“Жанкүйерсіз – спорт жетім” дегенді жиі естіп жатамыз. Әлемде қаншама спорт түрі болса, соның әрқайсысының мыңдаған, миллиондаған жанкүйері бар. Соның ішінде ең көбі – футбол жанкүйерлері десек өтірік айтпағанымыз. Олардың жасыл алаңның жиегінен өз командаларын қолдауы көз сүйсіндіреді.
Біздің “Қызылжар” клубының фанаттарын алып қарайықшы, араларында жасы да, кәрісі де бар. Олардың мақсаты айқын – сүйікті футболшыларын жеңіске жетуге ынталандыру, ойын кезінде қанаттандырып отыру, демеу көрсету. Дегенмен, бұл әркеттері үшін оларға ешкім ақша төлемейді.
– Мен “Қызылжар” клубының әр ойынын тамашалаймын. Жеңіске жеткенде бірге қуанамын, жеңілгенде бірге уайымдаймын. Бапкердің шешімдерімен келіспейтін кездерім де болады. Бірақ қандай жағдай болмасын сүйікті командамды қолдаусыз қалдырмаймын, – дейді клуб жанкүйерлерінің бірі Қайырлы Тілеужанов. “Қызылжар” клубының ойындарын үзбей көретіндер жасы 70-тен асқан жанкүйерді бірден таниды.
Қайсыбір жылдары “Қызылжар” клубы премьер-лигадан кетіп, Қазақстанның бірінші лигасында өнер көрсеткені естеріңізде болар. Соған қарамастан жанкүйерлер команданы қолдаусыз қалдырған жоқ. Мәселен 2018-2019 жылдары ойындарды тамашалауға орта есеппен 6 мыңға жуық жанкүйер жиналған. Бұл – бірінші лигадағы рекорд.
– “Қарасай” стадионында жанкүйерлер отыратын 7680 орын бар. Клуб басшылығы жанкүйерлерді көптеп тарту үшін кіруді тегін қылды. Стадион жөндеу жұмыстарына жабылмай тұрғанда, бір ойынға орта есеппен 5 мыңға жуық адам келетін, – дейді “Қызылжар” клубының баспасөз хатшысы Мәрлен Аманов.
Биыл “Қарасай” стадионында күрделі жөндеу жұмыстары басталғаны белгілі. Бұл мақсатқа 1 млрд. 300 млн. теңге бөлінді. Қазір клуб ойындарын “Жастар” стадионында өткізуге мәжбүр. Клубтың баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, ондағы орындықтар саны екі мың ғана. “Жастар” стадионына көп адам сыймайды. Бірақ клуб басшылығы жанкүйерлерге барлық жағдайды жасауға тырысты. Бәріңізге белгілі, “Қызылжардың” жастар командасы ойнағанда бір трибуна ғана қойылатын. Қазір екі қырында қосымша орындар бар. Бұл уақытша келеңсіздіктер екенін ұмытпаған жөн”, – дейді Мәрлен Аманов.
“Қарасай” стадионы күрделі жөндеуден өткенімен, жанкүйерлерге арналған орындар саны өзгеріссіз қала бермек. Әрине, жергілікті стадионның сыйымдылығын елордадағы “Астана Аренамен” салыстыруға келмес. Бірақ 2019 жылы жанкүйерлер орнатқан рекордты біріншілігі лигада әлі ешкім жаңарта қоймағанын да ескерген жөн. Бұл тұрғыдан “Қызылжардың” жанкүйерлері – өзгелерге үлгі. Команданың шабуылшысы Тимур Мульдиновтың сөзінше, клубтың жеңістеріне жанкүйерлердің тигізер көмегі көп.
– Өз алаңымызда өткізген ойындарда жерлестеріміздің қолдауын сезінеміз. Бала күнімде мен де солтүстікқазақстандық команданың жанкүйері болдым. Қазір жасыл алаңға шыққанда фанаттардың қошемет көрсетіп жатқанын, қолдаған сөздерін естіп, марқайып жатамыз. Жанкүйерлерге алғысым шексіз. Олар бізді жаңа белестерді бағындыруымызға итермелейді, – дейді Тимур Мульдинов.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.