Солтүстікқазақстандық палуан Аманғали Бекболатов кезекті мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Бұл жолы грек-рим күресінің шебері Будапешт төрінде өткен рейтингілік турнирде атой салды. Мажарстан астанасында 55 келінің үздігі бес бірдей қарсыласын жықты.
– Бірінші айналымда америкалық палуанмен күрестім. Екінші, үшінші айналымдарда ирандық және өзіміздің палуанды ұттым. Ал төртінші айналымда Грузия елінің өкілін айқын басымдықпен жеңдім, – дейді халықаралық турнирдің жеңімпазы Аманғали Бекболатов.
Осылайша ақтық сынға жолдама алған ол Румынияның үкілеген үмітімен белдесті. Қарсылас қанша мықты болғанымен қазақтың қайсар ұлынан айласын асыра алмады. Ойсырай ұтылды.
Бұл – биылғы соңғы әлемдік рейтингтік турнир. Бұған дейінгі екеуінде Аманғали Бекболатов алтын және қола жүлдені еншіледі. Мұндай жарыстардың қорытындысы бойынша жаһанның үздіктері анықталады. Бүкіләлемдік күрес қауымдастығы жыл соңында палуандардың көрсеткішіне сүйене отырып, ақшалай жүлде табыстайды.
Мажарстан астанасында қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері жалпы саны 2 жүлде еншіледі. Қоржынға Аманғалидың алтынынан кейін шымкенттік Мұхаммедәлі Мамырбек қола медаль салды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.