Облыста “Мектепке жол” жалпы республикалық қайырымдылық акциясы бастау алды. Биыл ол “Жақсылықты жаса” ұранымен өтпек.
2019 жылдан бастап жыл он екі ай өткізілетін қайырымылық акциясы аз қамтылған, көп балалы және тұрмысы нашар отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Балалардың мектепке баратын уақыты таяған шақта олардың кем-кетігін түгендеуге ерекше назар аударылады.
Өңірімізде тұрақты негізде көмек көрсететін жүрегі мейірімге толы жандар баршылық. Олардың арасында әкімдік басқармаларының, аудандар мен қалалық әкімдікке қарасты бөлім қызметкерлері, “Мәмбетов және К”, “Петропавл арақ-шарап зауыты”, “АЗКО”, “Буденное СК”, “Раисовское”, “Астық Привольный”, “Западное СК”, “ES GLOBAL AGRO”, Тахтаброд, “Адани Агро”, “Содружество”, “Компания Эдил”, “Азия-Тарангул”, “Визигина”, “Кантемир-Агро”, “Заградовское”, “Прометей-Агро”, “Бромот С.В.” сияқты кәсіпорындар бар.
Былтыр акция аясында 13575 балаға 413 млн. 105 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Биыл білім бөлімдері көмекке мұқтаж балалардың тізімін жасады. Акцияның қайырымдылық шарасы екеніне назар аудартып, демеушілер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта аз қамтылған отбасылардан шыққан 11539 балаға мектеп формасы, спорттық киім қажет екені анықталды. Киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу үшін 40567 теңге мөлшерінде төлемдерді жүзеге асыру жоспарланған.
Оқу жылының басталуына бір айдай уақыт қалғанын еске сала отырып, облыстық білім басқармасы көмекке зәру балалардың болашағына бейжай қарамайтын адамдарды осы игі іске қатысуға шақырады. Қайырымдылық қолдау қиын жағдайға тап болған балаларды оқу жылына дайындауға едәуір сеп болмақ.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Soltüstık Qazaqstan”.