Облыс әкімі Айдарбек Сапаров коммуналдық кәсіпорындардың басшыларымен жедел кеңес өткізді. Бұл кездесуге түрткі болған – Петропавл қаласы тұрғындарының коммуналдық қызметтің сапасына қатысты айтқан шағымдары. Әсіресе су құбырлары, электр және жылу желілерін жөндегеннен кейін жолдар қалпына келтірілмей, тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр.
Өңір басшысы мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайтынын, бұдан былай құрылыс жұмыстарын жүргізген компания он күннің ішінде жөндеу орындарын қалпына келтіретінін қадап айтты. Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындардың басшыларын өз учаскелерін жөндеуге үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Кеңесте облыс әкімі жол және коммуналдық қызметтердің іс-әрекеттерін өзара үйлестіру мәселесіне тоқталды. Бүгінде Петропавл көшелеріне асфальт төселіп жатыр, биыл барлығы 30-дан астам учаскеде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Тиісінше коммуналдық мекемелер асфальт төселмес бұрын өздерінің жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізсе игі.
Облыс әкімі бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігін айтты. Коммуналдық қызмет пен жол жөндеушілер бірлесіп, жұмыстарын жүйелі түрде атқаруға тиіс. Айтылған мәселелерді бақылауда ұстау Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевке тапсырылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.