«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛҒА КЕРЕГІ – АУЫЗСУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров  қоғамдық қабылдау өткізді. Өңір басшысына өз мәселесін айта келгендердің бірі – Тоты Тұрысова. Ол Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылындағы ауызсу мәселесін көтерді. Тұрғын елді мекендегі әр үйге тіршілік көзі жеткенін қалайды. Маңызды іспен жергілікті билік былтырдан бері айналысып жатыр. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Бұл сауалға жауап берген Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шақұбаев сумен жабдықтауға қатысты жобалардың дайындалып жатқанын жеткізді. Жоба дайын болғаннан кейін конкурс жариялау да жұмысты біраз кешіктіруі мүмкін. Айдарбек Сапаров аудан басшылығының жайбасарлығын сынға алып, орынбасары Сәтжан Аблалиевке мәселені біржақты етуді тапсырды.

Ал Әбділқасым Тілләбеков Уәлиханов ауданынан келіп отыр. Ғылымға жақын азамат жемшөп саласына көңіл бөліп, малға аса пайдалы азық өсіргісі келеді. Оның сөзінше, алатікен шөбін пішендемеге қосар болсақ, шаруалардың шығыны азаймақ. Құны арзан шөптің бауыр құртын болдырмайтын қасиеті де бар екен. Ізденімпаз жанның жасаған бизнес-жоспарына сай, бұл ойын жүзеге асыру үшін 1 млрд. 338 мың теңге көлемінде қаржы қажет. Өңір басшысы жемшөп өндірісінің маңыздылығын айта келе, Әбділқасым Тілләбековті аграрлық саланы қаржыландыратын ұйымдардың мүмкіндіктерімен танысуға шақырды.

Қабылдауға денсаулық сақтау саласына да шағым айта келгендер болды. Қала тұрғыны Анатолий Давидкевич зайыбының жағдайына алаңдап, осында жүгініп отыр.

– Менің зайыбымның мүгедек атанғанына 8 жылдан асты. Жақында ол белгісіз себептермен мүгедектер қатарынан шығарылды. Мәселені шешу үшін жауапты мекемеге бардым. Еш нәтиже болмады. Сонымен қатар емханадағы мамандар әйелімді қабылдап, көмек көрсеткісі келмейді, – дейді тұрғын.

Айдарбек Сейпілұлы жауапты адамдарға бұл келеңсіздікті шешіп, мүгедектікті қалпына келтіру керек екенін айтты.

Жергілікті университетте 5 жыл тегін оқып, енді интернатураға түсуге қиналып отырған түлектер де қабылдауға келді. Солардың бірі – Айғаным Аппасова 2 жыл интернатурада оқу үшін неге ақша төлеу керек екенін түсінбей дал. Бұған 5 жыл тегін оқыған өзге түлектер де наразы. Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысына мәселемен танысып, шешуді жүктеді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp