«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қаржы тиімді игерілсін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс қазынасына түсетін кірістің 71 пайызы – республикалық бюджеттен бөлінген қаржы. Сондықтан бюджетті жоспарлар кезде көрпемізге қарай көсілгеннен басқа амал жоқ. Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өткен жылы облыстық бюджеттің қалай орындалғаны баяндалды және 2023-2025 жылдарға арналған қаржы қаралды.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант өткен жылғы бюджет жайлы тап-тұйнақтай қылып айтқанымен, есеп қоғамдық кеңес мүшелерінің көңілінен шықпады. Себебі бюджет кірісі жайлы бетін қалқып баяндады, кейбір жобаларды жүзеге асырарда қаржының тиімді жұмсалуына емес, тезірек игерілуіне басымдық берілген, статистикалық мәлімет жинаумен ғана шектелген. Әсіресе тұрғын үй мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы талқыға түсті. Қоғамдық кеңес мүшесі Анатолий Казановский құрылыс инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым дайын болғанда басталуы керектігін айтты. Алайда бізде бұл мәселе ескерілмеген. Бүгінгі таңда қаланың “Оңтүстік” шағынауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту үшін 2 млрд.теңге қаржы бөлініпті. Алайда бұл жоба болашақта жүзеге асырылатыны белгілі. Ал дәл қазір құрылыс жұмыстары басталған “Копай” шағынауданында тарату желілерін салуға қаржы бөлінбеген екен.

– Сондықтан “Оңтүстік” шағынауданына бөлінген қаржыны “Копай” шағынауданына аудару керек. Себебі “Оңтүстік” шағынауданында тарату желілерін салғанымен, қосалқы стансалар әлі жобаланбаған. Бұл “Солнечный-2” шағынауданындағы сияқты желілер ұрланады деген сөз. Қазір аталған аудандағы ұрланған желілерді қайта қалпына келтіру үшін 200 млн.теңге қаржы қажет. Сондықтан қаржыны бұлай көпе-көрнеу тиімсіз жұмсағанша, “Копайда” тарату желілерін салуға пайдалану керек. Егер “Копайда” тарату желілері салынбаса, “Жас өркен” шағынауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қатысты болған дау мұнда да қайталанады, – деді Анатолий Казановский.

Оның бұл ойын қоғамдық кеңестің өзге мүшелері де қолдады. Дегенмен қаржы бөлумен ғана шектеліп отырған басқарма басшысы да, жобаның әкімшісі де бұл мәселе олардың құзіретіндегі шаруа еместігін айтып, бастарын ала қашты.

Ал облыстың 2023-2025 жылдарға арналған бюджетін қараған қоғамдық кеңес мүшелері екі ай сайын өзгерістер енгізіле беретін бұл не қылған бюджет деген ойларын ашық айтты. Осы ретте бірқатар кемшіліктерді көзге түрткендей қылып көрсетіп, ұсыныстарын жазбаша түрде жіберетін болды.

Қоғамдық кеңесте қаралған өзекті мәселенің бірі – өңіріміздегі қоршаған ортаның, орман мен жануарлар әлемінің жағдайы. Тиісті органдар өз міндеттері аясында атқарған жұмыстарын жіпке тізгендей қылып баяндағанымен бірінің аузынан Қызылжардың тұмса табиғатын қорғауға, аялауға қатысты ұсыныс айтылмады. Осыған қынжылған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменовтің табиғат байлығын кемітпей түлету үшін не істеуіміз керек деген сауалына сала мамандары да, құқық қорғау органдарының өкілдері де тұшымды жауап бере алмады. Сонымен қатар агроқұрылым иелерінің орманның баурайына дейін жыртып тастап, егістік алқаптарын кеңейтіп отырғаны заң бұзушылық болса да, айылын жимай отырғаны сөз болды. Ережеге сүйенсек, олардың бұл қылықтары заңсыз. Шаруашылық жер актісіне сәйкес өзіне тиесілі жерді ғана жыртуы керек. Бірақ солқылдақ заңда орман баурайын жыртуға болмайды деген нақты сөз жоқ екен. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тиісті басқармалар тексерістер жүргізіп, жер актісінде көрсетілген шекарадан тыс жерді жыртқандарды жазалауды көздеп отыр.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp