– Жарасбай Қабдоллаұлы, бүгінде өңіріміз, тіпті еліміз десек те болады, қазақтың ақиық ақыны, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын атап өтуде. Осы айтулы оқиға қарсаңында өзіңіздің басшылығыңызбен шығып келе жатқан “Мағжан” журналы туралы әңгімелессем бе деп едім. Алайда осы тақырыпқа ойыспас бұрын, жалпы сіз Мағжан әлеміне қалай келдіңіз? Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы сізді несімен баурады? Осы жайында сұрасам ба деп отырмын.
– Мен Мағжанның атын алғаш рет 1972 жылы естідім. Әскер қатарынан оралып, редакцияға қызметке орналасқаннан кейін отбасыммен Қызылжардағы Куйбышев (қазіргі М.Әуезов) көшесіндегі жекеменшік үйдің бір бөлмесін жалдап тұрдық. Кейін үй иелерімен жақынырақ танысып, дастарқанымыз араласа бастаған күндердің бірінде сол шаңырақтың келіні: “Қазақта Мағжан деген бір керемет ақын болыпты. “Халық жауы” ретінде атылған” дейді. Менің атам сол кісімен Омбыда бірге оқыпты, дос болыпты”, – деп бұрын естімеген бір әңгіменің шетін шығарды. Газетте істегендіктен мені қызықтыра ма деп айтып отырғанын түсіндім.
Кешікпей Мағжан Жұмабаевтың есімі тағы да алдымнан шықты. Өзімнің бастығым, ол кезде қазіргі “Soltüstık Qazaqstan” газеті “Ленин туы” деп аталатын, совет құрылысы бөлімінің меңгерушісі Мұхаметқали Нұрғожин көңілі түссе көлдей адам еді. Сол кісі бір күні өзінің 1936 жылы Петропавлдағы мұғалімдер даярлайтын техникумда оқығанын, сол кезде Мағжан Жұмабаевтың орыс тілінен сабақ бергенін айтып қалды.
Редакцияның қым-қуыт өмірі, күнделікті қарбалас не нәрсені болсын ұмыттырып жібереді. Осылай күн артынан күндер өтіп жатты.
… 1986 жылдың желтоқсан айының 15 жұлдызында мен бір топ партия қызметкерлерімен бірге Алматыға келдім. Ол кезде бізді ара-тұра Жоғары партия мектебіне бір айлық курсқа жіберіп тұратын. Сабақ 17-сі күні басталуға тиіс. Оған әлі екі күн бар. Жатақханаға орналастым да, амандық білейін деп осында тұратын ұстазым Сейтен Сауытбековтің пәтеріне телефон шалдым. Секең менің Алматыда екенімді естуі мұң екен, “үйге кел, үйге келдің” астына алды. Ұстазым ол кезде Пушкин атындағы орталық кітапхананың сирек әдебиеттер бөлімінде істейтін. Көп әңгімелестік. Ауыл жақты сағынып қалса керек, бәрін сұрап шықты. Осылай уақыттың қалай тез өтіп кеткенін аңғармай қалдық. Мен “қас қарайып барады, қайтайын”, – деп рұқсат сұрадым. Сол кезде ол жазу столының суырмасын ашып, мәшіңкеге басылған бірнеше парақты маған ұсынды. “Естуің бар ма, қазақтың Мағжан Жұмабаев деген керемет ақыны болған, өзі біздің жерлесіміз, 1938 жылғы қуғын-сүргінде атылып кеткен. Әлі ақталған жоқ. Соның біраз еңбегі қолыма түсіп, аударып едім. Мынау “Батыр Баян” деген поэмасы сенде болсын, күні туғанда елдегілерге ұсынарсың”, – деді.
Шыны керек, осыдан кейін де мені Мағжан тақырыбы аса қызықтыра қойған жоқ. Оған бірден-бір себеп – сол кездегі жұмысбастылығым болды ғой деп ойлаймын. Бірақ неге екенін өзім де түсіндіре алмаймын, Мағжан менің алдымнан қайта-қайта шыға берді.
Кешкілік жұмыс орнымда отыр едім, телефон шылдыр ете түсті.
– Сәлеметсіз бе, бұл Едіге Қайырбеков деген қазақ, – деді трубканың ар жағындағы адам.
– Ассалаумағалейкум, – деп сәлем бердім. Ол кісіні сырттай білуші едім. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқарма бастығының орынбасары болып істейтін, әскери шені – полковник.
– Ертең уақыт тауып, маған келіп кетпейсіз бе? – деді Едікең сыпайы ғана. Көп ойланған жоқпын.
– Таңертең келемін, – дедім.
Трубканы орнына қойғаннан кейін “Бұл кісі мені неге шақырды екен?” – деп ойланып қалдым.
Таңертең жұмыс күні басталысымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасының табалдырығынан аттап, өзімнің полковник Едіге Қайырбековтің шақыруымен келгенімді айттым. Кезекші офицер ішкі телефонмен басқарма бастығының орынбасарымен байланысты да: “Жүріңіз, ол кісі күтіп отыр”, – деді.
Едіге Қайырбековті сыртынан талай рет көргенмін. Бойшаң, кескінді кісі, тіп-тік жүреді. Орнынан тұрып, жылы шыраймен қарсы алды.
– Сіз мені танымайтын шығарсыз. Мен Керекудің азаматымын. Біз сізді білеміз, үйдегі жеңгең де жазғандарыңызды оқып жүреді, – деді де ол алдында жатқан папкаға қол созды. – Мағжан Жұмабаевтың ақталғанын білесіз ғой, мынау – сол кісінің ісі. Мүмкін қызықтырар деп шақырып отырмын, – деді. Мен бірден келісімімді бердім.
– Бұл істі әлі ешкім қолына ұстаған жоқ, сыртқа шығаруға болмайды, осында қарайсыз.
– Жақсы.
Содан бір аптадай Мағжан ісінің үстінен түспедім десем де болады. Біраз жайды қойын кітапшама түртіп алдым. Аптаның соңында Едікеңе кіріп, Мағжан ісімен танысып болғанымды айттым. Ол кісі мені ескі таныстай жылы шыраймен қарсы алып, біраз әңгімелестік. Байқағаным, әдебиеттен хабары мол екен. Қоштасарда: “Көп созбауға тырысыңыз, қазір жұрттың бәрі жапа-тармағай жазады ғой, шындық сіздің қолыңызда, соны халыққа тезірек жеткізіңіз”, – деді.
Хош, сонымен өзім апта бойы әрі ақтарып, бері ақтарып, көңілге түйгендерімді, қойын кітапшама түсіріп алған жайларды тағы бір ой елегінен өткізіп, мазасыз күй кештім. Кеудемді бір мақтаныш кернейді. “Араға жылдар салып, халқына қайта оралған аяулы ақын өмірінің шындығын мен ғана білемін. Тезірек жазуым керек”. Бірақ қаламым жүре қоймады. Түсініксіз жайлар көп.
Ақыры не керек, ақын өміріне қатысты өзіме мәлім жайларды өзек ете отырып, көлемді мақала жаздым. Ол “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінде жарияланды. Менің Мағжанға қызығушылығым осылай басталды. Бұл кезде басқалар да Мағжанды іздей бастаған еді. 2006 жылы қазақ және орыс тілдерінде “Мағжан” деп аталатын екі кітап құрастырып, оқырмандарға ұсындым. Кейін әр жылдары жазылған эсселерімнің басын құрап, “Сөнбейтін шырақ” деген кітап шығардым.
– Сіздің “Мағжан әлемі” деген кітабыңызды оқып едім…
– Ол кітап баспадан 2009 жылы шықты. Мағжан ақталғаннан кейін қаламгерлердің үлкені бар, кішісі бар – бәрі жарысып жаза бастады ғой. Газет-журналдарда жарық көрген ондай дүниелердің уақыт өте келе көмескіленіп, көзден таса болатыны анық. Соны ескеріп, Мағжан туралы естеліктерді жинастырып, іріктеп, кітап етіп шығаруға ұйғардым. Бұл еңбегімді оқырмандар, олардың арасында Әбіш Кекілбаев, Жабайхан Әбділдин, Дүкенбай Досжан, Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Нұрғожа Ораз, Қойшығара Салғара сынды, айта берсем, толып жатыр, белгілі тарихшылар мен әдебиетшілер де бар, жылы қабылдады.
– Мағжан туралы біраз кітап шығарыпсыз, бір кісіге аз еңбек емес деп ойлаймын.
– Бес кітап. Еліміз аяулы ақынының 125 жылдығын тойлап жатқан күндері “Мағжан Жұмабаев” энциклопедиясының тұсауы кесілген болатын. Мағжан туралы ең сүбелі еңбегім де осы басылым деп ойлаймын. Оны дайындап, жарыққа шығаруға он жылдай уақыт кетті.
– Сіз қалай ойлайсыз, Мағжанды ел танып болды ма?
– Бірауыз сөзбен “иә” деуге болатын сияқты. Дегенмен бұл орайда әлі атқарылмаған, кезегін күтіп тұрған істер де аз емес. Күні кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қасиетті Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында адалдық мәселесіне ерекше екпін бере сөйлегенін білесіз. Біз адалдықты Мағжанның бойынан іздеуіміз керек. Бүгінгі жастар Мағжанға қарап ой түзесе, елін, жерін Мағжан сияқты сүйсе, ұлтына адал қызмет етсе, өркениетке барынша жақындай түсер едік.
Біз “Мағжан қазақтың ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің мақтанышы” дегенді жиі айтамыз. Шын мәнінде солай. Мағжанның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркияға жол түсіп, Анкара қаласындағы ақын ескерткіші қасында өткен шараға қатыстық. Бұл жерде бұрын да болған едім. Сол жолы белгілі әнші Нұрлан Өнербаев, мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшынбаев үшеуміз осы ескерткішті жарты күн іздеп, әзер тапқан болатынбыз. Сонда елеусіздеу жерде күтімсіз тұрғандай көрінген. Сол жерді тағы да танымай қалдым. Түрік бауырларымыз жайнатып жіберіпті. Ескерткішті жаңғыртып, маңайына өрнектастар төсеп, әп-әдемі саябақ жасапты. Ең бастысы, мерекелік шараға халық өте көп жиналды. Алаң үстінде Мағжанның жырлары қалықтады. Әсіресе он жасар сәбидің Мағжанның “Мен жастарға сенемін” деген өлеңін қазақ, түрік тілдерінде саңқылдата орындағаны жиналғандарға ұмытылмастай әсер сыйлады. Кейін осындай шара Өзбекстанның астанасы Ташкентте де ұйымдастырылды. Онда да халықтың Мағжанға деген шынай сүйіспеншілігінің куәсі болдық. Десек те Мағжан есімі, оның жырлары әр қазақтың бойтұмарына айнала қойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Мағжанның халқына қайта оралуы, қазіргі қоғамға сіңісуі жеңіл жүріп жатқан жоқ.
Біз сөз жүзінде бәріміз Мағжанға тәнтіміз, жанымызға жақын көреміз, ал іс-әрекетіміз, қылығымыз оның табиғатымен үйлеспейді. Бір ғана мәселені алайықшы, Мағжан сәби шағынан кітапқа құмар болды, өзіне не керектің бәрін содан тапты. Ал қазіргі балалар кітап оқудан қалып барады. Ар жағы түсінікті ғой?!
– Солай екен деп шарасыздыққа салынып отыра алмайтын шығармыз?
– Әрине. Тағы да Президентке жүгінгім келеді. “Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында. Бұдан туатын қорытынды – біз жастарымызды ел тарихында ойып алар орны бар ұлы тұлғаларымыздың өнегесінде тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарымызды бір сәтке де бәсеңдетпеуіміз керек.
– “Мағжан” журналының мақсаты да осы емес пе?
– Мағжандай алыптың жаратылысының, болмыс-бітімінің, талантының қатпар-қатпар құпия-сырлары – бүгінгі буынды да, келер ұрпақты да қызықтыратын құнды қазына, сарқылмайтын байлық. Олай болса, осы дүниелерді шашыратпай, жоғалтпай халыққа ұсыну – Мағжан әлемінің көкжиегін кеңейтуге қызмет ететін игілікті іс деген оймен журнал шығаруды қолға алған едік. Оның алғашқы саны 2007 жылы қаңтарда жарық көрді. Көпшілік бұл жаңалықты өңіріміздің әдеби-мәдени өміріндегі елеулі оқиға деп бағалап, сүйіншілегені есте. Алайда, шығармашылық ұжым қаржы тапшылығынан құлашты кең сермей алмай, 9 саны ғана қолына тиген оқырман қауым сүйікті басылымынан көз жазып қалғаны тағы бар.
– Шын мәнінде “Мағжанға” қаржы табылмады ма, әлде, басқа да себептері болды ма?
– Сөздің шыны, жүре-жүре Мағжанды маған қиғысы келмейтіндердің бар екенін байқадым. Бірде Қызылжардан Астанаға Кәкімбек ағамызбен (Салықов) бірге қайттық. Ол кісімен танысып, араласа бастағанымызға едәуір уақыт болған. Көпті көрген, үлкен қызметтердің құлағын ұстаған сұңғыла адам ғой, көбіне сол кісі сөйлейді де, мен тыңдаушымын. Осылай әңгіме көрігін қыздырып келе жаттық. Бір кезде Кәкең, күтпеген жерден, “Мағжан” журналы туралы сұрады. Мен журналдың шығып жатқанын, таралымға, қаржыландыруға байланысты қиындықтар да бар екенін айттым. Кәкең көп ойланбастан, “Сол журналды қайтесің, елдегілердің біреуіне бере салмайсың ба?” – деді. Осындай сауалға менің де жауабым дайын еді. “Аға, бұл журнал өңірлік басылым болып қалмауы керек, бүкіл елге таратуымыз керек, ал бұл жақта ондай күш жоқ қой”, – деп қысқа қайырдым. Кәкең үндемей қалды. Өз сөзі емес, біреулер айтқызып отырғанын түсіндім. Шынында да, солай болып шықты. Кәкеңді буынсыз жерге пышақ ұруға итермелеп отырғандар журналды басқа атаумен тіркетіп қойғандары кейін белгілі болды. Осылай. Мағжанның халқына қайта оралуы қандай қиын болса, журналдың да жолы жеңіл болып жатқан жоқ.
Жалпы мен өмірде жеңіл жолды іздеген адам емеспін. Осыдан кейін тіпті ширығуға, намысты қамшылауға тура келді. Сөйтіп, журналдың тұсауы екінші рет кесілді. Шара Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, қоғам, өнер қайраткерлерінің, астаналық зиялы қауым өкілдері мен студент-жастардың қатысуымен елордадағы Ұлттық кітапханада өтті. Маған әсіресе Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтахановтың: “Тәуелсіздік алғаннан кейін біз тарихымыздағы ақтаңдақтарды ақтарып, бұрын белгісіз болып келген тұлғаларымызды, хандарымызды, көсемдеріміз бен шешендерімізді, небір дүлдүл ақын-жазушыларымызды тауып, танып жатырмыз. Солардың бірі де бірегейі – Мағжан Жұмабаев. Біздің ұрпақ қазақтың ұлы ақыны, ұлт тағдырының жыршысы Мағжан Жұмабаевты, әрине, білген жоқ. Демек, “Мағжан” журналының жарыққа шығуы – бұл еліміздің әдеби-мәдени өміріндегі айтулы оқиға, бүгінгі ұрпаққа жасалып отырған үлкен қамқорлық, Мағжан бір аймақтың ғана ұлы емес, бүкіл ұлттың, керек десеңіз, күллі Түркі әлемінің перзенті, сондықтан жаңа журнал республика жұртшылығының игілігіне айналуға тиіс”, – деген сөздері ұнады. Тұсаукесерге Кәкімбек ағамыз да келді. Ол кісі қолға алған игілікті шара ұзағынан сүйіндірсін дей келіп, журналдың көлемін әлі де қалыңдата түсу, еліміздің барлық аймақтарына таралуына күш салу қажеттігін баса айтты. Мәжіліс депутаты, белгілі қаламгер Алдан Смайыл, Назарбаев университетінің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күлтас Құрманбай жаңа басылымның Мағжан мұрасын зерттеп, зерделеумен бірге жас таланттардың шығармаларын жариялай отырып, қанаттарының қатаюына көмектесетініне сенім білдірді. Сол сияқты филология ғылымдарының докторы, ғалым Серік Негимов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының жетекшісі Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының докторы, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай басқа да азаматтар қалың оқырманымен қайта қауышып отырған “Мағжан” журналына ізгі тілектерін білдіріп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Сөз кезегі келгенде мен де басылым алдағы уақытта Мағжанның шығармашылығымен, өңірлік ауқыммен ғана шектеліп қалмайтынын, ел өнеріне, мәдениетіне қатысты мәселелер де кеңінен қамтылатынын, әсіресе жастар шығармашылығына үлкен орын берілетінін, журналды ел аумағына тарату мақсаты тұрғанын алға тарттым.
– Журналдың қазіргі жағдайы қалай?
– Қазір мерзімді басылымдардың көпшілігі әупірімдеп қалды ғой. Бізде де кеуде ұратындай жағдай жоқ. Дегенмен журналдың танымалдығын арттыру, беделді авторларды тарту, өзекті мәселелерді көтеру бағытында біраз істер тындырылды. Көзі тірісінде Әбіш Кекілбаев, Герольд Бельгер, Кәкімбек Салықов, Нұрғожа Оразов секілді ағаларымыздың өз шығармаларын журналға қуана-қуана ұсынғаны ұмытыла қойған жоқ. Қазір журнал еліміздің барлық облыстары мен қалаларына тарайды. Әрине, оқырмандар қатарының қалың болғанын қалаймыз. Осы мақсатпен еңбек ұжымдарына, ауылдарға шығып тұрамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.