«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕГІНДЕ ЕЛДІҢ ОТ БОП МАЗДАҒАН

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Тек Қызылжар жұртын ғана емес, барша қазақ елін дүбірге бөлеген Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы ақынның туған өлкесінде ерекше аталып өтілуде. Мерейлі күнге орай қазақтың қабырғалы қаламгерлері мен қаламы қуатты ғалымдарының басы облыс орталығында түйісті. Олар “Мағжан Жұмабай – Тұран өркениеті мен Алаш идеясының ұлы жыршысы” атты халықаралық конференцияда бас қосты. Шара қонақтары, ең алдымен, ақын ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, тағзым етті. Кейін “Мағжанның тарихи мұрасы” атты көрмені тамашалады. Ғылыми жиынға есімі елімізге белгілі ақын-жазушылар, мағжантанушылар, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

Шараны жүргізген жазушы, журналист, мағжантанушы Жарасбай Сүлейменов Мағжан Жұмабаев поэзиясының әдебиетіміздегі орны мен ақын тұлғасының тарихи маңыздылығына тоқталды.

Қызылжар жұртын осынау айтулы күнмен құттықтаған облыс әкімі Айдарбек Сапаров жыл басынан бері өңірде өтіп жатқан рухани, мәдени шараларға шолу жасады.

– Қадірлі меймандар, Солтүстік Қазақстан облысына қош келдіңіздер! Аққайыңдарымен ажарлы, ән жырымен базарлы қасиетті Қызылжар топырағы – талай дарындарды баптап топқа қосқан киелі мекен. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Бүгінде Қызылжар өңірін Мағжан тұлғасынсыз елестете алмаймыз. Кемеңгер ақынның мерейтойына орай сан алуан мәдени шаралар өтті. Мұның бәрі ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталып отыр. Мағжанды тану жұмысы одан әрі жалғаса береді. Көрнекті тұлғаларды ел жадында жаңғыртып, есімін ұлықтау – біздің парызымыз, – деді өңір басшысы.

Кейін жиналғандарға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау хаты оқылды.

“Сіздерді ұлтымыздың ұлы ақыны, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған алқалы жиынның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мағжан – асқақ романтизм, нәзік лирикасымен тұтас түркінің жүрегіне ерлік пен өрлік рухын құйған қайталанбас қаламгер. Баршаңызды алаш идеясының ұлы жыршысына айналған ардақты ақынның мерейтойымен құттықтаймын!” – делінген құттықтауда.

Құттықтаулар легін ақын, Түрксой жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жалғап, қызылжарлық қауымға күллі түркі жұрты қаламгерлерінің алғысын жеткізді. Өз сөзінде ол Мағжанның бауырлас елдердің біртұтастығын көрегендікпен жырлағанын айтты.

Салтанатты сәттен кейін ғалымдар тақырыпқа сай баяндамалар жасап, өз ұсыныстарын жеткізді. Жиналғандар ақынға елордада ескерткіш орнату, шығармаларын жинастыру, басып шығару сияқты мәселелерді көтерді. Мағжан өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер де көп ортасына тасталды. Шара қонақтары биылғы мерейтойдың Мағжан тұлғасын танудағы жаңа баспалдақ болатынын айтты. “Мағжан Жұмабай – Тұран өркениеті мен Алаш идеясының ұлы жыршысы” атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген бірқатар қаламгер мен ғалымдардың баяндамаларын газетіміздің 5-6 беттерінен оқи аласыздар.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp