Азық-түлік қауіпсіздігі – тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің барлық елдері үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және мықты мемлекет қалыптастырудың, оның табысты ұзақмерзімді дамуы мен экономикалық өсуінің басты шарттарының бірі. Алайда климаттың өзгеруі, кедейшіліктің кең етек алуы және қақтығыстар ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігіне зор қауіп төндіріп отыр.
2022 жылдың 21 қыркүйегінде Нью-Йоркте Африка Одағы мен Еуропалық Одақтың бірлескен төрағалығымен өткен азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитте сөйлеген сөзінде мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінде әлем алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өткен болатын.
Қазақстан үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бағыттарының бірі. Ол – мемлекеттің егемендігін сақтау факторы, демографиялық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі. Сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық ұлттық басымдықты іске асырудың қажетті шарты да осыған байланысты.
Қызылжар өңірі – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған стратегиялық маңызды аймақ. Себебі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 15і облысымызда өндіріледі. Ресми деректер көңілге қонымды болғанымен, азық-түлік қауіпсіздігі саласына қатысты мәліметтер бірқатар олқылықтың бетін ашады. Өткен жылдың соңында өңірімізде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша зерттеулер жүргізілді. Зерттеу барысында мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылының кейстері де талқыланды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басқару институтының профессорлары зерттеу барысында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшыларымен әңгімелесті. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі көрсеткіштерін құрудың дұрыстығы, заңға тәуелді актілердің жетілмегендігі, рәсімдер мен алгоритмдердің бұлыңғырлығы талқыланды. Мұндай зерттеудің біздің өңірде жүргізілуінің өзіндік себебі бар. Солтүстік Қазақстан облысы – шекарадағы аймақ. Өңір нарығын сырттан келген сапасы төмен тауарлар жаулап алған. Бұдан жергілікті өндірушілер зардап шегіп отыр. Себебі сапалы өнімін лайықты бағасына өткізе алмайды. Ал сауда желілеріне азық-түлікті көрші елдердің ірі өндірушілерінен төмен бағамен ірі көлемде сатып алған тиімді. Мұндай жағдайда жергілікті өндірушілер өндіріс көлемін азайтуға, жұмыс орындарын қысқартуға және тіпті нарықтан кетуге мәжбүр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, соңғы бес-жеті жылда облыста ет өнімдерін қайта өңдеуші компаниялардың саны екі есе қысқарған.
Өкінішке қарай нарықты сауда желілері басқарады. Олар нарықта кімдер қалатынын және жұмыс істейтінін шешеді. Біздің министрліктер оларды басқара алмайды, өйткені, сауда желілеріне әсер ету тетіктері жоқ. Егер сіздің өніміңізді бөлшек сауда желілері қабылдамаса, онда сіздің өндірісіңіз шығынға ұшырайды, өніміңіз тұтынушыға жетпейді. Жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджетке салық төлеу сауда желілері үшін маңызды емес. Сондықтан біздің экономикамыздың нақты секторы құлдырау үстінде. Соңғы бес жылда Солтүстік Қазақстанда да ет өңдеушілердің жартысынан көбі банкротқа ұшырады, бұл – он бес өндірістің жетеуі деген сөз. Оларды Ресейден келетін импорт алмастырды. Азық-түлік өндірісінің күрт қысқаруы – елдің ұлттық қауіпсіздігіне үлкен қауіп, – дейді ет өнімдерін қайта өңдеу өндірістік кешенінің директоры Светлана Меденникова.
Сондай-ақ кәсіпкерлер өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін тексеру тұрғысынан импортпен бәсекелесу қиын екенін айтдады. Жергілікті өндірісті санэпидқадағалау органдары үнемі тексеріп отырады, тексерістер азаматтардың өтініштері бойынша да, жоспарлы түрде де жүргізіледі. Импорттық өнімдер қазақстандық нарыққа шыққан кезде бір рет немесе үш жылда бір рет тексеріледі. Ал отандық санэпидемқызмет шетелдік өндірісті Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде орналасқандықтан тексере алмайды. Импорттық өнімдерді тексеру үшін қосымша қаражат қажет. Бұл проблемалар бүкіл елге тән. “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта азық-түлік импортының көлемі сыни деңгейге жетіп отыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысы шекаралық аймақта орналасқандықтан, мұнда жағдай тым күрделі.
Отандық кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті өндірушілерді қорғайтын мемлекеттік реттеу шараларын енгізу, нормативтік құжаттарда сауда желілерінде жергілікті өнімдер үшін басым жағдай жасау, сондай-ақ қазақстандық азық-түлік өнімдерін жылжыту мен танымал етуге сауда желілерін тартуға бағытталған мемлекеттік қолдау қажет. Сонымен қатар тұтынушыларға жергілікті өнімдерді сатып алудың артықшылықтарын түсіндіретін белсенді ақпараттық жұмыс жүргізу аса маңызды. Өйткені, халық отандық өнімді сатып ала отырып, жергілікті бюджетке салық түсімдерін жасайды.
Осы ретте “Ұлттық қауіпсіздік және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды мемлекеттік реттеу туралы” заңда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үш өлшемшарт айқындалғанын айта кеткен жөн. Бірінші өлшемшарт – бұл азық-түлік нарығындағы қолжетімділік деңгейін сипаттайтын азық-түлікке нақты қолжетімділік. Екінші өлшемшарт – халықтың азық-түлікті сатып алу мүмкіндігін сипаттайтын азық-түліктің экономикалық қолжетімділігі. Үшінші өлшемшарт – тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі.
Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспары қаралып, қабылданған болатын. Жоспар үш негізгі бөлімнен тұрады. Соның бірі ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту жөніндегі іс-шараларды іске асыруға бағытталған. Мәселен, үш жыл ішінде майлы дақылдар алаңдарын 3 млн. гектардан 3,5 млн. гектарға дейін, картоп алаңдарын 200 мың гектардан 215 мың гектарға дейін, жемдік дақылдарды 3,6 млн. гектардан 4,2 млн. гектарға дейін ұлғайту жолымен өсімдік шаруашылығында әртараптандыру жүргізілетін болады. Осы жылдың басында Үкімет басшысының орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігіне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуді тапсыра отырып, біздің өңірдің тәжірибесін таратуды тапсырды.
Алдағы екі жылға арналған жоспарға сәйкес халықтың азық-түлік тұтыну шығыстарының үлесін төмендету және бағаларды тұрақтандыру көзделген. Бұл азық-түлік тауарларының бағаларын болжау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушылар үшін сауда нарықтарының жалдау ақысын төмендету, бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы қолдауға көшу бойынша шаралар әзірлеу, тұрақтандыру қорлары қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайтудың жаңа нысандары арқылы кемінде 25 мың шаруашылық құру жолымен ауыл шаруашылығы жерлерінің айналымы, сондай-ақ жаңа суармалы жерлерді игеру сияқты іс-шараларды қамтиды. Ал үшінші бөлім тұтынушыларды қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету бойынша жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді.
Жоспарды іске асыру – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азық-түлікпен қамтамасыз етілу деңгейін арттыруға, халықтың азық-түлік тауарларына шығыстарын төмендетуге және тұтынушыларды қауіпсіз өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алайда қағаз жүзінде күрделі мәселенің түйіні тарқатылғанымен, жыл сайын 5 млрд. теңгеге импорттық азық-түлік сатып алып отырғанымыз еске түссе, сенімнен гөрі күмән басым.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.