«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сұранысқа ие кәсіп ашу, бизнес-жоспар әзірлеу, қаржылық сауаттылықты арттырып, салық төлеуді түсіну, табыс табу кәсібін енді ашқан адамға қиынға түсері анық. Осы ретте кәсіп ашамын деушілер алдымен “Бизнес бастау” оқыту курстарына қатысып, бизнес-бастамалар негізін үйреніп жатыр. Оқығанның ұтары көп. Білім алған тұрғындар өз кәсіптерін ашып, ойларында жүрген жоспарларын жүзеге асыруда. Солардың бірі – Александра Коробка. Ол көптен бергі арманы – ойыншықтар дүкенін ашқан.

Александра Коробка жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Облыс орталығының іргесіндегі Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұратын отбасы елді мекендегі нарықты зерделей келе, ойыншық дүкенін ашуға бел буады. Себебі жергілікті тұрғындар балаларына ойыншық сатып алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр. Жас отбасы ойыншықтар дүкенін ашқалы бері жергілікті тұрғындардың жолы қысқарып, қолы ұзарды десек болады. Александра Коробка ауылға қажетті дүкенді ашу үшін “Бизнес бастау” курсынан өтіп, жобасын қорғап, бір миллион теңгеге жуық грант жеңіп алды.

– Курста мамандар бізге басынан аяғына дейін бизнесті қалай ашу керектігін, қандай қолдауға жүгінуге болатынын айтты. Әрекет еттім, кәсібімді аштым. Қазір дүкенімізде ойыншықтың түр-түрі бар. Жазғы маусымда бассейндер, үрлемелі дөңгелектер, су тапаншалары зор сұранысқа ие, – дейді “Коробка” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Александра Коробка.

Өткен жылы Қызылжар ауданында “Бизнес бастау” жобасы бойынша 156 адам кәсіпкерлік негізін оқыған екен. 125 қызылжарлық жалпы сомасы – 151 млн. теңге грант алды. Сегіз адам шағын несие алып, кәсібін ашты. Ал 23 адам қазір қаржыландыру бойынша құжаттарын дайындап жатыр.

– Биыл да грант бөлу жоспарланған. Бүгінгі таңда 12 млн. теңгеге 9 грант бөлінді. Бағдарлама бойынша мал шаруашылығы, автокөлік шеберханалары мен доңғалақтарды жөндеу қызметіне адамдар алынады. Бізде жолаушылар тасымалы, маршруттық автобустар бизнесі де сұранысқа ие. Өйткені бізге аудан ішінде автобус қызметі қажет, – дейді Қызылжар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Жігер Сүлейменов.

Жоба жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экономиканы жандандыруға зор септігін тигізеді.

Айнұр ДОСАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp