«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлтын сүйген ұлы жүрек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай “Ұлтын сүйген ұлы жүрек – Мағжан” атты көрме өтуде. Оны тамашалаған жерлестеріміз бен қала қонақтары ақынның қилы өмірі мен бай шығармашылық мұрасына қанығуда.

Өркениеттің өріне шыққан халық Мағжан секілді ақындарының шы­ғар­машылығын ғана емес, өнегелі өмірін, тағылымды тағдырын, қоғамдық істері мен әрекеттерін, атқарған қыз­метін де жетік білуі керек. Сонда оның азаматтық, адамгершілік қыр­лары да ашыла түседі. Ардакүрең ақынның жырлары ұлтының тағды­рына шырылдап, болашағына қатты алаңдап жазылғанын халық жақсы біледі.

Көрме сөресіне ақынның өмір жо­лына қатысты құнды құжаттар қойы­лыпты. Мәселен, Мағжанның Омбы мұғалімдер семинариясында, Мәскеудің Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқығанда берілген куәліктерінің көшірмесі де бар. Олар­ды ақынның ұстағанын, қол қойғанын көріп, түйсінген жан бей­жай қарай алмайды. Ал “анкета арес­тованного”, “протокол допроса” деген сияқты құжаттар сезімді жанды селк еткізіп, адамның тұла бойын түршіктіреді.

Ақынның шығармашылығына қатысты сөрелерден де жастар өз­деріне көптеген жаңалық табады. Мұнда Мағжанның 19 жасында Қазандағы Кәрімовтердің баспасынан шығарған тұңғыш өлеңдер жинағы “Шолпанның” да көшірмесі қойыл­ған. Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытовтардың Мағжан шығармашылығына қатысты пікірлерін де оқуға болады. Олардың біразы төте жазумен кезінде “Қазақ” газеті­не жарияланған.

Мағжанның шоқ жұлдызы жарқыраған сүбелі шығармасының бірі – “Батыр Баян” поэмасы. Ақын ақтал­ғаннан бері осы поэма еліміздің бірнеше рет кітап болып басылып шыққан. Көрмеге оның біразы қойылыпты. Келушілер Жұмабаевтар отбасының шежіресі­мен де таныса алды. Ақынның отбасында 7 ұл және 2 қыз болған. Мағжан – ата-анасының үшінші перзенті. Экспонаттар қатарында ақынның жайнамазы, келініне сыйға тартқан ыдысы да бар.

– Біз ақынның шығармашылығы мен оқу оқыған кездеріне баса мән бердік. Мағжанның портретін тұтас бір қабырғаға ілуді жөн көрдік. Бұл суреттің де өзіндік мәні бар. Көрмені тамашалаушыларды ақын пайдалан­ған ыдыс-аяқтар, жұмыс істеген үстелі мен орындығы қызықтырды, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Ме­руерт Тілекова.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp