі табыс тауып, капиталын молайту жолдарын қарастырады екен. Олардың ішінде қазірден инвестициямен айналысып, ірі компаниялардың акцияларын сатып алып жатқандары да бар.
Айшагүл ӘШІМОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.