«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕЛІ ӘУЛЕТ – ӨРЕЛІ ҰРПАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Оған аудандық және қалалық кезеңнен сүрінбей өткен 28 отбасы  қатысты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы үш кезеңнен тұрады. Аудандық және қалалық кезең жеңімпаздары облыстық сынға жолдама алады. Ал облыстық кезеңде бағы жанған отбасы республикада өңір намысын қорғайды. Байқауға еңбекте, спортта, шығармашылықта жетістікке жеткен отбасылар қатысады. Бұл байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ сабақтастығын қоғамға үлгі ету.

“Мерейлі отбасы” байқауына қойылатын талаптар мен бағалау критерийлері бар, соның негізінде жеңімпаздар анықталады.

“Ауылдықтар – Отанына сіңірген еңбегі”, “Көпқырлылық – шығармашылық, спорт”, “Балалар – Қазақстанның болашағы”, “Менің отбасым – менің бағытым”, “Ата сөзі – көпбалалы үй”, “Ұрпақ тәрбиесі”  аталымдары бойынша 25  отбасы марапатқа ие болды. 

 “Мерейлі отбасы – 2023” ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі үшінші орынды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның атынан қатысқан Жаңатуғановтар отбасы, екінші орынды Қызылжар ауданынан келген Бекболатовтар отбасы иеленді. Сайыстың жеңімпазы – Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылынан келген Ескеновтер отбасы. Енді Ескеновтер отбасы сайыстың республикалық кезеңінде өңір намысын қорғайды.

Байқау жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтады.

– Отбасындағы ынтымақ пен ырыс-береке – ата-бабадан қалыптасқан дәстүр. Отбасындағы құндылықтардан елдің азаматтары қалыптасады, – деген Сәтжан Әйтенұлы белсенділік танытқан барлық отбасыға ризашылығын жеткізді.

Абайдың “Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен бөлінер, баяғыдай көрінер”, – деген тұжырымының бүгінгі күн шарасына тікелей қатысы бар екендігі сөзсіз. Әр халықта отбасылық құндылықтар, ата-анаға деген құрмет, ұрпақ тәрбиесі мен сабақтастығы қашанда маңызды ұғымдар саналады. Байқауға жиналған қауым осы халық өнегесін тағы бір мәрте түсінгендей болды.  Тағылымы мол шара өңірімізге танымал әншілер қатысқан концертке ұласып, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltsütık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp