Ресми ақпараттарға сүйенсек елдегі әрбір төртінші жұмысшы қауіпті жұмыс орындарында еңбек етеді екен. Мұндай жағдайда жұмысшының өз құқығын қорғай алуы маңызды. Сондықтан өндірісте жарақат алған жағдайда қалай өтемақы мен еңбекақы алудың жолдарын білгендері дұрыс.
Өңірімізде жыл басынан бері жұмыс орындарында 11 жазатайым оқиға тіркеліп, 10 адам жарақаттанып, өкінішке қарай бір жұмысшы қаза тапқан.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшы Азат Көшербаевтың айтуынша, Петропавл металл құрылымдары зауытында кран машинисі болып жұмыс істейтін азамат биіктен құлап, мерт болған.
Жалпы өндірістік жарақаттану деңгейі облыста өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға төмендеген. Сонымен қатар соңғы алты айда өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарға 100-ден астам тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 171 фактісі тіркеліп, айыпты деп танылған 37 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 7 млн. теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ 52 қызметкердің құқығы қорғалып, оларға 12,5 млн. теңге төленген.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.