Жырға құмар қызылжарлық қауым соңғы бес жылдан бері жыл сайын айтыс өнерін қызықтап келеді. Жылда өңірімізде облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі бірнеше айтыстың өтуі дәстүрге айналған. Қалың жұртшылықтың да төл өнерге деген өзіндік ықыласы оянып, талғамы қалыптасқан. Әуелде көңілде әлдебір алаңмен келетін жыр жүйріктері бүгінде мұнда ат ізін жиі салады. Аузымен құс тістеген дүлділдерді көруге де осындағы ағайынның көзі үйренген.
Әдетте айтысты өткізуге әлдебір мерейлі күн себеп болып жатады. Ол бір мереке немесе белгілі тұлғаның туған күні болуы мүмкін. Қызылжарда мерейтойы атап өтілетін ондай ақын да, батыр да, жазушы да аз емес. Тіпті бір жылда бірнеше тұлғаның мерейтойы қатар келіп, әдеби шаралардың бірінен соң бірі өтіп жататыны – жалған емес. Ал биылғы айтыстың өту себебі тіптен бөлек. Мағжандай ұлт мақтанышының мерейтойы жыл сайын келіп жатқан жоқ. Ақынның 130 жылдығына орай өткен халықаралық айтысқа ұйымдастырушылар “Тұранның тұғырлы тұлғасы” деген ат беріпті.
Сөз сайысына ел өңірлері мен Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолиядан 16 ақын қатысты. Олардың өнеріне төл өнеріміздің қара нары Жүрсін Ерман бастаған, құрамында Ғалым Жайлыбай, Дәулеткерей Кәпұлы, Құдайберлі Мырзабек, Ахметжан Өзбеков, Ринат Заитов, Дәстен Абылайұлы, жыршы Ұлжан Байбосыновалар бар қазылар алқасы баға берді. Шара тізгінін айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ұстады.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен ақын Жүрсін Ерманның алғысөзінен кейін сахнаға алғашқы жұп болып торғайлық ақын Айбек Қалиев пен Жарқын Жұпархан шықты. Айтыс заңы қарсыласты сөзбен сүріндіріп, өткір уәжбен басым түсу болған соң аға мен іні барынша шарпысты. Екеуі де өңірлеріндегі өткір мәселелерді айтып, бір-біріне сауал жолдады. Жарқын Жұпархан Торғайдың әлі облыс болып ашылмай жатқанын айтса, Айбек Қалиев Қызылжардағы тіл, ономастика мәселелерін көтерді. Көрермен өңір намысын қорғап шыққан Жарқын Жұпарханға да, елдің сөзін айтып, “Асанқайғы” атанған Айбек Қалиевке де аямай қолын соқты.
Екінші жұп болып сахнаға қызылжарлық жас бөрі Қабдолла Бейісхан мен Өзбекстаннан келген Талғат Орынбеков шықты. Екі ақын да – бұған дейін осындағы айтыстарға қатысып, жүлделі болып жүрген жандар. Осы жолы да оңай берілмейтіндіктерін көрсетіп, сөз жарыстырды.
Шығыстың шайыры Серік Қуанған мен оралдық Жансая Мусина да елдің есінде қалардай айтыс жасады. Серік Қуанған өлеңін “Жайықтың Жансаясын тоқтатуға, Ертістің жағасынан келдім бүгін”, – деп бастап, сөздің басын әзілге бұрды. Жұрттың жүрегіне тауып айтатын ұтымды сөзімен жол тапқан Жансая да есесін жібермей, қарсыласын қағытып бақты. Батыс пен шығыстың қос мықтысы солтүстіктің сахнасында сынға түсті.
Екі жүйріктің арасындағы қызған тартыстың үлгісін астаналық Еркебұлан Қайназаров пен Ұлытаудан келген Өміржан Көпбосынов көрсетті. Еркебұлан Қайназаров елорда төріндегі университетте айтыскер ақындарға тәлім береді. Бұл жайында бұған дейін де бірталай айтыста сөз болғаны бар. Өміржан Көпбосыновтың да қырағы көзі осы жайды қапы жібермепті. Осылайша ұлытаулық ақын өз құрдасына:
…Соларға сенім артып топқа қоссаң,
Сыртыңнан ел сүйсініп, ел дейтіндей,
Құрдасым саған сонша не көрінген,
Өзіңнен басқа жанды көрмейтіндей,
Жұмабаев жырлаған жұртта туып,
Мағжан сенген жастарға сенбейтіндей, – деп тіл қатты.
Өткен жылы ғана алтын домбыраны еншілеген Еркебұлан Қайназаров қашанғы әдетінше әсем әуенге салып, сүбелі сөзбен жауап беріп, өзінің бабында екенін көрсетті.
Алты Алаш басын қосқан жиын болса,
Ұстаздікі демей ме төрдегі орын?
Сондықтан бала-шаға, шәкірт емес,
Әдейі осы айтысқа мен кеп едім.
Қасқайып бір дәлелдеп қайтпаймын ба!?
Мағжанның әр сөзінің өлмегенін, – деп ақын жырды тақырыпқа бұрды.
Айтыста ақынның бағын тас түйін дайындығы мен ұзын сонар жырдан гөрі жақсы тақырып ашады. Екі ақынның да ойы бір тақырып төңірегіне түйіссе, айтыстың ауаны солай қарай ауып, өзінен-өзі өріле бермек. Бұл жұп үшін осындай тақырыпты Еркебұлан Қайназаров тауып берді. Айтыскер өз қарсыласының жылқышы екенін ескерте отырып, өзіне атаған бір жабағының бар екенін құрдастық әзілмен жеткізді. Мұндай сауал боларын Өміржан Көпбосынов та күткен болуы керек. Ол “Мен сияқты байлардың жиған малын, сендейлер тонаған ғой кәмпескемен”, – деп тағы да өткен күнді еске алып, соның бәрін өз жауабында шебер пайдаланды. “Құлын-тайын біреудің түгендемей, құрылтайды айта отыр еліңдегі”, – деп әңгімені осы жаққа ауыстыруға тырысты. Бірақ қалай болғанда да қарсылас жылқы тақырыбына қайта-қайта бұрылып, өз жұбын тығырыққа тіреуге барын салды.
Айтыстың ортасында бәрінің назары Мұхтар Ниязов пен Рүстем Қайыртайға ауды. Алтын домбыраны еншілеген екі көкжал шыға сала ел нағыз айқастың енді басталарын сезіп, белдерін буды. Не де болса ақындардың өзі айтқандай қара өлеңнің тұнығын жүзіп ішкен қарагерлер шын көсілді. Рүстем Қызылордадағы театрға басшы болып тағайындалған құрдасына “Кәсібі комедия болғанымен, драма театрдың директоры”, – десе, Мұхтар да “Мұқанов атындағы театрға, “Ботагөзің” мөлдіреп кеп отырсың”, – дей келе, қарсыласының Алматыдағы “Алатау” театрында қызмет істегенін былай деп іліп әкетті:
Өзің де “Алатауда” қызмет қылдың,
Бірақ істемедіңдер дұрыс сендер.
Айлық құсап айына бір келіпсің,
Білмеймін бастығымен туыс па еңдер.
…24 сағат бізді күндей бермей,
Өздерің 8 сағат жұмыс істеңдер.
Мұхтар ақын Абай облысының туын көтерген қарсыласынан шығыстағы өрттің жайын сұрап, “Туған жерім ыстық деп қоймаушы едің, Нағыз ыстық кезінде қайда кеттің” деп бір қағытты.
Айтыс барысында Рүстемнің елден ерек киім үлгісі де айтылмай қалған жоқ. Мұхтар Ниязов өз қарсыласын:
Жалаған бұзау құсап жылтырап тұр,
Кей жеріне жаққан-ау бальзам, көбік.
Не де болса киімді сықитыпсың,
Аямай қаражатпен мал-жан бөліп.
Бұл жолы смокингке көшіпсің ғой
Қазақтардың шапанын арзан көріп, – деп сипаттай келе, кезекті “Жабы бірден жүйрік боп кетпейді ғой, Жабуын әдемілеп жапқанменен”, – деп түйіндеді.
Кезек алған Рүстем Қайыртай өзінің Мағжан тойына ерекше дайындалғанын айта келіп, былай деді:
Көре алмай отырғаның көрініп тұр,
Алтынды мысқылдаған мыстайсыңдар.
Шамамен сен сияқты болған шығар,
Кешегі арыстарды ұстайтындар.
Кең заманда теперіш көріп отыр,
Мағжан түгіл Мағжанға ұқсайтындар.
Бұдан әрі айтысты Шұғайып Сезімхан мен қырғыстандық Нұрсұлтан Малдыбаев жалғады. Екеуі де екі елдің достығын танытып, бір-бірін көтермелеп айтысты. Шұғайып елге келген мейманға қонақжайлық танытып, қазақтың қара домбырасын тарту етті. Жұбы да жол тауып қазақ ақынына қырғыздың қомызын сыйлады. Соңында екеуі де жарасымды сөздер айтып, қазақ ақыны қомызбен, қырғыз ақыны домбырамен жырлады. Шайырлардың бұл тапқырлығы көпті елжіретіп, қазылардың жоғары бағасына ие болды.
Жетінші жұп болған Жұмабек Рахимов пен моңғолиялық Аманжол Қуантқанға да ел елеңдеп отырды. Жұмабек Рахимов жерлестерінің қолдауына ие болды.
Қас қарайғанша дейін айтыс тамашалаған жұрттың көңілі соңғы жұпта тағы бір сергіп қалды. Қыз бен жігіт айтысының қас шебері атанған Мақсат Ақанов пен Қытайдан келген Жүрсінгүл Мұратқызы елді қыран-топан күлкіге қарық қылды. Мақсат Ақанов “Аққудық да еркегі бар дегендей, гүлі болады екен ғой Жүрсіннің де”, “Шіркін-ай ана суға бір сүңгітсем, иісі өзгерер ме ед Сасықкөлдің”, – дегендей әзіл ойларын ортаға тастаса, Жүрсінгүл Мұратқызы да одан қалыспай, жауап беріп отырды.
Осымен аламанның бірінші күні тамам болып, ақтық сын Сарытомарда жалғасын тапты. Бәйгеде ең соңғы келген атқа да бәйге беретін кеңкөңіл қазақпыз ғой. Бұл жолы да қазылар жомарттық танытып, финалға 8 ақынды өткізіпті.
Ақтық сынды бастаған Шұғайып Сезімхан өз қарсыласын Мағжанға теңесе, Рүстем ақын Шұғайып Сезімханның қазақы етік, ұзын шапан, үкілі бөрігін Сегіз серіге ұқсатты. Сөз соңында абайлық ақын Шұғайып Сезімханның ғұмыр бойы айтыстың жүгін арқалап келе жатқан Жүрсін Ерманның қасынан табылып, оң қолы болып отырғанын жоғары бағалап:
Ағайын арғы жағын ұғарсыздар,
Кенже ұлды несіне төпелейін.
Ермановты көтеріп жүрген ұлды,
Ел-халықтың алдында көтерейін, – деп мерейін өсірді.
Одан кейін шыққан ақындар да осындай жоғары деңгейдегі айтыс жасай білді. Осылайша Сарытомарда дүркіреп өткен Мағжан тойының бір қызығы аламан айтыс болды. Сөз сайысына келген ақындар тек әзіл-қалжың, түйреп тиісу, тапқыр жауаптарымен ғана емес, орамды ойларымен де ел қошеметіне бөленді. Төрге шыққан әр шайыр төмендегідей өлкеміздің сұлу табиғаты мен киелі топырағын жырға қосып отырды:
Тұмар қып Мағжанның жырын тақсам,
Тұраннан тірілгендей түркі бабам,
Абылай хан әскеріндей қарағайың,
Көргенде сай-сүйегің сырқыраған…
…Қалаңнан Сегіз сері әннің иісі,
Далаңнан нанның иісі бұрқыраған.
(Өміржан Көпбосынов).
Мағжан туған Сарытомар ауылы да ақындардың ауызынан түскен жоқ:
Алақандай болса да мынау ауыл,
Алты алаш атын келіп байлап жатыр.
Мен нағыз қазақтықтың рухын сездім,
Қазаны берекенің қайнап жатыр.
…Сарытомар ауылы шүкір міне,
Шетелдің де қонағын жайғап жатыр.
Үш жүз-ақ адам тұрады демесеңдер,
Үш жүздің басын қосқан той бап жатыр.
(Еркебұлан Қайназаров).
Облыс орталығының атауы осыған дейінгі бір де бір айтыста атаусыз қалған емес. Бұл жолы да орақ тілді оғландар көрші облыстағы Державин қаласының Кенесары болып өзгергенін қуана жеткізіп, елдің рухын көтерді:
Күні кеше Ақмола облысында,
Қосылғандай күш берер генератор.
Державинның атауын ауыстырды,
Басшылар жасаймыз деп жедел ақыл.
Державинді жайратып жалғыз өзі,
Қол бастап Кенесары келе жатыр.
(Еркебұлан Қайназаров).
Елдің басы қосылған жиында ұлттық мәселелер де айтылмай қалған жоқ. Мысалы қағазға түссе де қалыбын жоғалтпаған Рүстем Қайыртайдың ұрпақ тәрбиесі жайлы мына сөзіне қалай келіспейсіз:
Бар арманы бай болып ақша табу,
Айналып заманының көпесіне.
Ертең солар саудагер болып кетсе,
Нан сататын секілді шешесіне.
…”Әжең өлді” десе де селт етпейді,
Шыбын түсіп кеткендей кесесіне.
Ағайын ауламызға қарайықшы,
Көшкенде әңгіменің төтесіне.
Тасмаңдай ұрпақ өсіп жатқан жоқ па?
Шеге қақсаң кірмейтін шекесіне.
Айтыстың басты тақырыбы Мағжан болған соң, әр шайыр Алаш арысын өзінше жырлауға тырысты. Сөз шеберлері ақынның қайраткерлігін, зерттеушілігін, аудармасын, педагогикасын, проза мен поэзиясын бірін қалдырмай жіпке тізгендей қылып, жұртқа жеткізді:
…Өзін күнге теңеген екі адам бар,
Көзі ашықтар тарихтан танып-ұғар.
…Лениннің сүйегі бар, қадірі жоқ,
Мағжанның сүйегі жоқ, қадірі бар.
Бір-ақ сөзбен айтқанда күн біреу-ақ,
Ақиқатты көруші тәңірі бар.
Лениннің көшпейтұғын тамұғы бар,
Мағжанның өшпейтұғын жарығы бар.
(Еркебұлан Қайназаров).
Сайыс қорытындысы бойынша қатысқан барлық ақындар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал ақтық сынға өткен 8 қатысушыға жүлделі орындар берілді. Оларға Мағжан тойының марапатын қазылар алқасының мүшелері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, мағжантанушы, жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов табыс етті. 400 мың теңгелік екі арнайы жүлдені қырғызстандық Нұрсұлтан Малдыбаев пен Қытай асып жеткен Жүрсінгүл Мұратқызы арқалап кетті. Үшінші орындарды Мақсат Ақанов пен Айбек Қалиев сынды абадандар иеленді. Екінші орынның 1 миллион теңгелік жүлдесі Еркебұлан Қайназаров пен Рүстем Қайыртайға табысталды. Ал Сыр сүлейі Мұхтар Ниязов бірінші орынның тұғырына шығып, 1,5 миллион теңгені қанжығаға байлады. Халықаралық айтыстың бас жүлдесіне тігілген “темір тұлпарды” Шұғайып Сезімхан тізгіндеді. Көлікті тақымдаған алматылық ақын сөз алып Қызылжар жұртына алғысын білдіріп, басын иді.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.