«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАННЫҢ ЖЫРЫ — МӘҢГІЛІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жырға құмар қызылжарлық қа­уым соңғы бес жылдан бері жыл са­йын айтыс өнерін қызықтап келеді. Жылда өңірімізде облыстық, республикалық, халықаралық дең­гейдегі бірнеше айтыстың өтуі дәстүрге айналған. Қалың жұртшы­лықтың да төл өнерге деген өзіндік ықыласы оянып, талғамы қалыптасқан. Әуел­де көңілде әлдебір алаңмен келетін жыр жүйріктері бүгінде мұнда ат ізін жиі салады. Аузымен құс тістеген дүлділдерді көруге де осындағы ағайынның көзі үйренген.

Әдетте айтысты өткізуге әлдебір мерейлі күн себеп болып жатады. Ол бір мереке немесе белгілі тұлғаның ту­ған күні болуы мүмкін. Қызыл­жарда мерейтойы атап өтілетін ондай ақын да, батыр да, жазушы да аз емес. Тіпті бір жылда бірнеше тұл­ғаның мерей­тойы қатар келіп, әдеби шаралардың бірінен соң бірі өтіп жататыны – жал­ған емес. Ал биылғы айтыстың өту себебі тіптен бөлек. Мағжан­дай ұлт мақтанышының мерейтойы жыл сайын келіп жатқан жоқ. Ақын­ның 130 жылдығына орай өткен ха­лықаралық айтысқа ұйым­дасты­рушылар “Тұранның тұғырлы тұлға­сы” деген ат беріпті.

Сөз сайысына ел өңірлері мен Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Моң­ғо­лия­дан 16 ақын қатысты. Олардың өнеріне төл өнеріміздің қара нары Жүрсін Ерман бастаған, құрамында Ғалым Жайлыбай, Дәулеткерей Кәп­ұлы, Құдайберлі Мырзабек, Ахмет­жан Өзбеков, Ринат Заитов, Дәстен Абылайұлы, жыршы Ұлжан Байбо­сыновалар бар қазылар алқасы баға берді. Шара тізгінін айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ұстады.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен ақын Жүрсін Ерманның алғысө­зінен кейін сахнаға алғашқы жұп болып торғайлық ақын Айбек Қалиев пен Жарқын Жұпархан шықты. Айтыс заңы қарсыласты сөзбен сүрін­діріп, өткір уәжбен басым түсу болған соң аға мен іні барынша шар­пысты. Екеуі де өңірлеріндегі өткір мәселелерді айтып, бір-біріне сауал жолдады. Жарқын Жұпархан Тор­ғайдың әлі облыс болып ашылмай жатқанын айтса, Айбек Қалиев Қызылжардағы тіл, ономастика мәсе­лелерін көтерді. Көрермен өңір намысын қорғап шық­қан Жарқын Жұ­парханға да, елдің сөзін айтып, “Асанқайғы” атанған Ай­бек Қалиевке де аямай қолын соқты.

Екінші жұп болып сахнаға қызылжарлық жас бөрі Қабдолла Бейісхан мен Өзбекстаннан келген Талғат Орынбе­ков шықты. Екі ақын да – бұған дейін осындағы айтыстарға қатысып, жүлделі болып жүрген жандар. Осы жолы да оңай берілмейтіндікте­рін көрсетіп, сөз жарыстырды.

Шығыстың шайыры Серік Қуан­ған мен оралдық Жансая Мусина да елдің есінде қалардай айтыс жаса­ды. Серік Қуанған өлеңін “Жайықтың Жансаясын тоқтатуға, Ертістің жаға­сынан келдім бүгін”, – деп бастап, сөздің басын әзілге бұрды. Жұрттың жүрегіне тауып айтатын ұтымды сөзі­мен жол тапқан Жансая да есесін жібермей, қарсыласын қағытып бақ­ты. Батыс пен шығыстың қос мықты­сы солтүстіктің сахнасында сынға түсті.

Екі жүйріктің арасындағы қызған тартыстың үлгісін астаналық Еркебұлан Қайназаров пен Ұлытаудан кел­ген Өміржан Көпбосынов көрсетті. Еркебұлан Қайназаров елорда төрін­дегі университетте айтыскер ақындарға тәлім береді. Бұл жайын­да бұған дейін де бірталай айтыста сөз болғаны бар. Өміржан Көпбосыновтың да қырағы көзі осы жайды қапы жібермепті. Осылайша ұлы­таулық ақын өз құрдасына:

…Соларға сенім артып топқа қоссаң,

Сыртыңнан ел сүйсініп, ел дейтіндей,

Құрдасым саған сонша не көрінген,

Өзіңнен басқа жанды көрмейтіндей,

Жұмабаев жырлаған жұртта туып,

Мағжан сенген жастарға сенбейтіндей, – деп тіл қатты.

Өткен жылы ғана алтын домбыра­ны еншілеген Еркебұлан Қайназа­ров қашанғы әдетінше әсем әуенге салып, сүбелі сөзбен жауап беріп, өзінің бабында екенін көрсетті.

Алты Алаш басын қосқан жиын болса,

Ұстаздікі демей ме төрдегі орын?

Сондықтан бала-шаға, шәкірт емес,

Әдейі осы айтысқа мен кеп едім.

Қасқайып бір дәлелдеп қайтпаймын ба!?

Мағжанның әр сөзінің өлмегенін, – деп ақын жырды тақырыпқа бұрды.

Айтыста ақынның бағын тас тү­йін дайындығы мен ұзын сонар жыр­дан гөрі жақсы тақырып ашады. Екі ақынның да ойы бір тақырып тө­ңіре­гіне түйіссе, айтыстың ауаны со­лай қарай ауып, өзінен-өзі өріле бермек. Бұл жұп үшін осындай тақы­рыпты Еркебұлан Қайназаров тауып берді. Айтыскер өз қарсыласының жылқы­шы екенін ескерте отырып, өзіне ата­ған бір жабағының бар екенін құрдас­тық әзілмен жеткізді. Мұндай са­уал боларын Өміржан Көпбосынов та күткен болуы керек. Ол “Мен сияқ­ты байлардың жиған ма­лын, сендейлер тонаған ғой кәмпес­кемен”, – деп тағы да өткен күнді еске алып, соның бә­рін өз жауабын­да шебер пайдаланды. “Құлын-та­йын бі­реудің түген­де­мей, құрыл­тай­ды ай­та отыр елің­де­гі”, – деп әңгімені осы жаққа ауыс­тыруға ты­рысты. Бірақ қалай болған­да да қар­сылас жылқы тақырыбына қайта-қайта бұрылып, өз жұ­бын ты­ғырыққа тіреуге барын салды.

Айтыстың ортасында бәрінің на­зары Мұхтар Ниязов пен Рүстем Қа­йыртайға ауды. Алтын домбыраны еншілеген екі көкжал шыға сала ел на­ғыз айқастың енді басталарын се­зіп, белдерін буды. Не де болса ақын­­дардың өзі айтқандай қара өлең­нің тұнығын жүзіп ішкен қара­гер­лер шын көсілді. Рүстем Қызыл­ор­дадағы театрға басшы болып та­ғайындалған құрдасына “Кәсібі ко­медия болғанымен, драма театрдың директоры”, – десе, Мұхтар да “Мұ­қа­­нов атындағы театрға, “Ботагөзің” мөлдіреп кеп отырсың”, – дей келе, қар­сыласының Алматыдағы “Ала­тау” театрында қызмет істегенін былай деп іліп әкетті:

Өзің де “Алатауда” қызмет қылдың,

Бірақ істемедіңдер дұрыс сендер.

Айлық құсап айына бір келіпсің,

Білмеймін бастығымен туыс па еңдер.

…24 сағат бізді күндей бермей,

Өздерің 8 сағат жұмыс істеңдер.

Мұхтар ақын Абай облысының туын көтерген қарсыласынан шы­ғыс­тағы өрттің жайын сұрап, “Туған жерім ыстық деп қоймаушы едің, Нағыз ыстық кезінде қайда кеттің” деп бір қағытты.

Айтыс барысында Рүстемнің ел­ден ерек киім үлгісі де айтылмай қал­ған жоқ. Мұхтар Ниязов өз қарсы­ласын:

Жалаған бұзау құсап жылтырап тұр,

Кей жеріне жаққан-ау бальзам, көбік.

Не де болса киімді сықитыпсың,

Аямай қаражатпен мал-жан бөліп.

Бұл жолы смокингке көшіпсің ғой

Қазақтардың шапанын арзан кө­ріп, – деп сипаттай келе, кезекті “Жа­бы бірден жүйрік боп кетпейді ғой, Жабуын әдемілеп жапқанменен”, – деп түйіндеді.

Кезек алған Рүстем Қайыртай өзінің Мағжан тойына ерекше да­йын­далғанын айта келіп, былай деді:

Көре алмай отырғаның көрініп тұр,

Алтынды мысқылдаған мыстайсыңдар.

Шамамен сен сияқты болған шығар,

Кешегі арыстарды ұстайтындар.

Кең заманда теперіш көріп отыр,

Мағжан түгіл Мағжанға ұқсайтындар.

Бұдан әрі айтысты Шұғайып Се­зімхан мен қырғыстандық Нұрсұлтан Малдыбаев жалғады. Екеуі де екі ел­дің достығын танытып, бір-бірін көтер­мелеп айтысты. Шұғайып елге кел­ген мейманға қонақжайлық та­нытып, қазақтың қара домбырасын тарту етті. Жұбы да жол тауып қазақ ақынына қырғыздың қомызын сый­лады. Соңында екеуі де жарасымды сөздер айтып, қазақ ақыны қомыз­бен, қырғыз ақыны домбырамен жыр­лады. Шайырлардың бұл тапқыр­лығы көпті елжіретіп, қазылардың жоғары бағасына ие болды.

Жетінші жұп болған Жұмабек Рахимов пен моңғолиялық Аманжол Қуантқанға да ел елеңдеп отырды. Жұмабек Рахимов жерлестерінің қолдауына ие болды.

Қас қарайғанша дейін айтыс та­ма­шалаған жұрттың көңілі соңғы жұп­та тағы бір сергіп қалды. Қыз бен жігіт айтысының қас шебері атанған Мақ­сат Ақанов пен Қытайдан келген Жүр­сінгүл Мұратқызы елді қыран-топан күлкіге қарық қылды. Мақсат Ақанов “Аққудық да еркегі бар дегендей, гүлі болады екен ғой Жүрсіннің де”, “Шіркін-ай ана суға бір сүңгітсем, иісі өзгерер ме ед Сасықкөлдің”, – деген­дей әзіл ойларын ортаға тастаса, Жүрсінгүл Мұратқызы да одан қа­лыспай, жауап беріп отырды.

Осымен аламанның бірінші күні тамам болып, ақтық сын Сарытомар­да жалғасын тапты. Бәйгеде ең соң­ғы келген атқа да бәйге беретін кең­көңіл қазақпыз ғой. Бұл жолы да қа­зылар жомарттық танытып, финалға 8 ақынды өткізіпті.

Ақтық сынды бастаған Шұғайып Сезімхан өз қарсыласын Мағжанға теңесе, Рүстем ақын Шұғайып Сезім­ханның қазақы етік, ұзын шапан, үкілі бөрігін Сегіз серіге ұқсатты. Сөз соңында абайлық ақын Шұғайып Сезімханның ғұмыр бойы айтыстың жүгін арқалап келе жатқан Жүрсін Ерманның қасынан табылып, оң қолы болып отырғанын жоғары бағалап:

Ағайын арғы жағын ұғарсыздар,

Кенже ұлды несіне төпелейін.

Ермановты көтеріп жүрген ұлды,

Ел-халықтың алдында көтерейін, – деп мерейін өсірді.

Одан кейін шыққан ақындар да осындай жоғары деңгейдегі айтыс жасай білді. Осылайша Сарыто­мар­да дүркіреп өткен Мағжан тойының бір қызығы аламан айтыс болды. Сөз сайысына келген ақындар тек әзіл-қалжың, түйреп тиісу, тапқыр жауап­тарымен ғана емес, орамды ойлары­мен де ел қошеметіне бөленді. Төрге шыққан әр шайыр төмендегідей өлкеміздің сұлу табиғаты мен киелі топырағын жырға қосып отырды:

Тұмар қып Мағжанның жырын тақсам,

Тұраннан тірілгендей түркі бабам,

Абылай хан әскеріндей қарағайың,

Көргенде сай-сүйегің сырқыраған…

…Қалаңнан Сегіз сері әннің иісі,

Далаңнан нанның иісі бұрқыраған.

(Өміржан Көпбосынов).

Мағжан туған Сарытомар ауылы да ақындардың ауызынан түскен жоқ:

Алақандай болса да мынау ауыл,

Алты алаш атын келіп байлап жатыр.

Мен нағыз қазақтықтың рухын сездім,

Қазаны берекенің қайнап жатыр.

…Сарытомар ауылы шүкір міне,

Шетелдің де қонағын жайғап жатыр.

Үш жүз-ақ адам тұрады демесеңдер,

Үш жүздің басын қосқан той бап жатыр.

(Еркебұлан Қайназаров).

Облыс орталығының атауы осы­ған дейінгі бір де бір айтыста атаусыз қалған емес. Бұл жолы да орақ тілді оғландар көрші облыстағы Держа­вин қаласының Кенесары болып өз­гергенін қуана жеткізіп, елдің рухын көтерді:

Күні кеше Ақмола облысында,

Қосылғандай күш берер генератор.

Державинның атауын ауыстырды,

Басшылар жасаймыз деп жедел ақыл.

Державинді жайратып жалғыз өзі,

Қол бастап Кенесары келе жатыр.

(Еркебұлан Қайназаров).

Елдің басы қосылған жиында ұлттық мәселелер де айтылмай қал­ған жоқ. Мысалы қағазға түссе де қа­лыбын жоғалтпаған Рүстем Қайыр­тайдың ұрпақ тәрбиесі жайлы мына сөзіне қалай келіспейсіз:

Бар арманы бай болып ақша табу,

Айналып заманының көпесіне.

Ертең солар саудагер болып кетсе,

Нан сататын секілді шешесіне.

…”Әжең өлді” десе де селт етпейді,

Шыбын түсіп кеткендей кесесіне.

Ағайын ауламызға қарайықшы,

Көшкенде әңгіменің төтесіне.

Тасмаңдай ұрпақ өсіп жатқан жоқ па?

Шеге қақсаң кірмейтін шекесіне.

Айтыстың басты тақырыбы Мағ­жан болған соң, әр шайыр Алаш ары­сын өзінше жырлауға тырысты. Сөз шеберлері ақынның қайраткерлігін, зерттеушілігін, аудармасын, педа­го­гикасын, проза мен поэзиясын бірін қалдырмай жіпке тізгендей қылып, жұртқа жеткізді:

…Өзін күнге теңеген екі адам бар,

Көзі ашықтар тарихтан танып-ұғар.

…Лениннің сүйегі бар, қадірі жоқ,

Мағжанның сүйегі жоқ, қадірі бар.

Бір-ақ сөзбен айтқанда күн біреу-ақ,

Ақиқатты көруші тәңірі бар.

Лениннің көшпейтұғын тамұғы бар,

Мағжанның өшпейтұғын жарығы бар.

(Еркебұлан Қайназаров).

Сайыс қорытындысы бойынша қа­­тысқан барлық ақындар ақшалай сый­лықтармен марапатталды. Ал ақ­тық сынға өткен 8 қатысушыға жүл­делі орындар берілді. Оларға Мағ­жан тойының марапатын қазылар алқасының мүшелері Қазақстан Жа­зу­шы­лар одағы басқармасының төр­аға­сы Мереке Құлкенов, мағжанта­нушы, жазушы, журналист Жарас­бай Сүлейменов табыс етті. 400 мың тең­гелік екі арнайы жүлдені қыр­ғызстан­дық Нұрсұлтан Малды­баев пен Қы­тай асып жеткен Жүрсін­гүл Мұратқы­зы арқалап кетті. Үшінші орын­дарды Мақсат Ақанов пен Ай­бек Қа­лиев сын­ды абадандар ие­ленді. Екінші орын­ның 1 миллион тең­гелік жүлдесі Еркебұлан Қайназаров пен Рүстем Қайыртайға табысталды. Ал Сыр сү­лейі Мұхтар Ниязов бірінші орынның тұғырына шығып, 1,5 мил­лион теңге­ні қанжығаға байлады. Ха­лықаралық айтыстың бас жүлде­сіне тігілген “темір тұлпарды” Шұға­йып Сезімхан тізгіндеді. Көлікті тақым­да­ған алма­тылық ақын сөз алып Қы­зыл­жар жұр­тына алғысын білді­ріп, басын иді.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp