«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫН ҒАСЫРДЫҢ ӘН ДІҢГЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл атақты әнші, композитор, ақын Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толады. Алты Алашты әнімен тербеген дауылпаз тұлға Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөлдің маңында дүниеге келген. Бабамыздың ғұмырдариясына терең бойласақ, оның жастайынан білімге, өнерге құштар болғанын, әуелі ауылдан, кейін Қызылжардағы Уәли молдадан білім алғанын білеміз.

Ақан серінің әр шығармасынан өмір жолының қалай өрілгенін бай­қауға болады. Ол әйгілі әнші Біржан салды ұстаз тұтқан. Айналасына әнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, әнші-серілердің бәрімен дос­тасады. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иман Жүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-әншілер Ақанның ең жақын достары болған. Олар серінің әншілік өнерінің жетілуіне әсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, су­рет­керлік талғамын шыңдай түскен.

Ақжігіт Қорамсаұлы – тірі кезінде аңызға айналған тұлға. Ақанның тұл­ғасын кемелдендіре түскен – оның қиын­шылыққа толы өмірі, қилы тағ­дыры. Қазақтың небір ардақтыла­рынікін­дей Ақанның да өмірі тақтай­дай тегіс болған жоқ. Бəтима, Ұрқия сынды жарларынан көз жазып қал­ды, Ақтоқтыдай сүйгенінен, өмірінің қызығы, мəні болған Құлагерінен, құ­май тазысы Базаралысынан, ұшқыр қырандары Көкжендеті мен Қараторғайынан, ең ақырында атақонысынан айырылуы ардақты тұлғаның нәзік жанына жазылмастай жара салды. Бірақ Ақан осындай қиын тағдырын өнерімен жеңе білді.

Қазақ ән кемеңгерлерінің сырлы дүниесін толық меңгерген Ақан сері өзі де дәл солардай шабыт самға­уына көтеріледі. Сөйтіп, Арқаның ән­шілік мектебінің алтын тәжіндей жар­қырайды. Оның әуен-саздары бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір әуен­дерінде терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуа­ғы, сәулесі, қуаты, шері мен шаттығы қат-қабат өріліп жатады. Музыка зерттеушісі Ілия Жақанов бір еңбе­гінде: “Ақан серінің әндерінде цикл-цикл болып келетін белгілі бір жүйелі­лік, заңдылық байқалады. О баста, жастық, бозбалалық дәуренінде шы­ғарған махаббат әндері, алғашқы ын­тық ғашық жырлары – қос Бәтимаға жолдаған әндері, мәңгілік ма­хаббат арманы мен сағыныш әлдиіндей Ақ­тоқты циклы, Сырымбеттегі үш сұлу перизат: Ұрқия, Жамал, Үрімдерге арналған “Сырымбет”, “Үш тоты құс”, “Жа­мал”, өмірбақи арман-үнінің қа­наты болған тұлпарлары туралы “Салқоңыр”, “Көкалатай”, “Маңмаң­гер”, “Телқаратай” әндері жаныңды жадыратады”, – депті. Иә, әншінің шабытын шырқау биікке шарықта­татын қыран құстарын ардақтаған “Көкжендет” пен “Қараторғай” әндері туды. Жастық шалқуы мен жан таза­лығы, сұлулық тәңірі һәм өмірге ің­кәр­лік өрнектелген “Шәмсиқамар”, “Райхан гүл”, “Нәзік бел”, “Балқа­ди­ша”, “Көк көбелегі”, азаматтық өмір­тану парқын зерделейтін “Майда қо­ңыр” секілді әндері – ақындық, әншілік құдіретін ашатын дүниелер ғой. “Ақан сері – осы қалпымен, осы сипа­тымен Сегіз серіден де, Біржан салдан да бөлекше үн қататын өзге­ше сырлы әлем, шырқау самғаған ән сұңқары”. Бұл – Ілия ағамыздың берген бағасы. Алаштың ардақтысы бүкіл қазақтың ән өнерін даңққа бөлеп әлеуеттендірді, әуездендірді, биіктетті һәм тереңдетті.

Көбіміз Ақан серінің қасиетті Қызылжар топырағында дүниеге келгенінен хабардар болсақ та, оның қилы тағдыры жайлы біле бермей­міз. Мұндай мәліметтер мектеп оқу­лықтарында да жоқтың қасы. Асыл тұлғаның бірінші әйелі Бәтимадан жал­ғыз тұяқ – Ыбан (Ыбырайым) дү­ниеге келеді. Ақан серінің өзі оған жазу-сызу үйреткен. Бәтима дүние­ден өткен соң, аз күн отасқан әйелі Ұрқия Тінәліқызына Ақан сері “Хат жаз­дым қағаз алып, қалам, сия” де­ген өлеңін арнаған. Ақан серінің тірі­дей айырылған нақ сүйері – Ақтоқты. Бұл – аңызға айналған оқиға. Ақтоқ­ты есімі Ақан серінің шығармала­рынан кең орын алды. “Ақ көйлек”, “Аужар”, “Алтыбасар”, “Ғашық жар­ға”, “Тағрипың” – Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары.

Ақан өмірінің де, ынтызар жүрек шерінің де шынайы шындығы оның тар жерде тіліменен бал берген ғашық жардың өзінен шынымен көңіл суытып кеткеніне шамырқанып айтқан: “Сарымида басыңды кесіп алып, Даулассамшы өмірде құның­менен” деген налалы сөздерінде жатыр. Бақыт пен сордың дәмін алма-кезек, толассыз үдемелей тат­қан Ақан әндерінің арғы пәлсапа­сында дала даналығы жатқандығы даусыз. Қасіреті қаншалықты қалың­дай түссе де: “Дәуренді мендей сүр­ген кім бар екен, сонда да қызығыңа бір қанбадым”, – деп фәниді бақиға айырбастағысы келмейтін құштар сезімді ақынның “Шырмауық”, “Әу­дем жер” әндерінде өміртүйіндік ой жи­нақтауы далалық дана ойшыл мі­незді, парасат пен имандылық иірім­дерін білдірсе керек. Осы тұрғыдан да қазақтың классикалық ән үрді­сінде Ақан сері оқшау тұрған дара құбылыс екендігін сонау Мағжаннан бастап Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жан­сүгіров, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұ­банов сынды жампоздардың бәрі айтып өткен болатын.

Ақан Құлагерін дүниенің бар бай­лығынан артық көрді. Сағы­най­дың асындағы аламан бәйгеде Құ­лагер кісі қолынан мерт болды. Құ­лагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған.

Өмір соққысын көрген Ақан сері бір шығармасында “Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсе шамаң”, – дейді. Ел ара­лауды сиретіп, бойын бағуды ой­лайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ Ақан сері өмірден де, өнерден де қол үзбейді. “Өнерді бойға біткен іркіп болмас”, – деп қарайды.

Мен Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжіне оқуға түскен кезде халық композиторлары әндерінен алғаш рет Ақан серінің “Балқадиша” әнін үйренген болатынмын. Оны ма­ған өңірімізде тұңғыш рет дәстүрлі ән сыныбын ашқан, “Ыбырай Ал­тын­сарин” төсбелгісінің ие­гері, ұстазым Жанат Айтбаев үй­рет­ті. Көп орын­даушылар, әнсүйер қа­уым “Балқа­диша” әнін орындау же­ңіл деп ой­лайды. Шын мәнінде олай емес. Әннің барлық талаптарын сақ­тай отырып шырқау – қиынның-қиыны. Бұл туралы алдыңғы буын ағалары­мыздың бірі, атақты әнші Қайрат Байбосыновтың өзі айтушы еді.

Ақан серінің ақындық мұрасын идеялық-тақырыптық жағынан екі топ­қа бөлуге болады. Алғашқысы, ма­хаббат, аңшылық, саятшылық бол­са, екіншісі, өзі өмір сүрген заманның ащы шындығын жырлаған шығарма­лар. Ол қалдырған мұраның бəрі – жүрек отының жалынындай терең толғаныстардан туған туындылар. Оның поэзиясы – адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл поэзия. Əрбір сөзі азамат басына төнген қалың қара бұлттың тыныс тарылтар қапырығы ғана емес, нөсер жауын алдындағы жан жадыратар аспанның ақша бұлтта­ры. Мұндай қасиеттер, ең алдымен, ақынның ғашықтық лирикаларына тəн. Көрнекті айтыс ақыны болған Ақан сері атақты Орынбай, Нұркей, Нұрқожа сынды ақындармен сөз сайысына түскен деседі.

Атамыздың артында қалған мол мұрасы қазақ халқы үшін үлкен азық деп білемін. Өмірімен байланысты бізге жеткен “Құлагер”, “Қараторғай”, “Сырымбет”, “Мақпал”, “Маңмаңгер” тағы басқа көптеген әндері бар. Ерекше туындыларының бірі – “Пер­уайым”. Жалпы Ақан парсы-шаға­тай, орыс тілдерін жетік меңгерген. Сондықтан көптеген әндерінде осы сынды ара­лас сөздер қолданылады. “Перуа­йым” – орыстың “первая” деген сөзі болар. Ақан атамыз алғаш­қы махаббатын есіне алып, есіл әнге салса керек. Қазақ музыка тарихын­дағы “алтын ғасыр­дан” бері қарай Ақан әндері өрісін ке­ңейтіп, атадан балаға мирас болып, бүгінге дейін айна қатесіз, ең бас­тысы, бұрма­лау­сыз орындалып ке­леді. Жас буын­ның репертуарынан сал-серілердің әндерін кездестір­генде көңіліңнің түкпіріне мақтаныш сезімі ұялайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс­тық филармонияға Ақан сері ата­мыздың есімі берілді. Біз бұл жағым­ды жаңалыққа қатты қуандық. Бұл жұмыстың алғы шебінде есімі өңірі­мізге белгілі дәстүрлі әнші Біржан Есжановтың тұрғанын айтып өткен жөн. Биыл оның ұйымдас­тыруымен филармонияда Алаш ардақтысының туғанына 180 жыл толуына орай “Арқаның ардагері – Ақан сері” атты концерт өтті. Дәл осындай әуезді кеш жылдың басын­да Саумалкөлде де ұйымдасты­рылды. Алдағы күзде республика­лық дәстүрлі әншілердің конкурсы өтеді деп жоспарлануда. Осынау мерейлі датаға орай филар­мония жанынан Ақан серінің ескерт­кіші ашылса деген тілегіміз бар. Өңі­ріміздегі зиялы қауым өкілдерінің бұл ұсынысы қолдау тапса, Алаш­тың ардагері, қазақтың классикалық му­зы­касының негізін салушылардың бірі, алтын ғасырдың ән діңгегі, ұлы композитор һәм асқақ әнші Ақан сері Қорамсаұлының аруағы бір аунап түсер еді.

Еркебұлан ҚАРЫПОВ,

дәстүрлі әнші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp