«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙҒА ІНІ, АЛАШҚА АҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлтымыздың рухани көшбасшы­сына айналып, халқымыздың фило­со­фиясы мен әдебиетіне ауқымды өзгеріс әкелген бірден бір тұлға – Абай Құнанбайұлы. Абай жайлы сөз болғанда Көкбай Жанат­айұлы, Ақыл­бай Абайұлы, Мағауия Абай­ұлы, Әріп Тәңірбергенов сынды ақындардың есімі бірге аталады. Оның осындай бір топ шәкірттерінің ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының алар орны зор. Шәкәрім ақын бала кезінен немере ағасы Абайдың тәр­биесінде болып, тағылымын бойына жиып, ең үздік шәкірті атанды. Әдебиеттегі Абай салған сара жолды жалғап, кең танылуына ықпал етті. Биыл сөзіне алаш ұйыған данышпан Шәкәрімнің дүниеге келгеніне 165 жыл толып отыр.

Шәкәрім Құнанбайдың үлкен ұлы Құдайбердіден тарайды. Құдайберді ақынның бала кезінде айықпас дерт­тен қайтыс болады. Абай болса,  ағасының артында қалған ұрпағына қамқор болуды өз мойнына алған екен. Бұл кезде Шәкәрім небәрі жеті жастағы бала еді. Ол әкеден айыры­лып, жетім қалғанына қайғырып, ал­ғашқы өлеңін шығарады. Інісінің өлең­ге деген қабілетін байқаған Абай оның ұстазына айналады. Алай­да ауыл мектебінен білім алған Шәкәрім одан әрі оқу іздеп, сол замандағы үлкен білім ордаларына ұмтыла қоймайды. Мұны ол өз жаз­ба­ларында былай түсіндіреді: “Қа­жы марқұм жетім деп аяп, қысып оқы­та алмай, ғылымнан мақрұм қалып, жетімдікті сылтау қылып, ойыма не келсе соны істеп, әдепсіз, ғылымсыз өстім”. Құнанбайдың бұлай етуінің де өзіндік себебі болса керек. Өйткені бұған дейін Омбы, Мәскеуде білім алған Халиолла есімді ұлы қайтыс болғаны бар. Абайды да Семейден қасына шақырып алып, Шәкәрімді де алысқа жібермегенінің сыры осы болуы мүмкін. Арнайы оқуды тамам­дамағанымен Шәкәрім жасынан әдебиетке жүйрік, зерек болды. Ұлы Ахат Шәкәрімұлының жазбаларына үңілсек, ол бала кезінен “Мың бір түн” әңгімелерін оқыған, араб, парсы бәйіттерін, “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Қыз Жібек” сынды жырларды жатқа білгенін көреміз. Яғни Абай сияқты Шәкәрім шығармашылығының да бір бастауы жасынан жадына сіңген ауыз әдебиеті болған.

Ақын жайлы зерттеулерде оның ғылымға, әдебиетке қызығушылығы ояна бастаған шағы 15 жасар кезі делінгенмен, оның сол кездері жаз­ған­дарының біразы бізге жетпеген. Парасат биігіне қол созған Шәкәрім де өзінің тырнақалды туындыларын құнттап, жинастыруға құлықты бол­маса керек. Тіпті өзге ақындарға елік­теп, жастық сезімін сөз еткен алғаш­қы жырларын автордың өзі де өртеп жіберуі мүмкін. Оның үстіне жиырма­сында болыс болып сайланған жанның ел ісінен қолы босап, жырға бет бұруы қиын. Сөйткен ақын тек 25 жасында ғана өз бағытын айқындап Абай салған жолға түседі. Оның өзіндік көзқарасы, ой-пайымы қа­лып­тасып, көптен даралана бастай­тыны да осы жылдар. Өз сөзінде ақын үнемі ағасы Абайды аузынан тастамай, жеткен биігі осындай ұлы ұстазының арқасы екенін айтып отырған. Бас ақынның тәрбиесінде болып, ақылын тыңдап жүргенмен жас жігіт өлең соқпағына бірден түсіп кетпейді. Тіпті алғашқы сәтте ұстазы екеуінің арасында пікір қайшылықта­ры да туындап отырған. Бұған Шәкә­рімнің сол кездегі жазылған туынды­лары мен Абай өлеңдері дәлел. Әрі Абай да қасындағы жастарға бағыт беріп жүргенімен, өзге істерден бас көтеріп, бұл іске біржола беріле алмаған. Тек өмірінің соңғы он жыл­дығында ғана өнімді шығармашы­лық­пен айналысуға, айналасындағы жастармен еркін сұхбат құруға жағ­дай туып, кесек туындыларды дү­ниеге әкеледі. Шәкәрімнің де өз ұстазының бейнесін шын танып, жақын араласып, жиі пікірлесіп, үлгі тұтатын жылдары осы. Абайдың қа­сына жиналған ақындар тобының да Шәкәрімге ықпалы болды. Олар үнемі бір-бірімен жыр жарыстырып, дана Абай қазылық ететін жыр бәй­гесіне түсіп, жетіліп отырған. Осын­дай сәттерде жас ақынның өз қатар­ластарынан озып, ұстазының ықы­ласына бөленген кездері көп болған. Абай өз інісіне тек әдебиет ісінде ғана емес, ел басқаруда да жетекші­л­ік етіп, кеңес берген. Болыс сайла­уына да ақын осы ағасының айтуы­мен түсіп, жеңіп шыққан. Осылайша бұл қызметті 1878-1880 және 1887-1888 жылдары атқарған. Елі де оның әділдігі мен абыройына бас ұрып шешен, би деп қадірлеген. Оған қа­тысты осындай оқиғалардың бірі “Абай жолы” романында жазылған. Онда кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов ақынға “Абайдан соңғы біл­гір” деген бағасын береді. Сол кездің куәгерлері Шәкәрімнің небір шырмауы қиын істерге төрелік айтып, ұры-қарыға айыбын мойындатып, әділдікке жақ болғанын жазады. Бидің алдына ақиқат іздеп келген адамның наразы болып кеткені бол­майды екен. Шәкәрім бұл қызметтен кеткеннен кейін де бірталай жұмыстарға араласып би болып жү­реді. Ал оның орнын Құнанбайдың өзге ұрпақтары басқан.

Бала кезінде Құнанбайдың ерке немересі болып, кейін топ бастап, елінің тізгінін ұстап талай дау мен таласта күйіп-піскен ақын қырыққа жеткен шағында өткенге көз жүгіртіп, көп ойға салынады. Осылайша ойшылдыққа бет бұрып, бұрынғыдан де терең ізденіп, ғылым жолына бет бұрды. Бұл жайында ол өз өлеңінде:

Жиырма мен қырық арасы –

Жас өмірдің сарасы,

Бос өткенін қарашы,

Жүрекке толып қанды ірің, – деп жазады.

Құнанбайдың қалауымен, Абай­дың қолқалауымен болыс, би болған ақынның қырыққа дейін істеген ісі де аз еместі. Ол елге еңбегі сіңіп, жақсы ат алып, жыр әлемінде де олжа салып үлгерген. Десе де өз заманындағы ғылым жетістіктеріне құлаш ұрып, көп дүниені таныған жан бұдан да биік шыңға ұмтылады. Өз кезінде Абай да “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” деп сан соқса, шәкірті де осындайды бастан өткер­меу үшін әрекет етті. Күнделікті дау шардың баянсызын ұғып,  бұрын өзі ішіне еркін ене алмай жүрген ғылым әлемінің есігін ашты.

40 жасынан бастап Шәкәрім Құдайбердіұлы талмай ізденіп, қолы жеткенше білім алды. Ол қолына түскен еңбектің бәрін бойына жия бермей, ғылымның шын сипатын түсінгісі келді. Ақыры бұл мақсатына да жетті. Ол ғылымды “Алланың бір сипаты” деп танып, ақтық демі тау­сылғанша бойына адамзат ақы­лы­ның асылын сіңіруге тырысты. Осын­дай сәтте оның қаламынан “Қазақ айнасы” жинағы дүниеге келді. Аталған жинақ 1912 жылы баспа бетін көрді. Аты айтып тұрғандай кітапқа енген жырларында ақын ұлтының сол кездегі келбетін бейнелеп, кемшіліктерді сынға алады, елін білімге шақырады, кейінгі буын інілеріне Абай бейнесін үлгі етеді. Осылайша бодандықтың қамытын киіп, қараңғы заманда адасқан жұртына жол көрсетуге тырысты. Ол үшін, ең алдымен, ұлттың сапасын арттырып, отаршылдықтың зардап­та­рынан құтылуы керек еді. “Қазақ айнасы” осы мақсатта жазылған еңбек. Ақынның өзі де оны жазудағы мақсатын “Жаздым “Қазақ айнасын”, Мінез түзеу айласын” деп көрсеткен.

Осынау ізденісі ақынға орыс әде­биетінің бетін ашып берді. Шығыс­тың жырларын, бірнеше тілін білген ол енді батысқа бет бұрып, қаламгер­лерімен таныса бастайды. Сол жылдары Шәкәрім шығар­машылы­ғы­на Толстой, Салтыков, Лермонтов, Гоголь, Пушкин, Некрасов сынды әде­биет алыптарының әсері болға­ны анық. Оның бұл авторлармен танысуына Абайдың да себеп болуы бек мүмкін. Ақын өзі оқыған батыс қаламгерлерінің көтерген мәселе­лерін, тақырыптарын меңгерді. Атақты ағартушы-демократтардың көзқа­рас­тары ғылым жолындағы жанның тынысын ашып, алысты жақындат­қан­дай болды. Кейіннен Шәкәрім өзі оқыған туындылардың біразын қазақ тіліне аудара бастады. Бұл да өзі тұрған жердегі Абай қалыптастырып кеткен мектеп еді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы шығар­ма­шылығының тағы бір қыры – зерт­теушілігі. Ғылым жолына түскен жан­ға өз білмегімен бөлісіп, елдің көзін ашу – міндет. Сондықтан Шәкәрім де өзі білген, ақиқатына жеткен дүниелерді хатқа түсіріп, қаттап отыр­ған. Әсіресе оның “Түрік, қыр­ғыз-қазақ һәм хандар шежіресі” атты еңбегі көне дәуірден бастап, хандық дәуірге дейінгі оқиғаларды жүйелеп, сан ғасырлық тарихымызды баянда­ды. Аталған зерттеудегі оқиғалар мен деректердің растығын тексеру, әрине, кәсіби тарихшылардың ісі.

Жоғарыда Абай мен Шәкәрім өмірінің байланысы жайлы бірнеше рет айтып өттік. Абай ғұмырының со­ңына дейін өз шәкіртіне жанашыр бо­лып, қарым-қатынасын үзбеген. Оның шығармаларының Шәкәрімге зор әсер еткені сияқты, Шәкәрім жыр­ларының да Абай еңбектерінде өз ізі бар. Олар ұстаз бен шәкірт қана емес, бір-бірі үшін адал сырлас, жан­ашыр кеңесші, әділ сыншы еді. Өзін кішкентайынан жетелеп әкеліп топқа қосқан, қай жерде де ақылшы болған ұстазының өлімі Шәкәрімге үлкен соққы болып тиді. Ақын үлкен ағасы­ның жерлеуін, қырқын, жылын өзі ат­қарып, бір жыл бойы қайғы жұтты. Кө­ңілі өлгендей күй кешіп, өмір көшіне қайта ілесуге тырысты. Жанын жыр­мен қамшылап, қайта еңсе көтерді.

Өміріне үлкен өзгеріс әкелген 1917 жылға дейін ақынның “Шежіре”, “Мұсылмандық шарты”, “Үш анық” кітаптары, “Қалқаман-Мамыр”, “Ең­лік-Кебек” дастандары жарық көрді. 1917 жылғы төңкерісті қуана қарсы алған ол Алашордашылардың жағы­на шығады. Алаштықтар 1918 жылы қажыны облыстық соттың басшысы етіп сайлады. Алайда елім деген ерлердің бұл ісі тұйыққа тіреліп, Шәкәрім қайтадан шығармашылық­қа бет бұрады. Бұл жолы біржола ел­ден оңашаланып, саятқораға ат басын тіреп, қалған өмірін осылай өткізді. Кейінгі кеңес кезеңінде де ол өз ісінен айнымай, жазуын тастаған жоқ. Бұл туралы Қайым Мұхамедха­нов “Кеңес дәуірінде де Шәкәрімнің қаламы қолынан түскен емес” деп жазады. Бірақ ол өзгелер ойлаған­дай елден саяқ жүріп, мүлде бейтарап қалған жоқ. Жаз уақытында айналасындағы жұртпен араласып, қыс бойы қаламды серік етті. Маңа­йындағы ауылдар да оған ілтипат білдіріп, құрметтеген деседі. Алайда бұл билік өкілдерінің Шәкәрімнің сол уақыттағы толқуларды ұйымдасты­рушысы болуы мүмкін деген күмәнін арттыра түседі. Сөйткен ақын 1931 жылдың күзінде жазалаушы отряд­тың қолынан қаза табады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлты­ның басындағы жайды терең түсін­ген, сол жолда күресіп өткен заманы­ның озық тұлғасы еді. Ол екі ғасыр­дың да куәгері, екі дәуірдегі ойы озық аза­мат­тармен пікірлес болды. Өз зама­нындағы Ә.Бөкейханов, М.Әуе­зов, Ж.Аймауытов сынды алыптар­мен рухани байланысы үзілмеді. Ұлт көсемі Әлихан оның бірқатар еңбек­теріне талдау жасаса, Мұхтар Әуе­зов жиі кездесіп, Абай төңірегінде, әдебиет жайында ұзақ сұхбат құрды. Оның Алаш қайраткерлерінің қол­даушысы болғанын Сұлтанмахмұт Торайғыров та жазады:

Ерте оянған кісінің біреуі осы,

Бұл жұрттың түзеймін деп

антұрғанын.

Бір жолмен Байтұрсынов,

Бөкейханға,

Ақсақал бола алғандай

осы кәрің.

Осылайша жасында Абайға шә­кірт болған дана ақын есейген шағында өзі де Алаш қайраткерлеріне аға болып, ақсақал атанды.

Бір өкініштісі өзге арыстарымыз сияқты Шәкәрім Құдайбердіұлының да біраз шығармалары елімен қа­уыша алмады. Оның біраз жазбала­ры тұтқындалғаннан кейін өртеніп кеткені жайлы дерек бар. Десе де қаламгер көзі тірісінде жазғандарының жарық көріп, жұртқа тарауына барынша пейілді болған. “Кітап жаз, бастыр, оқыт қазаққа” деген ақын, өз ұлтына кітап оқытудың, сауатын ашу­дың қаншалықты маңызды екенін түсінген. Сондықтан шамасы жет­кен­ше біраз еңбегін өз қаражатына бастырып, таратуға тырысқан. 1931 жылы жазушы Сәбит Мұқановқа хат жазып, өзінің жазғандарын жолда­ған. Бұл ойшылдың ғұмырының со­ңында жазылған ең соңғы хаты бо­луы да мүмкін.

Қоғамдық пікірді өзгертуге тыры­сып, ағысқа қарсы жүрген адамның күресі азапқа толы болатыны анық. Ғылымға, әдебиетке ден қойған        Шәкә­рім де осы азаптың отына күйіп өмір­ден баз кешті. Бір өлеңінде “Ел тіліме көнбеді, Жыладым да қамық­тым” десе, енді бірде “Ал енді қайтіп ел болды?” деп ойға кетеді. Ол жұрттың бойындағы кесір мінезді, кертартпа қылықтарды көрді. Көре тұра үнсіз қалуға, соны түзетуге іс қылмауға ары жібермеді. Елін сүй­ген, оның болашағына сенген соң, “Сөзімді ұқса, ойланар кейінгі жас” деп кейінгілерден үміт күткен соң қаламымен қараңғылыққа қарсы тұрды. Өзі көрген өмірдің теріс тұстарын ашып жазды.

Жуаны қылады зорлық,

Момынның көргені қорлық, – деп әділетсіздікті жырға қосты.

Осы сияқты жұрттың бойындағы мақтанқұмарлық, ысырапшылдық, еріншектік, талапсыздық, айла­кер­лік, зұлымдықты сынға алды. Елінің басы қосылмай, жан-жаққа бытырап жүргенінің себебі надандық деп ұқты:

Ар қайда? Рақым қайда?

Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз

әрбір сайда?

Көз жұмып, “көппен көрген

ұлы той” деп,

Береді бұл надандық

кімге пайда?

Ал надандықтың осынша кең тарауының себебі халқының еңбек­тен қашып, жалқау тартып бара жатқанынан деп білді:

Ерiншектен – салақтық,

Салақтықтан – надандық.

Бiрiнен-бiрi туады,

Жоғалар сүйтiп адамдық.

Осылайша өз қазағын білімге шақырған ағартушы бола білді. Бі­лімді ұлттың теңдікке жетіп, өзгелер­ге қор болмайтынын, бір-бірімен араз болмайтынын түсінді.

Сен ғылымға болсаң ынтық,

бұл сөзімді әбден ұқ.

Білгеніңнің жақсысын қыл,

білмегеніңді біле бер.

Білген ердің бол шәкірті,

білмегенді қыл шәкірт,

Үйренуге намыс қылма, үйретуге болма кер, – деп өзі үміт күткен жас буынға жол көрсетіп, ғылымның шы­рағы жанып, қараңғы елге жақсылық әкелеріне сенді.

Егін сал, не сауда қыл,

малыңды бақ,

Білім білген әр істе

шебер болмақ.

Қол өнерден пайда қыл

үйреніп-ақ,

Кетпес дәулет осы ғой құдайға хақ, – деген ойымен ұлтын еңбекке ша­қырып, кедейлерді қатарға қос­қысы келді.

Шәкәрім өз еңбектері арқылы кейінгілерге қалай өмір сүру керек­тігін көрсетіп кеткен ғұлама.  Ол “Мұ­сылмандық шарты” еңбегінде күнде­лікті дұрыс-бұрыс әрекеттерді тара­зы­лап, парыз, уәжіп, намаз, ораза, зекет сияқты ұғымдарға анықтама берді. “Ашу мен ынсап”, “Шаруа мен ысы­рап”, “Анық пен танық”, “Махаб­бат пен құмарлық”, “Мақтау мен сө­гіс” сынды бір топ өлеңдері арқылы түрлі құбылыстарға баға беріп, оқыр­манын жаманнан жирендіріп, ізгілік­ке үндеді. Ал “Үш анық” еңбегі жара­тылыс пен жаратушы хақында тал­дау жасаған көлемді туындысы сана­лады. Осындағы ойшыл көрсетіп берген үш анықтың өзі үлкен талдауды қажет етеді. Мұнда көтерілген “ұж­дан” ұғымы ұлтымыздың өзіне сай асыл құндылығының белгісіндей. Еңбекте сол заманның өзінде атом, ме­тафизика, жан, рух, спиритизм ұғымдарының тарқатылуы автордың асқан білімпаздығының дәлелі. Ол жаратылыс сырын тек өз көзімен па­йымдамайды. Өзі оқыған Пи­фагор, Эпикур, Демокрит, Ньютон сынды хә­кімдердің (Абай оларды хәкімдер­ге қосқан) шығармаларын талдап, сіл­теме жасайды. Осылайша әлем­дік ғы­лымның теңізінде еркін жүзіп, ін­жу-маржанын қазақ керегіне жара­тып, оқырманға лайықтап беріп отырған.

Дана Абай “Жүректің көзі ашыл­са, Хақтықтың түсер сәулесі” дейді. Жүрегінің көзін ғылыммен ашып, кеудесіндегі толы хикметін еліне берген сондай асылдардың бірі – Шәкәрім еді. Көкірегіне хақтың сәу­лесі түскен осындай ерекше сезімді ақын былайша жырлайды:

Ақылдан бойға сыр тарап,

Үміттің шамы жанған күн.

Мына жолдар да Шәкәрімнің ақиқатты танығандағы сәтін сурет­тейді:

Ескі иманды отқа өртеп,

Асыл иман алған күн.

“Ақылдан бойға сыр таратқан” Шәкәрім “ақыл” ұғымына да ерекше мән береді. Ақын жалаң ғылымның жарға жығатынын біліп, оның қасына нұрлы ақылды қосады. Осылайша ақылмен табылған ғылымның қайыры болатынын сөз етеді.

Ғылымсыз адам – айуан,

Не қылсаң да, ғылым бiл.

Ғылымға да керек жан,

Ақылсыз болса, ғылым тұл.

Шәкәрімнің шығармашы­лығында осы сияқты ой, еңбек, уақыт, иман ұғымдарының да алар орны зор. Ой­шыл Абай мектебін жалғастырып, осындай асыл ұғымдарымыздың ая­сын кеңітіп, мәнін айшықтай түседі.

Данышпан Шәкәрімнің өз өлең­де­рінде көтерген өзекті тақырыпта­ры мен айтқан ойлары көп. Енді ой­лы оқырман соның қадіріне жетіп, кіл­тін тапса екен. Шыңырауы терең Шә­кәрімнің толғамдары бүгінгі қа­заққа да жол көрсетуге жарап тұрғандай.

Жазықсыз жала жабылып, құр­бан болған ақынның есімі алғаш рет 1959 жылы ақталды. Алайда әде­биет зерттеушілер ақын шығарма­шы­лы­ғына бойлай алған жоқ. Ал тал­пыныс жасағандар өздері күдікке ілін­ді. Тек 1988 жылы екінші рет ақ­талғаннан кейін ғана шәкәрімтану­дың күні туып, зерттеушілер қолға ала бастады. Тәуелсіздік алған жылдары оның кітаптары қайта басылып, көлемді еңбектер жазыл­ды. Семей университетіне ақынның есімі бері­ліп, ескерткіші орнатылды. Тегі асыл қажының сүйегі 30 жыл бойы құдықта жатуы да – ұлт та­рихындағы үлкен қасірет. Тек 30 жыл өткеннен кейін ұлы Ахат сол оқи­ғалардың куәгер­лерінің көрсетуімен құдықты тауып, ақынды арулап Абай жатқан жердің маңына жерледі. Бүгінде мұнда қос алыптың құрме­тіне үлкен кешен салынып, биік күм­без тұрғызылған. Шәкәрім Құдай­бердіұлының өмірін зерттеп, шығар­маларын таныту жо­лындағы бұл жұмыс әлі де жалғасуы керек. Қа­ламгердің жоғалған шығар­маларын табу, қолда бар туынды­ларының жазылу тарихын анықтау, өмірінің белгісіз кезеңдерін зерделеу ісі бүгінгі ұрпақ арқалайтын аманат болмақ.

Дәулет ҚҰРМАШ,

Дәуқара орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.  

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp