«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балалы үй — базар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар” деген рас. Орталарында бала болмай, шаңырақтары шайқалып жататын ерлі-зайыптылар аз емес. Ажырасу фактісінің 20 пайызы осы қиындықтың төңірегінде туындайды екен. Осы мәселенің алдын алу үшін елімізде 2020 жылы “Аңсаған сәби” бағдарламасы іске қосылған болатын.

Бүгінде арнайы бағдарлама ая­сында жасанды ұрықтандыруға бе­рілетін квота саны жеті есеге өсті. Биыл өңірімізге 190 квота бөлініпті. Бұл квоталарды пайдалануға ниет біл­дірушілер қатары қалың. Солар­дың бірі – Алина Забликованың тұрмысқа шыққанына бес жыл бол­ған, келіншек бала сүюді арман­дайды. Оған аудандағы мамандар репродуктологтың көмегіне жүгінуге кеңес береді. “Аңсаған сәби” бағ­дар­ламасына жүгінген нәзікжандар ең алдымен жіті медициналық тек­серістен өтіп, түрлі анализ тапсыру­лары қажет. Тексеріс оң нәтиже бер­се, квотаға қол жеткізіп, Астана не­месе Қарағанды қалаларына ба­рып, жасанды ұрықтандыру проце­ду­расын жасатады. Бұл шараға 18-42 жас аралығындағы қыз-келіншектер жүгіне алады.

– Біз ең алдымен бедеулік фак­торын анықтаймыз. Жатыр түтікте­рінің өткізгіштігін тексереміз. Гор­моналды тексеру жүргізіп, кариотип аламыз. Бұл – әйелдегі болуы мүм­кін патологияны көрсететін хромо­сомалар жиынтығы. Бізге 30-37 ара­лығындағы әйелдер көп келеді. Тұр­мыста болса да өзін жас санап, сә­билі болуды кеш ойлайтындар да аз емес. Оларға әр нәрсе өз уақыты­мен орынды дегенді айтқым келеді, – дейді дәрігер-репродуктолог Виктор Проценко.

Дәрігер бедеуліктің жиі кезде­сетін себептеріне әйелдерде жатыр түтігінің бітелуін, жыныс мүшелері­нің дамуында болған ақаулар, гор­мондардың жетіспеуі мен гормон қызметінің бұзылуын жатқызады. Ал еркектерде көбіне ұрық жасуша­лары белсенділігінің төмендеуі көп кездеседі. Сондай-ақ эндокриндік аурулар, дұрыс тамақтанбау, зиян­ды заттарды қолдану, мұның бәрі өз кесірін тигізбей қоймайды.

2019 жылға дейін біздің облысқа жылына 20-25 қана квота бөлінсе, өткен жылы бала сүюді армандаған 217 отбасына қолдау көрсетіліп, 103 сәби дүниеге келді. Оның 16-сы егіз туған. Биыл облысқа бөлінген кво­таның 120-сы өз иесін тапты. Был­тырғы жылдың нәтижесі бойынша соңғы алты айда 48 бала дүниеге келген, жетеуі – егіздер.

Айта кететін жайт, мемлекеттік бағдарламаға жүгініп, оң нәтижеге қол жеткізе алмаған жұптар келер жылдары да бақтарын сынап көре алады. Жасанды ұрықтандыру про­цедурасының шығыны шамамен 1-1,5 млн. теңгені құрайды. Бағдар­лама бойынша бұл қызметтер тегін.

Аснурия АБДУЛА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp