«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ – ТІРШІЛІК КӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт То­қаев халыққа арналған “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында монополиялардың пайдасын шек­теу және инфрақұрылымға инвестицияларды қамтамасыз ету қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап көрсетті. Себебі елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, комму­никациялардың 57 пайызы, су құбыры желілерінің жартысына жуығы тозған. Осыған орай монополиялық нарықта “тарифті инвестицияға айырбастау” қағидаты негізінде жаңа тарифтік саясатқа көшу бел­гіленді. Коммуналдық қызметтер секторында инвестициялық тартымдылықты жақсарту бағдарламасын қаржыландыру тетіктері есебінен инженерлік инфрақұрылымдардың тозу деңгейін төмендету шаралары қарастырылды. Осыған байланысты табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган тұтынушылар мен табиғи монополиялар субьектілері мүдделерінің теңгерімін үйлестіру мақсатымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асы­ру әдістерін әзірледі. Ол бойынша 2030 жылға таман инженерлік-инфрақұрылымдық желілердің тозу мөлшерін 15 пайызға дейін азайту көзделді. Мұның біздің өңір үшін де мәні ай­рықша. 2022 жылдың қорытынды­сын сараласақ, Петропавл қаласы бойынша жылумен жабдықтауда желі­лерінде коммуналдық жүйенің тозу деңгейі – 72,2, сумен жабдықтау – 58, электр желілеріні 81,7 пайызды құрап отыр. Коммуналдық қызмет­терді “Орталық Азия электр энерге­тикалық корпорациясы” АҚ компа­ниялар тобына кіретін “Севказэнерго” АҚ (жылу энергиясын өндіру), “Петропавл жылу желілері” ЖШС (жылу энергиясын беру), “Севказ­энергосбыт” ЖШС (жылу энергиясы­мен жабдықтау) сияқты жеке ұйымдар мен мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын біздің мекеме көрсетеді.

Заманауи өндірістік-технологиялық базасы мен жоғары білікті кадрлар топтасқан “Қызылжар су” мекемесіне биыл 120 жыл толады. Облыс орталығында алғашқы су құ­быры 1903 жылы салынып, содан бері қала жұртшылығын үздіксіз түрде қамтамасыз ету 11 су тарату бөлімшесі, 47 су құбыры арқылы жү­зеге асырылады. Тиісті менедж­менттік ұйымдастыру мен жаңа тех­нологияларды енгізудің арқасында 800-ден астам адам тұрақты түрде еңбек етеді. Мекеменің тарих беттерін парақтасақ, кәсіпорынның іргетасын қаласып, саналы ғұмырын қалалық су арнасына арнаған, игілікті істерімен, кә­сіби шеберліктерімен ұмытыл­мастай есте қалған ардагерле­рімізді мақтанышпен еске аламыз. Олардың қатарында кәсіпорынға 30 жылдан астам жетекшілік еткен А.Ба­бошконың есімі алдымен атала­ды. Сол сияқты С.Визеров, А.Аве­рина, Г.Кириллов, С.Такиров, Е.Нә­биев және басқаларының да сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Бүгінде мекеме магистралды құбырлар мен тарату желілері арқылы су беру, ағынды суларды бұру және тазарту бойынша реттеліп кө­рсетілетін қызметтер саласындағы табиғи монополия субьектісі саналады. Шаhардың маңызды да ажырамас инфрақұрылымына айналған. Сорғы станциялары, су тазартқыш, кәріздік, фильтрлік-зарарсыздандырғыш құрылғылар, зерт­ханалар, басқа да техникалық және шаруашылық нысандар үздіксіз жұмыс істейді. Су құбыры желісінің ұзындығы – 344,3 қалалық кәріз жүйесі 257,8 шақырымды құрайды. Қызметімізді тұтынатын абонент­тердің саны жүз мыңға жуық. Был­тыр 4 млрд.-тан астам теңгеге қыз­мет көрсетіліп, жалпы өндірістік шы­ғындар 2 млрд. 716 млн. теңгені құрады. Су құбыры және кәріз желілерінде жоспарланған жөндеу жұ­мыстары толық көлемде орындалды. 282 млн. 403 мың теңгенің инвестициялық бағдарламасы игері­ліп, 6,2 шақырым кәріз жүйесі жөнделіп, 5,3 шақырым су құбыры алмастырылды. Сорғы агрегаттары мен басқару панелі бар жабдықтар орнатылды. Энергия тиім­ділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүргізу нәтижесінде электр энергиясын тұтыну азайты­лып, жөндеу қорын игеру есебінен сумен жабдықтау көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Биыл су және кәріз желілерін ауыстыру, ұңғы­маларды, жабдықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу, сорғы және кәріз станцияларының қыз­мет көрсету сапасын арттыру шаралары одан әрі жалғасты­. Инвестициялық жобаларды орындаудан бөлек, сумен жабдықтау және су бұру объектілерінің то­зуына байланысты негізгі құралдарды жаңартуға қомақты қаражат бағытталды.

Тозығы жеткен, ескі үлгідегі қондырғылар түгелдей ауыстырылды. Су құ­бырлары мен кәріз жүйелері жаңаланып, апаттық жағдайлар төмен­детілді. Мәселен, 2011 жылы 420 оқыс оқиға тіркелсе, бүгінде көр­сеткіштің әлдеқайда азайғаны байқалады. “Қызылжар су” облыс орта­лығын ауызсумен қамтамасыз ететін әрі су шайындыларын шығаратын квазимемлекеттік кәсіпорын болған­дықтан, оған артылатын жауапкершілік те, сенім де жоғары. 2014 жылдан бері 100,8 шақырым су құбыры жаңаланды. 56,7 шақырым кәріз құбырлары жөнделді. Сөйтіп су құбырларының тозуы 74 пайыздан 58 пайызға, ал кәріз жүйелерінің тозуы 64 пайыздан 61 пайызға азайды. Десек те су жет­кізетін магистральды жүйелерді үл­кен диаметрлі құбырлармен ауыстыруға республикалық қазынадан қаражат бөлу қажет. Өйткені жергілікті бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сол сияқты кәріз суы ағатын “Био­пруд” дамбасын да жаңғырту қомақты қаржыны талап етеді. Бұл жұмыстарды мүмкіндігінше өз күші­мізбен атқарғанымызбен, мәселені толық шеше алмайды. Бірақ жағдай солай екен деп, қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Барлық мүмкін­діктерді пайдалануға тиіспіз. Соның бір мысалы, “Судың ғылыми-техникалық орталығы” ұйымымен хло­релла балдырларын сатып алуға ке­лісімшарт жасастың.

Алға қойған міндеттерді іске асыруда, яғни магистральды су құ­бырларын жаңғыртуда ұзақ мерзімге арналған инвестициялық бағдарламалардың маңызы айрықша. Осыған орай бесжылдыққа арналған жобаның құны 7,5 млрд. теңгеге есептеліп, екінші көтерілімдегі сорғы станциясын қайта құру қарқынды жүргізілді. Жоспарға сәйкес, энер­гиялық жағынан тиімді үш сорғы агрегаты қойылды. Сонымен қатар 800 миллиметрлік Оңтүстік-Батыс тазалау ғимараттарынан бірінші көтерілімдегі сорғы станциясына дейінгі су құбырлары қалпына келтірілді.

Кәсіпорын қызметіндегі басты бағыттардың бірі – су желісіндегі барлық кешеннің қауіпсіздігін реттеу. Өндірістік қуаттарды жаңғырту, орындаушылық және техноло­гиялық озық әдістерді енгізу арқылы 19 кәріздік сорғы станциясының қондырғыларын жаңалауға қол жеткізілді. Сәтбаев және Кеншінбаев көшелеріндегі кәріздік сорғы жабдықтары толық ауыстырылды. Басқару толық автоматтандырылды. Санация әдісімен Пушкин көшесінде кәріздік коллекторлар жөндеуден өтті.

Кәсіпорын қызметкерлері қол жеткен табыстарды еселей түспек. Алдымызға су құбырларындағы апаттар санын барынша азайту, то­зығы жеткен құбырларды жаңасына ауыстыру міндеттері тұр. Қаламыздағы барлық су құбырлары жа­ңартылатын болады. Су өткізгіш-кәріздік шаруашылығының қыз­меттері жедел жұмыс істеуі үшін диспетчерлік қызмет заман ағымына қарай ыңғайластырылған. Тұтынушылар үшін қызмет көрсету орталығы ашылған, онда кез келген мә­селемен жүгіне алады. Пайдалану шығындарын азайту бойынша оң экономикалық тиімділікке, ең бастысы, тұтынушылар сеніміне қол жеткізу – басты мұратымыз.

“Қызылжар су” жауапкершігі шектеулі серіктестігінің ұжымы Мем­лекет басшысының Жолдауында атап көрсетілген өндірісті жаңғырту және инновациялық техно­логияларды енгізу бағытындағы айқын міндеттерді орындау жолында бар мүмкіндікті пайдаланады, қиындықтарды еңсереді.

Жеңіс СҰЛТАНОВ,

“Қызылжар су” ЖШС-ның бас директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp