Облыстық перинаталдық орталықта жарты жыл ішінде 2 жарым мыңнан астам сәби дүниеге келді. Дүние есігін ашқан шақалақтардың басым бөлігі ұлдар екен. Нәрестелердің 39-ы – егіздер. Жүкті келіншектердің 25 пайызы кесір тілігі арқылы босанған. Қазіргі уақытта перзентханада үшемге аяғы ауыр әйел ем қабылдап жатыр.
Облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы Гүлбақыт Мырзабекованың сөзінше, мұнда тәулігіне 15-20 бала дүниеге келеді екен.
– Күн сайын бізге 30-дан астам әйел түседі. Олардың көбі өздігінен босанады. Жыл басынан бері ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Бұл орталықтың білікті мамандармен және заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілгенінің арқасы. Мысалы бізде ерте босану кезінде сәбиді аман алып қалуға мүмкіндік беретін “Кувез” аппаратының 2 данасы бар, – дейді Гүлбақыт Мырзабекова.
Жарты жылда орталық мамандары жансақтау бөліміне түскен 100-ге жуық нәрестені аман алып қалған. Бүгінде мамандар 5 балаға қажетті көмек көрсетуде. Мекемеде елең еткізер ерекше жағдайлар да орын алып тұрады. Мәселен, жуырда салмағы 5 келі болатын алып сәбилер дүниеге келген.
Барлығы 200-ге жуық дәрігер еңбек ететін орталықта кадр тапшылығы жоқ. Қыркүйек айында төрт жас маманды жұмысқа қабылдайды.
Гүлден СИМБАЕВА.