«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тайыншада көмір тапшы ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданының тұрғындары жыл сайын қайталанатын көмір тапшылығына шағымданды. Өткен қыста да қара отыннан қағылған тұрғындар, бұл жағдай биыл да қайталана ма деп алаңдаулы. Тұрғындардың айтуынша, былтыр ауданға көмір тиеген вагондар келгенімен, сатып алуға мүмкін болмапты. Тіпті, көмірді ауылдарға шығаруға да тыйым салынған екен.

Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжановтан мән-жайды білдік. Тұрғындардың көмірмен қалай қамтамасыз етіліп жатқанын түсіндірген әкімнің айтуынша, көмірді жеткізу және сату маусымы мамыр айынан басталыпты. Ауданда бұл қызметті “Стандарт” жеке кәсіпкерлігі, “Тамыз”, “ТЭК Альянс жолы” және “Север Энерго көмір Снаб” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сынды төрт кәсіпорын көрсетеді.

– Қазіргі уақытта әкімдік аталған кәсіпорындармен бірлесіп тұйықтарға көмір салынған вагондарды жеткізу бойынша мониторинг жүргізуде. Вагондарды жеткізу кестесі жасалады, оған сәйкес қандай кәсіпорындарда кідіріс бар екені анықталады. Егер көмір жеткізу қарқыны бәсеңдесе, мәселені шешу үшін дереу хат жолдаймыз. Ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының күшімен елді мекендердегі халықтың әлеуметтік осал топтарына және өздерінің жұмысшыларына көмір жеткізу мәселесі пысықталуда. Олар мүмкіндігінше көмірді әкеліп, халыққа береді. Бұл күзгі толқуды азайтады, – деді Берік Әлжанов.

Ауданда елді мекендерден автокөліктердің тұйықтарға кедергісіз кіру кестесі жасалады. Жеткізумен жеке тұлғалар айналысады. Көлік тапшылығы жоқ.

Тайынша ауданында көмірге жалпы қажеттілік 60,3 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде халыққа керегі – 40,6 мың тонна. Аудан тұрғындары әзірге 5,2 мың тонна дайындады. Көмір тұйықтарында 7 мың тонна бар. Берік Әлжановтың айтуынша, көмір вагондары үнемі келіп тұрады. Ең көп таралған көмір түрлерінің бағасы 15-16,9 мың теңгені құрайды.

Қазір ауданда халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көмірді мүмкіндігінше күзде емес, жазда алу керек. Бұл көмір тапшылығының алдын алады. Тұйықтағы көмірдің көлемі мен бағасы туралы ақпарат аудандық газеттерге жарияланыпты.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp