Өңірдегі елді мекендердің дамуы мемлекеттік қолдауға ғана емес, жергілікті жердегі кәсіпкерлерге де байланысты. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Бірлік ауылы “ES GLOBAL AGRO” серіктестігінің шарапатын көріп келеді.
– Көшелерге асфальт төседік. Тәртіпті сақтау үшін арнайы жол белгілерін орнаттық. Қыста қардан тазалау, қоқысты шығару да – біздің мойнымызда. Ауылда қабілетті, жігерлі жастар көп. Алайда олар көбі жұмыс іздеп, қалаға кетіп жатыр. Жақында тұрғын үйлердің құрылысын бастаймыз, – дейді серіктестік директоры Матвей Скорняков. Ауылдағы 300 балаға шақталған мектепте 100-ден астам оқушы білім алады. Соңғы жылдары серіктестік білім ошағын да қамқорлығына алған.
– Екі жыл бұрын мектепте күрделі жөндеу жүргізілді. Серіктестік асхананы барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті. Ескі қоршаулар ауыстырылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус орнатып берді. Оқушыларды өзге аудан орталығы мен қаладағы олимпиадаларға апарар кезде көлікпен қамтамасыз етеді, – дейді Бірлік орта мектебінің кәсіподақ төрағасы Тамара Шульба.
Серіктестіктің көмегімен ауылда бұқаралық спорт та дамып келеді. Шыныққан жастар аудан, облыс деңгейіндегі додаларға қатысып жүр.
Аснурия АБДУЛА.