Облыстық прокуратура балалар мен жасөспірімдердің екі спорт мектебін тексеріп, көптеген былықтың бетін ашты. Олардың кейбірі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы облыс прокуратурасы хабарлады. Қадағалаушы орган “Олимп” және “Дельфин” балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жұмысына тексерістер жүргізді.
Тексеру барысында еңбек заңнамасын бұзу фактілерімен қатар, “Дельфин” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде біліктілік санаттарын заңсыз беру, “Олимп” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбиеленушілерді шешіну орындарымен, спорт жабдықтарымен тиісті қамтамасыз етпеу және жаттықтырушылар ретінде жұмысқа заңсыз орналасқан адамдардың негізсіз еңбекақы алу деректері анықталды.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс әкімдігіне және дене шынықтыру және спорт басқармасына қадағалау актілері енгізілді.
Нәтижесінде бюджетке 6,8 млн. теңге қайтарылды, 14 қызметкер әртүрлі жауапкершілікке тартылып, 4 адам лауазымдарынан босатылды, екеуі біліктілік санаттарынан айырылды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховке сөгіс берілді.
Еңбекақыны негізсіз есептеу, заңсыз ақша жинау, жұмысқа жалған орналастыру бойынша тексеріс материалдары процесуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына – қалалық полиция басқармасына және экономикалық тергеу департаменттеріне жіберілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.