Шіліңгір шілде айында “Отандастар” қорының ұйымдастыруымен Моңғолияда тұрып жатқан қазақтардың кіші құрылтайы өтіп, оған қатысу бақытына ие болдық. Аталмыш іс-шара аясында республика жоғары оқу орындарының білім көрмесі ұйымдастырылып, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің “Foundation” факультеті этникалық қазақ жастарын Қызылжар өңірінде білім алуға шақырды. Жергілікті БАҚ-тарға ақпараттық хабарландырулар орналастырылып, Баян Өлгей аймағы білім басқармасының қолдауымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Екіжақты кездесулерде қос мемлекет арасындағы білім саласының мәселелері айтылып, ата-аналар мен талапкерлерге танымдық кеңестер берілді. “Отандастар қоры” КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Монғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай, “Президент және халық” газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушылар Кәдірбек Құныпия, Ауыт Мұқитбек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулуақап Қара мазмұнды әңгімелерімен, ойлы ұсыныстарымен құрылтай шырайын аша түсті.
Мұны айтып отырғаным, 1991 жылы шеттегі қандастарды елге шақыру саясаты басталғалы еліміздің білім жүйесіне өрелі өзгерістер енгізіліп, жоғары оқу орындарының базасында ұлты қазақ шетел азаматтарына арналған дайындық бөлімдері жұмыс істей бастады. Тарихи Отанына, атажұртына келіп, білімдерін жетілдіріп, сосын университет, колледж және тағы басқа білім ордаларына таңдаған мамандықтары бойынша тегін білім алуларына жағдай жасалды, жолдама алу мүмкіндіктеріне ие болды. Жаңашыл бастама аясында М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де жүздеген қаракөз жастарымыз бақтарын сынап, сынақтан ойдағыдай өте білді.
2016 жылы дайындық бөлімі факультет болып құрылып, “Foundation”, – деген мәртебе алды. Сол уақыттан бері жұмысымыз тіпті жанданып, тәжірибеміз толысып, жылына кемінде білімге құштар 45-50 үміткерді оқуға қабылдап жүрміз. Факультеттің басты ерекшелігі – тыңдаушылар 9 ай бойы шәкіртақы алып, жатақханамен қамтамасыз етіледі. Осылайша жаңа ортаға бейімделе отырып, жоғары білім алуға арналған ұлттық бірыңғай тестілеуге жан-жақты дайындалады.
“Foundation” факультетінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен келетін жастардың үлесі басым. Сондай-ақ Ираннан, Түркіменстаннан да қызығушылық танытушылар бар. Көршілес Ресей Федерациясынан да хабарласушылар аз емес. Оқуға түсу талаптары қарапайым әрі қолжетімді. 5-тамыз бен 5-қыркүйек аралығында Ғылым және жоғары білім министрлігінің арнайы тұғырнамасына онлайн режімінде тіркелсе жеткілікті. 10-15 қыркүйек аралығында қабылдау әңгімелесу, сұхбат түрінде өтеді. Оқу 1 қазан күні басталып, 9 айға созылады. Шәкіртақы, жатақхана беріледі. Оқу жүйесі ЖОО-ға бакалавр білім беру бағдарламасына грант негізінде оқуға түсуге арналған ұлттық бірыңғай тест негізінде жүргізіледі.
Тыңдаушылар таңдаған мамандығына сәйкес ҰБТ тапсырып, 4 пайыз жеңілдікке ие болады. Біздің факультетті аяқтаған тыңдаушылардың 80-95 пайызы студент атанып жүр. Тағы бір жеңілдік, 4 жыл оқып, одан кейінгі өмір жолын жас маман ретінде Мағжан елімен байланыстырса, мемлекеттік квотаға орай әлеуметтік қолдаулар (тұрақты тіркеу, қандас мәртебесі) көрсетіледі.
Осы себепті тағдырдың тәлкегімен сыртқа кетіп, сол жақта орнығып қалған қазақ отбасыларының өскелең буын ұрпақтарын қуанышпен қарсы алуға құшағымыз әркез ашық.
Алмагүл АВДОЛХАНҚЫЗЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың “Foundation” факультетінің деканы.