Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай “Ұлтын сүйген ұлы жүрек – Мағжан” атты көрме өтуде. Оны тамашалаған жерлестеріміз бен қала қонақтары ақынның қилы өмірі мен бай шығармашылық мұрасына қанығуда.
Өркениеттің өріне шыққан халық Мағжан секілді ақындарының шығармашылығын ғана емес, өнегелі өмірін, тағылымды тағдырын, қоғамдық істері мен әрекеттерін, атқарған қызметін де жетік білуі керек. Сонда оның азаматтық, адамгершілік қырлары да ашыла түседі. Ардакүрең ақынның жырлары ұлтының тағдырына шырылдап, болашағына қатты алаңдап жазылғанын халық жақсы біледі.
Көрме сөресіне ақынның өмір жолына қатысты құнды құжаттар қойылыпты. Мәселен, Мағжанның Омбы мұғалімдер семинариясында, Мәскеудің Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқығанда берілген куәліктерінің көшірмесі де бар. Оларды ақынның ұстағанын, қол қойғанын көріп, түйсінген жан бейжай қарай алмайды. Ал “анкета арестованного”, “протокол допроса” деген сияқты құжаттар сезімді жанды селк еткізіп, адамның тұла бойын түршіктіреді.
Ақынның шығармашылығына қатысты сөрелерден де жастар өздеріне көптеген жаңалық табады. Мұнда Мағжанның 19 жасында Қазандағы Кәрімовтердің баспасынан шығарған тұңғыш өлеңдер жинағы “Шолпанның” да көшірмесі қойылған. Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытовтардың Мағжан шығармашылығына қатысты пікірлерін де оқуға болады. Олардың біразы төте жазумен кезінде “Қазақ” газетіне жарияланған.
Мағжанның шоқ жұлдызы жарқыраған сүбелі шығармасының бірі – “Батыр Баян” поэмасы. Ақын ақталғаннан бері осы поэма еліміздің бірнеше рет кітап болып басылып шыққан. Көрмеге оның біразы қойылыпты. Келушілер Жұмабаевтар отбасының шежіресімен де таныса алды. Ақынның отбасында 7 ұл және 2 қыз болған. Мағжан – ата-анасының үшінші перзенті. Экспонаттар қатарында ақынның жайнамазы, келініне сыйға тартқан ыдысы да бар.
– Біз ақынның шығармашылығы мен оқу оқыған кездеріне баса мән бердік. Мағжанның портретін тұтас бір қабырғаға ілуді жөн көрдік. Бұл суреттің де өзіндік мәні бар. Көрмені тамашалаушыларды ақын пайдаланған ыдыс-аяқтар, жұмыс істеген үстелі мен орындығы қызықтырды, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Меруерт Тілекова.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.