Солтүстік Қазақстан облысында шілдеде инфляция деңгейі біршама төмендеді. Дегенмен жыл бойғы көрсеткіштерге қарасақ азық-түлік өнімдері мен қызметтерге бағаның айтарлықтай өскені байқалады.
Ұлттық статистика бюросы департаментінің мәліметінше, шілдеде облыста инфляция 15,4 пайызды құрады. Маусым айында бұл көрсеткіш 15,9 пайыз болды.
Өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда азық-түлік тауарлары мен ақылы қызметтер 15 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 16 пайызға қымбаттады.
Бір жылда күріш 50%-ға, нан және ұннан жасалған кондитер өнімдері – 31%-ға, сүт өнімдері – 19%-ға, алкогольсіз сусындар мен шұжықтар – 18%-ға, қырыққабат – 14%-ға, сәбіз – 8%-ға қымбаттады. Алкоголь және темекі өнімдерінің бағасының өсуі 17%-ды құрады.
Қант бағасы шамамен 7 пайызға арзандады. Жаңа піскен көкөністер небәрі 3 пайызға арзандады. Оның ішінде қызанақ пен қиярдың бағасы айтарлықтай төмендеді, сәйкесінше шамамен 16% және 14%.
Баллондардағы сұйытылған газдың бағасы 19%-ға, тұрғын үй-жайларды күтіп ұстауға және жөндеуге арналған материалдар – 17%-ға, киім-кешек пен аяқ киім – 15%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 14%-ға жуық, бензин бағасы – 12%-ға өсті.
Шаштараз, көлік және ұялы байланыс қызметтері де 3-12 пайызға қымбаттады. Қоқыс шығару қызметінің құны екі еседен астам өсті.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.