Оқу-ағарту министрлігі маусым айында барлық облыстардың білім басқармалары қызметіне кешенді мониторинг жүргізді. Оның қорытындысы бойынша біздің өңірдің әдістемелік орталығы үздік атанды. Өзге өңірлердегі әріптестеріне айтар кеңесі, көрсетер тәжірибесі бар білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының тиімді жұмыс тәжірибесін тарату мақсатында республикалық семинар ұйымдастырылды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен шараға Абай және Қостанай облыстарынан 20-ға жуық маман мен онлайн режімде білім саласының жүздеген қызметкері қатысты. Кездесу барысында білім беру жүйесінің дамуына әсер ететін факторлар айтылып, өзара кері байланыс орнатылды.
– Бүгінгі іс-шара барысында жылдар бойы жинақтаған тәжірибемізбен бөлісіп, оның нәтижесімен таныстырамыз. Бұл семинар екі форматта өтіп жатыр. Офлайн форматта қатысуға ниет білдірген педагогтар, директорлар, білім басқармаларының мамандары, әдістемелік орталықтардағы әріптестеріміз залда отыр, – дейді білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары Бақыт Ғабдуллина.
Айдар Әбдухамитов семинарға Абай облысынан келген. Оның айтуынша, ондағы инновациялық-әдістемелік орталықтың ашылғанына көп болмаған. Сондықтан бұл семинар – қызметкерлер арасында тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік.
– Біздегі орталықтың ашылғанына 7 ай ғана болды. Сондықтан осындай озық тәжірибе тарататын ақпараттық технологиялар орталығының жұмысын көру – бізге кәсіби тұрғыдан зор көмек, – дейді Абай облысы білім басқармасының инновациялық-әдістемелік орталығының тәрбие бөлімі жөніндегі басшысы Айдар Әбдухамитов.
Білім саласының қызметкерлері конференциядан кейін “Мирас” бөбекжай-балабақшасына барды. Бұл жерде мектепке дейінгі білім мекемесі өз іс-тәжірибесімен бөлісті.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.