«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНКҮЙЕРДІҢ ҚОЛДАУЫ — ҚОСЫМША КҮШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жанкүйерсіз – спорт жетім” дегенді жиі естіп жатамыз. Әлемде қаншама спорт түрі болса, соның әрқайсысының мыңдаған, миллиондаған жанкүйері бар. Соның ішінде ең көбі – футбол жанкүйерлері десек өтірік айтпағанымыз. Олардың жасыл алаңның жиегінен өз командаларын қолдауы көз сүйсіндіреді.

Біздің “Қызылжар” клубының фа­наттарын алып қарайықшы, арала­рында жасы да, кәрісі де бар. Олар­дың мақсаты айқын – сүйікті футбол­шыларын жеңіске жетуге ынталан­дыру, ойын кезінде қанаттандырып отыру, демеу көрсету. Дегенмен, бұл әркеттері үшін оларға ешкім ақша төлемейді.

– Мен “Қызылжар” клубының әр ойынын тамашалаймын. Жеңіске жеткенде бірге қуанамын, жеңілген­де бірге уайымдаймын. Бапкердің шешімдерімен келіспей­тін кездерім де болады. Бірақ қандай жағдай болмасын сүйікті командам­ды қолдаусыз қалдырмаймын, – дей­ді клуб жанкүйерлерінің бірі Қайыр­лы Тілеужанов. “Қызылжар” клубы­ның ойындарын үзбей көретіндер жасы 70-тен асқан жанкүйерді бір­ден таниды.

Қайсыбір жылдары “Қызылжар” клубы премьер-лигадан кетіп, Қазақстан­ның бірінші лигасында өнер көрсет­ке­ні естеріңізде болар. Соған қарамас­тан жанкүйерлер команданы қол­дау­сыз қалдырған жоқ. Мәселен 2018-2019 жылдары ойындарды тама­шалауға орта есеппен 6 мыңға жуық жанкүйер жиналған. Бұл – бі­рінші лигадағы рекорд.

– “Қарасай” стадионында жан­күйерлер отыратын 7680 орын бар. Клуб басшылығы жанкүйерлерді көп­теп тарту үшін кіруді тегін қылды. Стадион жөндеу жұмыстарына жа­былмай тұрғанда, бір ойынға орта есеппен 5 мыңға жуық адам келе­тін, – дейді “Қызылжар” клубының баспасөз хатшысы Мәрлен Аманов.

Биыл “Қарасай” стадионында күрделі жөндеу жұмыстары бастал­ға­ны белгілі. Бұл мақсатқа 1 млрд. 300 млн. теңге бөлінді. Қазір клуб ойындарын “Жастар” стадионында өткізуге мәжбүр. Клубтың баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, он­дағы орындықтар саны екі мың ғана. “Жастар” стадионына көп адам сыймайды. Бірақ клуб басшылығы жанкүйерлерге барлық жағдайды жасауға тырысты. Бәріңізге белгілі, “Қызылжардың” жастар командасы ойнағанда бір трибуна ғана қойы­латын. Қазір екі қырында қосымша орындар бар. Бұл уақытша келең­сіздіктер екенін ұмытпаған жөн”, – дейді Мәрлен Аманов.

“Қарасай” стадионы күрделі жөн­деуден өткенімен, жанкүйерлерге ар­налған орындар саны өзгеріссіз қала бермек. Әрине, жергілікті стадионның сыйымдылығын елордадағы “Астана Аренамен” салыстыруға кел­мес. Бірақ 2019 жылы жанкүйерлер орнатқан рекордты біріншілігі лига­да әлі ешкім жаңарта қоймағанын да ескерген жөн. Бұл тұрғыдан “Қызыл­жардың” жанкүйерлері – өзгелерге үлгі. Команданың шабуылшысы Ти­мур Мульдиновтың сөзінше, клуб­тың жеңістеріне жанкүйерлердің тигізер көмегі көп.

– Өз алаңымызда өткізген ойын­дарда жерлестеріміздің қолдауын се­зінеміз. Бала күнімде мен де сол­түстікқазақстандық команданың жан­күйері болдым. Қазір жасыл алаңға шыққанда фанаттардың қошемет көрсетіп жатқанын, қолдаған сөзде­рін естіп, марқайып жатамыз. Жан­күйерлерге алғысым шексіз. Олар бізді жаңа белестерді бағындыруы­мызға итермелейді, – дейді Тимур Мульдинов.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp