Облыс әкімі Айдарбек Сапаров тұрғындарды қабылдап, халықтың мұң-мұқтажын мұқият тыңдады. Азаматтармен тілдесе отырып, баспана алу төңірегінде туындаған барлық мәселелерді назарда ұстайтынын жеткізді.
Кездесуге келген тұрғындар шешімін күткен мәселелерін ортаға салды. Мәселен, облыс орталығынан 28 шақырым жерде орналасқан Мағжан Жұмабаев ауданы Лебяжье ауылының тұрыны, 11 баланы дүниеге әкелген ардақты ана Балхадиша Хаержанова өңір басшысынан баспана мәселесін шешіп беруді сұрады. Себебі үйі қызыл жалынға оранған, содан бері кейуана баспанасыз жүр.
Заң бойынша үйі жанып кеткен тұрғындарға мемлекет тарапынан баспана берілмесе де, бюджеттен және демеушілерден 700 мың теңгеден астам материалдық көмек көрсетіледі. Алайда жаңа баспана алуға бұл қаражат жеткіліксіз.
Әбден тозығы жеткен үйдің иесі Валентина Кузьмина да өз базынасын жеткізді. Баспанасы тозған үйлердің қатарында болса да, сүрілетіндердің тізіміне енбеген.
Өңір басшысы Мағжан Жұмабаев ауданының әкіміне көп балалы ананың өтінішін назарда ұстауды тапсырды. Ал тозығы жеткен үйдің мән-жайын анықтау мақсатында қала әкімі Серік Мұхамедиевті аталған мекенжайға жіберді.
Облыс әкімінің қабылдауына келген тұрғындар көтерген мәcелелерінің шешілетініне сенімді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.