Қатты ауырып, жанын қоярға жер таппаған адам ең бірінші “Жедел жәрдем” қызметіне жүгінеді. Олар жылдың қай мезгілі болмасын, күн-түн демей шақыртуға жылдам жетіп, науқастарға қажетті көмекті көрсетуге әзір. Қиындығына қарамастан осы салада адал еңбек етіп, жұрттың алғысына бөленіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – фельдшер Александр Корольков.
Қостанай облысының тумасы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжін тамамдағаннан кейін осы жерде тұрақтап қалған. Оған да біраз жыл болыпты. Кейін Орынбор қаласында жоғары медициналық білім алады. Қазір қоғамдық денсаулық сақтау бағыты бойынша магистратурада оқып жүр.
– Медицина саласында 2010 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Алғашқы жұмыс орным – сот-медициналық сараптама орталығы. Ол жерде бір жыл еңбек етіп, кейін облыстық жедел медициналық көмек орталығына фельдшер болып орналастым. Содан бері осы мекемеде еңбек етіп келемін, – деген Александр Корольков фельдшер мен дәрігердің айырмашылығын айтып берді. Фельдшер – орта медициналық білім иесі, медициналық қызмет көрсетуге сертификаты бар, дәрігер – жоғары медициналық білімі бар және аккредитациядан өткен маман. Фельдшердің міндеті – дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті көрсету, ал дәрігер нақты медициналық көмек береді. Шақыртуға келген фельдшер емдемейді, ол ауруды жеңілдетеді, ал дәрігер емдейді.
Медицина саласында жұмыс істеу оңай емес. Ол үшін адамға білімді болу аздық етеді. Таңдаған мамандығыңды жан-тәніңмен сүюің керек. Мейірімділік, қайырымдылық сынды адамгершілік қасиеттер де ақ халаттылардың мерейін үстем етеді. Медицина қашанда сұранысқа ие, мұнда жақсы маман болу, халықтың алғысына бөлену көп жағдайда маманның өзіне байланысты. “Жедел жәрдем” қызметінің мамандары жол-көлік апаттары орын алған жерлерге барады, оқыс оқиғалардан жарақат алғандармен де жұмыс істейді. Дәрігерлерді осындай психологиялық жүктемеге уақыт шыңдайды екен. Екіншіден, өзінің мамандығын жақсы көрген адам оның қиындығына да төзеді.
– Медицинада кәсіби деформация деген термин бар. Бұл адамның жеке қасиеттерінің оның кәсібіне байланысты өзгеруі деген мағынаны білдіреді. Оған ұрынбау үшін сабырлылық танытуға тырысамын. “Адамға көмектесу керек”, – деген ұстанымыма берік болып қалғым келеді. Жұмыс барысында әртүрлі жағдайлар кездеседі, сырқаттар қайтыс болып жатады, егер де оның әрқайсысын ойлап, қайғыратын болсаң, сен әрі қарай жұмыс істей алмайсың. Кез келген адамның қорғаныс реакциясы болады. Егер бәрін жүрегіңе жақын қабылдасаң эмоционалды тұрғыда шаршайсың, бәрінен түңіліп кетуге болады. Психологиялық ауыртпалықпен әркім өзінше күреседі, мен отбасыма көңіл бөлемін, табиғат аясына шығып демаламын, – деген фельдшер жұмыстың қиын тұстарына да тоқталды. Өлім аузында жатқан адамның өмірі үшін күресу дәрігерге зор жауапкершілік жүктейді. Клиникалық өлім кезінде әр минут қымбат. Жарты сағаттың ішінде науқастың бетін бері қаратпасаң, қалған әрекетіңнің бәрі бекер. Осы аралықта бригаданың әр мүшесі бар күшін салады. “Жедел жәрдем” қызметінде еңбек етіп жүрген жылдары оннан астам адамның өмірін құтқарды. Күйінген кездері де болды.
Бір тәулікте бригада орта есеппен 8-12 шақыртуға барады екен. Негізінен созылмалы аурулары бар сырқаттардан шақыртулар жиі түседі. Оқыс оқиғаларда жарақат алатындар да аз емес. Әсіресе ауа райына қарай шақыртулардың түрі де өзгеріп отырады. Мысалы, өткендегі аптап ыстықтарда және жауынды күндері жүрек-қан тамыры ауруларына қатысты шақыртулар көп болған. Желді және бұлтты күндері ас қорыту жүйесі, көктем-күзде вирусты аурулармен шақырту көбейеді.
Шақырту бойынша құстай ұшып жеткенімен, барлығының бірдей көңілінен шығу мүмкін емес. Сырқаттардың арасында жұдырық ала жүгіретіндер, қорқытатындар да бар. Мұндайлар көбіне спирттік ішімдік ішкендер немесе есірткіге еліткендер. Ондайда маман жанжалды ушықтырмай басуға тырысады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.