Облыс әкімі Айдарбек Сапаров “Sensitive” би тобының негізін қалаушы Ольга Ростовщиковамен кездесті. Еліміздің мәдени, рухани өміріне белсенді араласып, биік белестерді бағындырып жүрген өнерпаздардың жетістіктері жерлестерімізге қуаныш сыйлауда. Музыканы құлақпен естімесе де, жүрекпен сезінетін жандарға елдің көңілі бөлек.
– Бишілеріміз өнерлі, ынталы жандарға еш нәрсе кедергі болмайтынын көрсетуде. Олар заманауи би өнерін насихаттауда. Ольга – нағыз кәсіби маманның, білікті басшының және дана тәлімгердің үлгісі. “Sensitive” ұжымына мұнымен тоқтап қалмай, бұдан да биік шығармашылық жеңістерге жетулеріне тілектеспін, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
2006 жылы құрылған ұжым дайындық, кіші, орта және ересек топтарға бөлінеді. Ересектер қазақ театрының сахнасында шеберліктерін шыңдауда. Осы уақыт ішінде ансамбль кәсіби ұжымға айналды. 2011 жылдан бері түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып жүр. Қандай байқауға қатысса да, қоржындары бос қайтқан емес. Бұған дейін түрлі елде жеңіске жеткен “Sensitive” өңір намысын абыроймен қорғауда. Би ансамблі жуырда Испанияның Льорет-де-Мар қаласында өткен халықаралық “Sea Sun Festival” байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Осылайша солтүстікқазақстандық өнерпаздар қажырлы еңбектерімен өздерін бүкіл әлемге танытып, сахнаның жұлдызына айналды. Өткен жылдары ұжым Петропавл мен Астана қаласында жеке шығармашылық концерт беріп, бидің тілін үнсіз түсіндірген ұжым тағы бір мәрте шеберліктерімен тәнті еткен.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.