Кез келген мемлекеттің өркендеуі ғылым мен білімге байланысты. Ғылым жолында аянбай еңбек етіп, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ғалымдарымыз жетерлік. Олардың бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы Бақытгүл Әубәкірова – “Кез келген ұзартылған нысандар мен темірбетон конструкцияларының апаттық бұзылуын ескертуге арналған күзет дабылының талшықты-оптикалық жүйесі” патентінің, “Ағаштан және пластмассадан жасалған конструкциялар” оқулығының, “Құрылыс мамандығы бойынша тәжірибе өткізуге арналған әдістемелік нұсқаулар” оқу-әдістемелік құралының авторы. Ашқан жаңалықтарын, ғылыми еңбектерін насихаттап, елімізді өркендету жолында атқарған істерін көпшілікке жеткізу үшін ғалымды әңгімеге тарттық.
– Біздің өңіріміздің ашылмаған сырлары мен танылмаған қырлары көп. Өзіңізді де көпшілік біле бермейді. Сондықтан өзіңізді оқырмандарға таныстырсаңыз. Сіздің ғылыммен айналысуыңызға кім немесе не әсер етті?
– Ғылымсыз адам өмірін елестету мүмкін емес. Ыбырай Алтынсарин атамыз айтпақшы, ғылымның нәтижесінде “айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызып”, “отынсыз тамақ пісіріп” жүрміз. Елдің, қоғамның дамуы – ғылымның дамуымен тығыз байланысты ғой.
Мен 1995 жылы Алматы қаласындағы құрылыс саласындағы негізгі және байырғы жоғарғы оқу орны болып табылатын Қазақ мемлекеттік сәулет құрылыс академиясын “Құрылыс бұйымдары мен конструкция өндірісі” мамандығы бойынша тамамдадым. Сонымен қатар Ресейдің Омбы мемлекеттік педогогикалық университетінде білім алдым. 1997 жылдан бері М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде шәкірт тәрбиелеп келемін. Оларға бар білгенімді үйретудемін және бұдан шаршамаймын. Құрылыс саласына қатысты оқулықтар, кітаптар жоқтың қасы. Сол үшін де біздің шәкірттеріміз оқу барысында қатты қиналады. Сол себепті ана тілімізде оқулықтар болсын деп, орысша оқулықтарды қазақшаға аударып, өзімізге икемдеп жаза бастадым. Ғылымға осылай аяқ бастым.
– Ашқан жаңалығыңыз туралы әңгіме өрбітсек. Ғылыми жаңалығыңыздың біздің еліміздің экономикасы үшін тигізетін пайдасы туралы айтып берсеңіз.
– Темірбетон конструкцияларын XIX ғасырдың тың жаңалығы деуге болады. Бүгінде құрылыс нысандарының барлығы дерлік солардың көмегімен салынып жатыр. Қазіргі уақытта әлемде күніне екі миллиард текше метрге жуық темірбетон бұйымдары өндіріледі. Оларсыз көпқабатты үйлер, өндірістік ғимараттарды салу мүмкін емес. Сондықтан темірбетон конструкцияларын, соның ішінде еден плиталарын, баспалдақтарды және іргетастарды қашықтықтан бақылаудың жоғары тиімді құралдарын дамыту қажет. Қазақстандағы өнеркәсіптік ғимараттардың, құрылыстар мен кешендердің салынғанына 60 жылдан астам уақыт өткен. Бұл – ел экономикасы үшін маңызды объектілер. Олардың жалпы тозуы мен пайдалану жағдайларын ескере отырып, тірек және қоршау конструкцияларының тұрақты мониторингі қажет. Жылына екі рет жиілікпен жүргізілетін жоспарлы техникалық тексерулер – аталған конструкциялардың кернеулі-деформацияланған сынақтар және салыстырмалы есептеулер арқылы белгіленетін жай-күйінің сыни параметрлерін анықтауға мүмкіндік береді. Ғылыми жаңалықтың біздің экономикамыз үшін тигізетін пайдасы осы.
– Ғылыми жаңалық ретінде патенттелген еңбегіңізді зерттеген кезде кәсіпорындармен қандай байланыс орнаттыңыз?
– Осы докторлық ғылыми-зерттеу еңбегімнің негізінде көптеген тәжірибелер өткіздім. Айта кетсем, Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орнындағы ірі зертханадан бастап, сонау Беларусь елінің Магилев қаласында 2020 жылы тағылымдамадан өттім. Ал біршама тәжірибелер біздегі “Единство” ЖШС-ның құрылыс базасында жасалды. Өткізілген тәжірибелер негізінде жыл басынан бері әртүрлі басылымдарда 15-ке жуық ғылыми-зерттеу еңбегім жарық көрді.
Ғылыми жаңалық ретінде патенттелген еңбегімді түсіндіре кетейін. Ол конструкциялардың кернеулі-деформацияланған жай-күйіне үздіксіз бақылау жүргізіп, қауіпті ақаулар мен зақымдарды уақтылы анықтайды, олардың даму динамикасын талдайды және қауіпсіз пайдалану мерзімін жоғары дәлдікпен болжайды. Мониторинг нәтижелері бойынша темірбетон конструкцияларының техникалық жай-күйін бағалау әдістемесі апаттық жағдайлардан сақтандыру және өтемақы сипатындағы шараларды алдын ала қабылдауға мүмкіндік береді.
– Қазіргі таңда еліміздегі құрылыс саласында пайдаланылатын темірбетон конструкциялары туралы не айтасыз?
– Қазақстанда құрылыс саласында арматуралы темірбетон конструкциялар мен жарғы темірбетон конструкциялары пайдаланылады. Мысалы, арматуралы темірбетон конструкцияларында темірлеуші арматура бар. Оны кеңсе, қала ғимараттары, құрылыс кешендері, көпірлер және тағы да басқа инфраструктураларды салған кезде пайдаланады.
Жарғы темірбетон конструкцияларында – арматурасыз темірбетон пайдаланылады. Олар су құрылысы, тұрақты ғимараттар, көше құрылыстары және басқа салаларда кеңінен қолданылады.
Темірбетон конструкциялары қазіргі таңда құрылыс саласында маңызды рөл атқарады. Олар кешенді бақылау, қауіпсіздік және құрылыс жобаларын дұрыс орындау кезінде құрылысшылар үшін өте маңызды.
– Бауырлас мемлекет Түркияда жер сілкініп, мыңдаған адам қаза тапқаны белгілі. Мамандар осынау табиғи апат кезінде жаңадан салынған тұрғын үйлер қирап, бұрын тұрғызылған ескі үйлер аман қалғанын айтып жатыр. Бұған құрылыстағы сапаның төмендігі себеп болды деген пікірлер бар. Маман ретінде осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Түркиядағы жойқын апаттың бір себебі жергілікті құрылысшылар мен жобалаушы мамандардың тиісті нормаларды есепке алмай, ғимараттарды қираудан қорғайтын қарапайым конструкциялық шешімдерді қолданбауы деп ойлаймын. Егер міндетті түрде қатаң қолдануды талап ететін нормалар бар десек, соның ең бастысы – сейсмикалық нормалар. Сейсмикалық нормативтермен жұмыс істегенде жауапсыздыққа, ұшқалақтыққа жол беруге болмайды. Біздің елде, оның ішінде Алматыда еш қадағалаусыз, талапқа сай келмейтін зәуілім үйлер оңды-солды салынып жатыр. Бұл – өте қауіпті. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Құрылыс сапасына деген бақылауды арттыру керек.
– Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ғалымдарға жасалған жағдай қандай?
– Университетіміз ғалымдарға гранттар, патенттер мен авторлық құқық куәліктерін алуда қолдау көрсетеді. Ғалымдарды жыл сайын рейтингтік журналдарда жарияланған мақалалары үшін марапаттап отырады, онымен қатар ғылыми қызмет үшін қосымша ақы төленеді.
– Еліміздегі ғылымның дамуындағы оң және кемшін тұстарды атап көрсетсеңіз.
– Бізде ғылым саласы әлі де ақсап тұр. Себебі ынталандыру деңгейі төмен. Ғалымдарға мықты демеу керек. Демеу дегенде барлығы қаражат деп ойлайды. Алайда ғылым тек ақшамен өлшенбейді. Бүгінгі таңда ғылыммен қағазбастылықсыз емін-еркін айналысуға мүмкіндік жасалуы керек. Сонда ғана сапалы болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.