Петропавл қаласының орталығында жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын Сабантой мерекесі өтті. Татар мен башқұрт халқының ұлттық мерекесіне қала тұрғындары көп жиналды. Ұлттық киімдер көрмесі, концерттік бағдарлама, мерекелік дастарқан, ұлттық ойындар шараның мазмұнын аша түсті.
“Сабантуй” татар тілінен аударғанда “жер өңдеу мерекесі”, – деген ұғымды білдіреді. Дәстүр бойынша бұл мерекені жиын-терім көп болсын деген ырыммен тойлаған. Заман ағымына қарай өзгеріске ұшырап, заманауи реңкке ие болған мереке бүгінде “ЮНЕСКО”-ның мәдени мұра жауһарлары тізіміне енгізілген. Біздің облыста биыл 34-ші рет тойланып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында он мыңға жуық татар мен башқұрт ұлтының өкілі тұрады. Олардың салт-дәстүрлерін, мәдениетін, тілі мен дінін сақтауға зор мүмкіндік жасалған. Сабантой мерекесінде татар және башқұрт тілдерінде тілектер мен құттықтаулар айтылып, ұлттық әндері мен билері орындалды.
Бұл күні жиналған қауымды жеткіншектердің өнері тәнті етті. Олар мерекелік бағдарламаның шымылдығын ашты. Өрендер үшін ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Этономәдени бірлестіктердің дайындаған сыйлығы да осы жеткіншектерге бұйырды. Ұйымдастырушылардың пайымынша, өскелең ұрпақ бұл дәстүрдің мән-мағынасын біліп өсуі керек.
Бояуы қанық концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздармен бірге Татарстаннан келген әншілер де өнер көрсетті. Опера және эстрада әншісі Руслан Габбасов – бірнеше халықаралық және республикалық конурстың жеңімпазы. Қызылжар сахнасында ол татар және башқұрт тілдерінде алты ән орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.