«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚҰЖАТ — УАҚЫТҚА ҮНЕМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі департаменттің басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, жартыжылдық жұмыстарын қорытындылады.

Ведомство бастығы Шоқан Құлданов мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметі туралы барлық деректер топтастырылғанын айта келіп, облыс аумағында қылмыстың 20,1, оның ішінде қасақана кісі өлтіру – 46,2, тонау – 21,7, ұрлық – 24,8, алаяқтық 13,1, көшелер мен қоғамдық орындардағы заң бұзушылықтар 9,7 пайызға азайғанын жеткізді. Дегенмен заңға бағынбау қоғамдық орындарда әлі де кездеседі.

“100 нақты қадам” ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде 2016 жылдан бері қылмыстық карта қолданысқа енгізілген. Кез келген тұрғын интернет порталы арқылы “Заң бұзушылық қай жерде жасалды?”, “Қандай факті тіркелді?” деген сұрақтарға жауап тауып, қаланың, ауданның криминогендік ахуалымен таныса алады. Бұдан бөлек, “Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі” қанатқақты жобасы жұмыс істейді. Ондағы мақсат – хаттамадан бастап, айыппұл төлеуді, электрондық әкімшілік істі құруға дейінгі үдерісті толық автоматтандыру. Бағдарламаның оңтайлы тұстары көп. Ең бастысы, уақыт үнемделеді. Бұрын хаттама рәсімдеуге бір сағат жұмсалса, қазір бес минутта толтыруға болады. Енді қызметкерлер сауалнамалық деректерді іздестіріп, ақпараттарды қайта тексеріп, текке әуре болып жатпайды. ЖСН-ді жазса жеткілікті. Сонда жүйе қажетті ақпаратты автоматты түрде ұсынады.

Биыл облыс бойынша мемлекеттік органдарға келіп түскен өтініштердің саны 30 мыңнан асады. Олардың басым бөлігі – жергілікті атқарушы органдарға тиесілі.

Көрсетілетін қызметтің бірі – соттылықтың болу немесе болмауы туралы анықтама беру. Анықтама қағаз тек шетелге шыққанда ғана беріліп,  қалған уақытта электронды үлгіде рәсімделеді.

Департаментте саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 68 мыңнан астам адамның жеке ісі мен 119773 кәртішке сақтаулы. Бұл мәліметтер құпиясыздандырылған. Президенттің 2020 жылғы Жарлығына сәйкес,  жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау жөнінде құрылған мемлекеттік комиссияның басты мақсаты саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру болып табылады.  Цифрландыру екі жылдан бері жүргізіліп келеді. Сосын құжаттар Президент мұрағатына тапсырылады.

Зарина АҚПАНОВА,

құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің аға прокуроры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp