«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Комбинаттың жабдығы жаңармақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықты ас атасымен қамтамасыз етіп отырған Петропавл нан-тоқаш комбинатына биыл 90 жыл толып отыр. Ғасырға жуық тарихы бар комбинаттың қабырғасында қаншама адам еңбек етіп, өндірістің ыстық цехтарында түні бойы нан пісіріп, жұмыс үдерісін бір тоқтатпай келеді. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып отырған серіктестік.

Комбинат нан-тоқаш, кондитерлік өнімдердің ірі өндірушісі болып табылады. Компания құрамына жекеменшік диірмені, Алматы нан-тоқаш комбинаты, “Нан плюс” дүкендер желісі кіреді. Тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында кәсіпорын ұдайы дамып келеді. Зауытта жұмыс мүмкіндігінше автоматтандырылған, барлық стандарттар сақталады. Өнім сапасы қатаң бақылауда. Өнімнің құрамында сәл ауытқу болса, дәмін сезіп қоятындар қатары қалың.

– Компанияның жұмысы бір орында тұрмайды. Сұранысқа қарай кәсіпорын кеңейтілуде. Заман ағымына сай өндірісті жаңғыртып отыру да – басты талап. Технологиялық жабдықтарды жаңарту – бұл өнім сапасын арттыру, өндіріс көлемін ұлғайту, энергия ресурстарын үнемдеу ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға қосқан елеулі үлес, – дейді кәсіпорын директоры Ерлан Қайшыбеков.

Компания өндіріс жабдықтарын жаңарту мақсатында “Қазақстан Халық Банкі” АҚ-дан “Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба” мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алды. Алған қаржысының жылдық мөлшерлемесі 21,75 пайызды құрайды, оның 6 пайызын ғана кәсіпкер төлеп, қалған 15,75 пайызын “Даму” қоры субсидиялайтын болды.

“Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС ай сайын 600 тоннаға жуық өнім өндіріп, облысты, Қазақстанның шекаралас өңірлерінің тұрғындарын қамтамасыз етеді. Компанияда 360  адам еңбек етеді.

Әсел СЫЗДЫҚОВА,

“Даму” орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау қоры” АҚ өңірлік филиалының бас менеджері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp