«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ФОРУМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанада “Аmanat” партиясынан сайланған мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумы өтті. Саяси іс-шарада еліміздің барлық өңірінен 3 мыңға жуық фракция мүшесі бас қосса, облыстан барлық деңгейдегі 193 халық қалаулысы қатысып, пленарлық секцияларда өз ойларын ортаға салды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру аясында өңірлерді дамыту, сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту тетіктері жан-жақты талқыланды.

– Елімізде үш жарым мыңға жуық мәслихат депутаты болса, соның екі жарым мыңы, яғни 77 пайызы осы залда отыр. Мұндай басқосулар билік тармақтарының өзара байланысын нығайтып, ортақ конструктивті шешімдер қабылдауға жол ашады деп сенемін. Форумның басты мақсаты – мемлекет пен қоғам алдында тұрған, халықты толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді бірлесіп, ашық талқылау, олардың шешу жолдарын іздеу. Бұл – уақыт талабы, – деді форумды ашқан “Аmanat” партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Облыстық мәслихаттың депутаты, бюджет, қаржы, экономика салаларын дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Сәуле Сұрағанова өңірлік, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор екеніне тоқталды.

– Өңірдегі халық қалаулыларының басты міндеті сайлаушылармен өзара қарым-қатынас пен сенімді нығайту. Сондай-ақ орталық мемлекеттік орган басшыларымен тікелей диалог құру, – дейді өз ойын әріден сабақтаған Сәуле Қуандыққызы.

Ақжар және Уәлиханов аудандары сайлаушыларының аманатын абыроймен атқарып келе жатқан облыстық мәслихаттың депутаты Орынбасар Ысқақова пленарлық отырыстың біріне қатысып, форумға қатысушылардың назарына бірнеше мәселені ұсынған. Солардың бірі – шалғайдағы елді мекендерге Үкімет тарапынан бөлінетін қаражат мөлшерін ұлғайту, шекаралық аймақтарға ұдайы назар аудару.

Оның пайымынша, ауыл тұрғындары орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Қалыпты тұрмыстық жағдайлардың жасалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтеді.

– Біздің пленарлық секцияға Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қатысып, оған қойылған сұрақтар аз болмады. Айыртау аудандық мәслихатының депутаттары жер телімдерін тиімді пайдалануға, субсидия бөлуге қатысты проблемалардың орын алып отырғанын айтты. Жасыратыны жоқ, кішігірім шаруашылықтар мен фермерлердің жеңілдікті қаражаттар алуына, бағдарламаларға қатысуына әлі де кедергілер көп. Тері мен жүнді өңдеу мүлдем баяу десе де болады, – деді өз ойымен бөліскен Тайынша ауданы “Алабота” асылтұқымды мал зауытының директоры, облыстық мәслихат депутаты Ерлан Алпысов.

Ілияс СӘБДИНОВ,

“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp