Шілденің 13-15 күндері аралығында Аққайың ауданында өткен “Ақ бидай – 2023” облыстық жазғы спорт ойындары спартакиадасы өз мәресіне жетті. Жылдағы дәстүр бойынша спорт сайысына барлық аудан қатысты. Бір жарым мың спортшыға аққайыңдықтар аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетті. Үш күнге созылған шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Спорттың баскетбол, футбол, үстел теннисі, велоспорт, дойбы, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, гір көтеру, бокс түрлері бойынша жеңімпаздар анықталды.
Жалпыкомандалық есепте үшінші орынға – Шал ақын, екінші орынға – Аққайың, жеңіс тұғырына Қызылжар ауданының спортшылары көтерілді.
Облыс әкімінің сыйлығы – “ГАЗель” автокөлігінің кілті жарысты жоғары деңгейде өткізген Аққайың ауданының командасына бұйырды. “Ақ бидай” жазғы спорт ойындарының ауыспалы туын Есіл ауданының спортшылары қабылдап алды. Ендігі жылы спорттық доданы есілдіктер ұйымдастырады.
Саламатты өмір салты насихатталған бұқаралық спорттың алауы өшірілгенімен қатысушылардың көңілінде бірлік пен ынтымақтың, сыйластық пен құрметтің шырағы маздады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.