2025 жылға дейінгі “Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту туралы” Ұлттық жоспар аясында “Кедергісіз келешек” жобасы және “Amanat” партиясының жол картасы жан-жақты жүзеге асырылып келеді.
Өңірде 5 жыл ішінде мүгедек адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету бағытында 1294 нысанды қолайлы ету көзделген. 2021-2023 жылдар аралығында жоспарланған 776 объектінің 418-де бейімдеу іс-шаралары жүргізілді. Оның ішінде 308 ғимарат ерекше қажеттіліктері бар санаттағыларды қамтиды. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті аумақтық департаменті жүргізген “бақылаудан кейінгі” тексерулер барысында аталған нысандардың толық бейімделгені расталды.
Мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімді обьектілер былай жіктеледі: мемлекеттік мекемелер – 66, денсаулық сақтау объектілері – 29, білім беру нысандары –112, әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де объектілері – 101.
110 объект ішінара бейімделген деп танылып, 725 ереже бұзушылық анықталды. Бұл келеңсіздік есту, көру қабілеті, тірек-қимыл аппараты бұзылған жандардың, кресло-арбамен қозғалатындардың құқығын шектеген. Орын алған олқылықтарды толық жоюдың нақты шаралары белгіленіп, объектілердің меншік иелеріне түсіндірілді.
Жыл аяғына дейін 358 нысанды бейімдеу жоспарланған. Бұдан бөлек, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және тағы басқа салалар бойынша әлеуметтік инфраұрылым объектісіне 64 тексеру жүргізілді. Олардың 29-ы – өтініштер және нұсқаманың орындалуын бақылау бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексерулер, 35-і – тексеру-профилактикалық бақылаулар. Анықталған кемшіліктерден қорытынды шығаруға 35 ұйғарым беріліп, 4 млн. 554 мың теңге мөлшерінде 16 әкімшілік айыппұл салынды.
Руслан ЖҰМАБАЕВ,
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті облыстық департаментінің бас маманы.