2005 жылдан бері елде жастарды уақытша жұмыспен қамтып, олардың бос уақыттарын тиімді өткізу үшін “Жасыл ел” жобасы жүзеге асырылып келеді. Мұнда келгендер жазғы демалыс уақытында еңбек жасақтарының сапында жұмыс істеп, табыс тауып, елді мекендерді абаттандыруға үлес қосады. 18 жыл ішінде мыңдаған жас осынау мүмкіндікті пайдаланып, өз еңбегінің жемісін көрді. Олар еккен көшеттер бүгінде саялы баққа айналып, күтім жасаған өсімдіктері қалаға сән беріп тұр. Сіз бен біз күнделікті серуендейтін саябақтар мен көшелердің тазалығына да еңбекқор жастар өз үлесін қосуда. Аталған жобаның қоршаған ортаға да берері мол. Мұндағы жұмысшылар елді мекендердің маңын қоқыстан тазартып, орманды алқаптарға күтім жасап, көшет егуде. Осылайша қазіргі күні өткір тұрған экологиялық мәселелердің де біртіндеп шешілуіне атсалысады. Мәселен, бүгінге дейін еліміздегі орманды алқаптардың аумағы 10 пайызға ұлғайған. Даламызға көрік берер көшет өсірудің де қарқыны артып келеді. Жалпы бұған дейін “Жасыл ел” жасақтарының күшімен ел аумағында 44 миллиондай ағаш егіліп, 180 мың гектар жер абаттандырылған. Еңбек жасақтарының сапында тер төккендердің саны 300 мыңнан асып жығылады.
Алайда бізді алда бұдан да ауқымды жұмыс күтіп тұр. Жыл сайын жеріміз тозып, ауа мен су ластануда. Егер бұлай жалғаса берсе табиғи байлығымыздан айырылып, ресурстардың тапшылығы туындауы мүмкін. Сондықтан ағаш егу, абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыру керек. Осы мақсатпен “Жасыл ел” жастары биыл да күрек-кетпендерін қолдарына алды. Былтыр жоба аясында өңірге 776 квота бөлінсе, биыл 665 адам жұмысқа қабылданбақ. Қазіргі күні олардың 339-ы еңбек етіп жатыр. 3 шілдеде басталған еңбек жасақтарының жұмысы күзге дейін жалғасады. Мұнда жұмыс істеуге облыс орталығы мен өңірдің барлық аудандарындағы жастардың мүмкіндігі бар.
Биылғы “Жасыл ел” науқанының өз ерекшеліктері де бар. Бұған дейін жобаға 16-29 жастағы тұрғындар қатысып келсе, енді бұл мүмкіндік 14 жастан бастап қолжетімді. Сонымен қатар жас шектеуі 35-ке дейін ұзартылған. Себебі елдегі жастар категориясы 35 жасқа дейін ұлғайтылғаны белгілі. Ересектер кестеге сай жұмыс істесе, 18 жасқа дейінгі өрендер заң бойынша күніне 4 сағат еңбек етіп, саябақтарды абаттандыру, гүлзарларға күтім жасау ісіне қатысады.
Аталған жобаның жұмысын үйлестіру биыл өңірдегі “Қазақстанның болашағы үшін” жастар ұйымына жүктеліп отыр. Жалпы бағдарламаға тіркелудің 3 жолы бар. Біріншісінде қатысушылар орман шаруашылықтарымен келісімге отырып, елді мекендердің маңындағы жасыл аймақта еңбек етеді. Сол сияқты жазғы уақытта қосымша жұмыс күшін қажет ететін кәсіпорындарға да жұмысқа тұруға болады. Ал аудан орталығы мен қалада тұратындар жергілікті жердегі жастар ресурстық орталықтарына жүгіне алады.
Бұл ретте ескеретін бір жайт – 18 жасқа толмағандар тек елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына ғана араласа алады. Олармен заң шеңберінде келісімшарт жасалып, күніне 4 сағат еңбегіне қарай ақы төленеді. Сонымен қатар кәсіпорындар мен орман шаруашылықтарының да өзіндік талаптары бар. Ондағы жалақы 70-90 мың теңгенің маңайында. Табиғат сақшылары керекті құрал-жабдықпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.
“Жасыл ел” қозғалысының белсенділері ұзақ жылдан бері өңірдегі орман шаруашылықтарымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Биылға дейін бұл шаруашылықтарда 7 мың жас еңбек етті. Олар көшеттерге күтім жасап, тұқымдар дайындап, өскіндерді қоқыстан тазартып, ормандағы қоқысты жинап, тазарту мақсатында талдарды кесумен айналысады. Өлкеміздің көп бөлігін жасыл желек алып жатқанын ескерсек, жаз уақытында шаруашылықтардағы жұмыс күшіне деген қажеттілік арта түседі. Биыл да бұл қажеттілікті өтеуге “Ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман өсіру” бағдарламасынан қосымша 29,6 млн. теңге бөлінген. Мұндағы бюджеттен төленетін жалақы көлемі – 70 мың теңге. Бұған “Жасыл ел” бағдарламасы арқылы үстеме ақы төленеді.
Жас ұрпақтың тәрбиесі өзекті мәселеге айналған бүгінгі заманда кейінгі буынды жұмысқа тартып, еңбектің қадірін түсіндіру маңызды. “Жасыл ел” сапында жүрген жасөспірімдер мен ересектер абаттандыруға атсалыса отырып, өздері де басқаның еңбегін бағалауды үйренеді. Тазалықты жандары сүйіп, қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарайтын болады. Оның үстіне осы пайдалы ісі үшін тұрғындардың алғысына бөленіп, табыс табады. “Жасыл ел” жастары тек бекітілген аймақтарда ғана емес, елді мекендердегі қарт адамдардың аулаларында да жұмыс істеп, бау-бақшасын күтіп, үйлерінің маңын тазалайды.
Рүстем АРМАНОВ,
“Жасыл ел” бағдарламасының облыс бойынша штабының жетекшісі.