«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ ӨНДІРІСІНДЕГІ ТЫҢ СЕРПІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында өткен “Pro Молоко. Трендтер’23” екінші халықаралық форумы мен “QazaqSut” бірінші сүт шаруашылығы көрмесіне қазақстандық және шетелдік 600-ден астам делегат жиналды. Аграрлық сала бойынша осынша адамның бас қосуы – рекордтық көрсеткіш. Мұндай қызығушылық ауыл шаруашылығы, соның ішінде сүт өнімдерін өндіру ісінде түйткілді мәселелер бар екендігін дәлелдесе керек. Қатысушылар бірқатар мәселенің шешімін табатындарына сенімді. Тәжірибе алмасу үшін Ресей, Германия, Венгрия, Италия, Франция сияқты елдердің де өкілдері келді.

Іс-шаралар Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімдігінің, “Атамекен” ҰКП, “Ауыл” ХДСП-ның, “Бәйтерек” ҰБХ-ның ресми қолдауымен өткізілді. Халықаралық форум аясында пленарлық отырыс пен “дөңгелек үстел”, солтүстікқазақстандық сүт фермаларына экскурссия жоспарланған. “QazaqSut” көрмесінде жиналғандар назарына ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтар мен техникалардан бастап, мал азығы, дәрі-дәрмектерге дейін ұсынылды.

Шара облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың құттықтау сөзімен ашылды.

– Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлық-индустриялық өңір. Біз ауыл, оның ішінде мал шаруашылығына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Шаруа қожалықтары нәтижелі өнім алу үшін үлкен жұмыс атқаруда. Жаңа технологияларды белсенді игеруде. Өңірімізде сүт фермаларын салу бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұған дейін облыс аумағында 30 сүт фермасы болса, бүгінде тағы 17 заманауи сүт кешені салынуда. Бүгінгі жиында сүт фермаларын салу және сүт өнімдерін өндіру бойынша көптеген ұсыныстар айтылары сөзсіз, – деген өңір басшысы қатысушыларға келгендері үшін алғысын білдірді.

Агроөнеркәсіптік кешен – өңір экономикасының басты саласы. Бұл сала аймақта өндірілген өнімнің төрттен бір бөлігін қамтиды. Мұндай халықаралық форум біздің өңірде тұңғыш рет өткізіліп жатыр.

– Бүгінгі шара агроөнеркәсіп кешенінің дамуына жаңа серпін береді. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысының таңдалуы кездейсоқ емес. Бүгінде өңір ел бойынша ауыл шаруашылығы мен сүт өндіруде көш басында.

Сүт кешендерінің құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік қордан 100 млрд. теңге қаржы бөлінсе, соның 17 млрд. теңгесі солтүстік өңірге бұйырды. Біз осы салада қызмет етіп жүрген барлық мамандардың еңбегін жоғары бағалаймыз, оларға ризашылығымыз шексіз, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.

Аграрлық форум мен “Qazaq-Sut” көрмесінің ашылу салтанатында мал ша­руашылығында абыройлы еңбек етіп жүрген бірнеше адам мара­патқа ие болды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен “Петер­фельд Агро” ЖШС-нің сауыншысы – Гүлнар Жолдаспаева, “Гердт” шаруа қожалығының басшысы – Владимир Гердт, “Дайындық” ЖШС-ның бухгалтері Елена Некрасова мара­патталды. Сондай-ақ еңбегі елен­ген бірқатар азаматқа облыс әкі­мінің Алғыс хаты табысталды.

Жиында Ауыл шаруашылығы минстрлігінің “Еңбек ардагері” медаліне “Таурус” ЖШС-ның ди­ректоры Хиса Ахметов пен “Арқа­лық” ШҚ-ның басшысы Нағашыбай Барлыбаев ие болды. “Ауыл ша­руашылығы саласының үздігі” төс­белгісімен тоғыз адам, минстрліктің Құрмет грамотасымен он төрт адам марапатталды.

Салтанатты жиын пленарлық отырыспен жалғасты. Онда түйінді мәселелер қозғалды. Форум шеңберінде сырттан келген қонақтар үшін Аққайың мен Қызылжар аудандарындағы тауарлы-сүт фермаларына экскурсия ұйымдастырылды.

“QazaqSut” сүт шаруашылығы көрмесін бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Көрмеге алпыстан аса компанияның өнімдері қойылды. Шараға отандық өндірушілермен қатар, шетелдік тауарлардың дистрибьюторлары да қатысты. Агроөндіріске керекті техникалардың түр-түрі, мал азықтары, дәрі-дәрмектер мен дәрумендер, сауын кешендерінің жабдықтары, жалпы айтқанда, сүт өнімдерін шығару үшін қажеттінің барлығы қойылған.

Мал шаруашылығы дамыған елдердің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, селекциялық жұмыстың бүкіл жүйесін үйлестіру үшін 2012 жылы құрылған сүтті мал шаруашылығы жөніндегі республикалық палата “QazaqSut” атауымен қайта жаңғырды.

– Жақында тауарлы-сүт айналымын арттыру үшін жаңа бағдарлама қолға алынбақ. Ол бағдарламада мал басын көбейту, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ғана емес, шаруашалықтың құрылыс саласын дамыту да қарастырылады деп ойлаймын, – дейді “QazaqSut” палатасы директорының орынба­сары Берік Нығымашев.

“Pro Молоко. Трендтер’23” екінші халықаралық форумы мен “QazaqSut” көрмесінде сүт өнімдерін өндіруге қатысты көптеген мәселелер ортаға салынып, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp