“Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар” деген рас. Орталарында бала болмай, шаңырақтары шайқалып жататын ерлі-зайыптылар аз емес. Ажырасу фактісінің 20 пайызы осы қиындықтың төңірегінде туындайды екен. Осы мәселенің алдын алу үшін елімізде 2020 жылы “Аңсаған сәби” бағдарламасы іске қосылған болатын.
Бүгінде арнайы бағдарлама аясында жасанды ұрықтандыруға берілетін квота саны жеті есеге өсті. Биыл өңірімізге 190 квота бөлініпті. Бұл квоталарды пайдалануға ниет білдірушілер қатары қалың. Солардың бірі – Алина Забликованың тұрмысқа шыққанына бес жыл болған, келіншек бала сүюді армандайды. Оған аудандағы мамандар репродуктологтың көмегіне жүгінуге кеңес береді. “Аңсаған сәби” бағдарламасына жүгінген нәзікжандар ең алдымен жіті медициналық тексерістен өтіп, түрлі анализ тапсырулары қажет. Тексеріс оң нәтиже берсе, квотаға қол жеткізіп, Астана немесе Қарағанды қалаларына барып, жасанды ұрықтандыру процедурасын жасатады. Бұл шараға 18-42 жас аралығындағы қыз-келіншектер жүгіне алады.
– Біз ең алдымен бедеулік факторын анықтаймыз. Жатыр түтіктерінің өткізгіштігін тексереміз. Гормоналды тексеру жүргізіп, кариотип аламыз. Бұл – әйелдегі болуы мүмкін патологияны көрсететін хромосомалар жиынтығы. Бізге 30-37 аралығындағы әйелдер көп келеді. Тұрмыста болса да өзін жас санап, сәбилі болуды кеш ойлайтындар да аз емес. Оларға әр нәрсе өз уақытымен орынды дегенді айтқым келеді, – дейді дәрігер-репродуктолог Виктор Проценко.
Дәрігер бедеуліктің жиі кездесетін себептеріне әйелдерде жатыр түтігінің бітелуін, жыныс мүшелерінің дамуында болған ақаулар, гормондардың жетіспеуі мен гормон қызметінің бұзылуын жатқызады. Ал еркектерде көбіне ұрық жасушалары белсенділігінің төмендеуі көп кездеседі. Сондай-ақ эндокриндік аурулар, дұрыс тамақтанбау, зиянды заттарды қолдану, мұның бәрі өз кесірін тигізбей қоймайды.
2019 жылға дейін біздің облысқа жылына 20-25 қана квота бөлінсе, өткен жылы бала сүюді армандаған 217 отбасына қолдау көрсетіліп, 103 сәби дүниеге келді. Оның 16-сы егіз туған. Биыл облысқа бөлінген квотаның 120-сы өз иесін тапты. Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша соңғы алты айда 48 бала дүниеге келген, жетеуі – егіздер.
Айта кететін жайт, мемлекеттік бағдарламаға жүгініп, оң нәтижеге қол жеткізе алмаған жұптар келер жылдары да бақтарын сынап көре алады. Жасанды ұрықтандыру процедурасының шығыны шамамен 1-1,5 млн. теңгені құрайды. Бағдарлама бойынша бұл қызметтер тегін.
Аснурия АБДУЛА.