«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Зауыттағы заманауи жобалар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алпыс жылдық тарихы бар “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамы – “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясының құрамына кіретін үлкен кәсіпорын. Көпбейінді өндірістік қуаттылыққа ие зауыт заманауи технологиялық үдерістерді пайдалана отырып, түрлі жабдықтар шығарады. Зауытымыздың өнімдері елімізде ғана емес, сыртқы нарыққа да кеңінен танымал. Кәсіпорын ұжымы тұтынушыларымыздың сенімі мен құрметіне ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізді.

Зауыт бұрындары әскери-өнеркәсіптік кешеннің өнімдерін шығарған. Заман талабына ілесе, дамудың жаңа жолын таңдаған кәсіпорын қиындықты еңсере отырып, өз мақсаттарын жүзеге асырып келеді. Нарықтық экономикадағы бәскелестік пен даму үдерісін таразыға сала отырып, өзіндік бағытты таңдаған кәсіпорын – бүгінде мұнайөнеркәсібі құрал-жабдықтарын жасау ісінде бетке ұстар зауыттардың біріне айналған.

Петропавл ауыр машина жасау зауыты тапсырыс беруші тараптардың талаптарын ескере отырып, ГОСТ, ОСТ, СТРК, ТЕМА, ASME және API стандарттарына сәйкес заманауи технологиялар негізінде мұнай-газ өндіру, мұнай-газ өңдеу, мұнай-химия, химия, газ, энергетика және өнеркәсіптің басқа да салаларына арналған жабдықтарды дайындау бойынша кеңбейінді бағыттарды қамтуда.

“ПАМЖЗ” өндіретін өнімдердің барлығында лицензия бар. 2003 жылдан бері кәсіпорын “ISO9001” мемлекеттік және “ENISO9001” халықаралық стандартының талаптарына сәйкес “TUV CERT” компаниясының сертификатына ие болды.

2006 жылдың шілдесінде американдық инженер-механиктер қоғамы (ASME) кәсіпорынның қысыммен жұмыс жасайтын қазандықтары мен сыйымдылықтарын сапа жүйесі сәйкестігі бойынша сертификаттады. ASME белгісі мен “U” мөртабаны бар бұйымдарды жасауға рұқсат беретін сертификатты алды. 2018 жылы қайта сертификаттау сәтті аяқталып, бүгінде “U” және “R” мөртабандарын еркін пайдаланып жүр.

Ағылшындардың “PFD” фирмасымен және жапондық “JGC” корпорациясымен серіктестіктің арқасында заманауи жылуалмасу және сыйымдылық жабдықтарын өндіру ісін қарқынды дамыту мүмкіндігі мол. Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта құру бойынша “JGC Corporation”-мен, “Теңізшевройлдың” екінші буын зауытын салу ісінде “PFD” – пен келісімшарттар жасап, ASME, TEMA және API сияқты шетелдік стандарттар бойынша жабдықтарды жобалау мен дайындау жаңа сапалы деңгейге көтерілмек.

Петропавл ауыр машина жасау зауыты 1994 жылдан бері темір жолдарды жөндеу және қызмет көрсету үшін шағын механикаландыру құралдарын да шығарады. 2001 жылдан бері француздық “Geismar” фирмасымен жұмыс істейді. Бұл компания – темір жолдарды салуға және оларға қызмет көрсетуге арналған машиналар мен жабдықтар өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Осы серіктестіктің арқасында жолдарды қысқамерзімде жөндеу және қызмет көрсету үшін қажетті жабдықтардың жаңа түрлерін әлемдік стандарттарға сай өндіруге мүмкіндік алдық.

Кәсіпорында аккредиттелген орталық, өлшеу және сынақ зертханасы, өндірілетін өнімнің барлық түрін зауыттың ішінде сынауға мүмкіндік беретін метрологиялық қызмет жұмыс істейді.

Зауыттың мұнай өндірісіне арналған техникалық құрал-жабдықтарын Ресейдің кәсіпорындары 2007 жылдан бері пайдаланады. Ресейлік мұнай компаниялары сертификатталған өнімдердің сапасын жоғары бағалайды.

“ПАМЖЗ” АҚ теміржолдарға керекті жабдықтар мен қосалқы бөлшектер бойынша ауқымды тапсырыстар орындайды. Кәсіпорын жолдарға күрделі жөндеу жүргізуге, жылу электр орталықтары үшін жылу алмасу және энергетикалық жабдықтар жасауға да бейімделген.

Кәсіпорынның өндіріс құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі жоғары. Қазіргі таңда өндіріс цехтары 1300-ден астам жабдықпен қамтамасыз етілген. Соңғы 15 жылда құрал-жабдық паркін жаңарту мен жаңғырту бойынша үлкен үш жоба жүзеге асырылды.

Зауыт әкімшілігі әр тапсырыс иесінің талаптарын ескере отырып, екіжақты тиімділікпен, сыйластықта іскерлік байланыс орнатуға ынталы. “Өзенмұнайгаз”, “Ембімұнайгаз”, “ҚазТрансОйл”, “Қаражанбасмұнай” акционерлік қоғамдары мен “УТТиОС”, “Oil Services Company”, “Қазақтүрікмұнай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты жетекші қазақстандық және шетелдік кәсіпорындарға кен орындарын игеру, мұнай-газ ұңғымаларын бұрғылау және қызмет көрсету үшін қажетті жабдықтарды ұдайы жеткізіп отырады. Ресейлік компаниялардың осындай өнімдерге тапсырыстарын орындайды. Сондай-ақ “Екібастұз ГРЭС-2 станциясы”, “Қазақ газ өңдеу зауыты”, “PetroKazakhstan Kumkol Resources”, “Қазмырыш”, “ҚазТрансОйл” акционерлік қоғамдары және “Атырау мұнай өңдеу зауыты”, “Павлодар мұнай-химия зауыты”, “PetroKazakhstan Oil Products”, “Қазцинк”, “Қазақмыс” корпорациясы”, “Теңізшевройл”, “Емир-Ойл” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен де кәсіпорынның іскерлік байланысы тұрақты.

2023 жылдың 31 мамырында Петропавл ауыр машина жасау зауытына Қытай халық республикасының делегациясы іссапармен келді. Қонақтар кәсіпорынның өндіріс цехтарымен танысқаннан кейін “Chengdu Tang yuan Electric Co., Ltd”, “Beijing Zhizhi Hongyuan Technology Co.Ltd”, “HuaXing Investment Development Group”, “Xizhongxi import and export Co.Ltd”, “Xiamen Xizhongxi Import and Export Trade Co.Ltd” сияқты компаниялардың өкілдерімен ресми кездесу өткізіліп, келіссөздер жүргізілді. Кездесу барысында қытайлықтар зауыттың өндірістік қуатымен, темір жол өнімдерімен, құю өндірісімен және мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдықтарымен танысты. Кездесу нәтижелі болды. Вагондар, электровоздар өндіру, тепловоздарды жаңғырту, электрокарлар, мұнай ұңғымаларын бұрғылауға және жөндеуге арналған агрегаттар өндіру, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру бойынша меморандумына қол қойылды.

“ПАМЖЗ” АҚ-да 400-ден астам адам жұмыс істейді. Еңбеккерлерді ыстық тамақпен тегін қамтамасыз ету қарастырылған. Зауыт өз қызметкерлерінің денсаулығына қамқорлықпен қарайды. Медициналық сақтандыру шарттарын орындап, ұйымның есебінен ақылы клиникаларда тегін медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер алуға мүмкіндік жасалған. Кәсіпорынның кәсіподақ ұйымы зауыт әкімшілігімен бірлесе отырып, еңбеккерлеріне санаторийлар мен курорттық орындарға жолдамалар береді. Мәселен, “Шучье” санаторийіне өндірістік еңбек өтілі көп, зиянды және ауыр еңбек жағдайларында қызмет атқаратын жұмысшыларға жыл сайын 12 жолдама беріледі.

Зауыттың өндірістік ахуалы жылдан-жылға артқан сайын жұмыс қолының жетіспеушілігі бар. Зауытқа темір жонушылар, фрезерлеушілер, слесарьлар, тегістеушілер, CNC станоктарының операторлары керек. Сондай-ақ бас инженердің, жетекші инженер-технологтің, конструктордың, менеджерлердің, жабдықтау жөніндегі маманның, бухгалтер және экономистің бос орындары бар. Жалақы уақтылы беріледі, әлеуметтік төлемдерге кепілдік қарастырылған. Қызметкерлерді ынталандыру бағдарламасы әзірленді, соған сәйкес еңбеккерлердің демалысына қосымша күндер беріледі.

Арман КҰЛМАҒАМБЕТОВ,

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның бас директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp