Петропавл қалалық соты ұлтаралық алауыздықты қоздыру, азаматтардың ұлттық ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн қорлау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға жария түрде шақыру бабы бойынша Л.-ға қатысты істі қарады.
Ер адам 2014 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде ұялы телефон арқылы “Facebook” әлеуметтік желісінде алауыздықты қоздыруға бағытталған жазбаларға репосттар жасап, пікірлер жариялап отырған. Сондай-ақ ел тұтастығын бұзуға шақырған жазбалар жазған, осылайша желі қолданушылары арасында теріс пікір тудырған. Кейін оның ауыратындығы, бұл жазбаларды жазған уақытта есi дұрыс болмағандығы анықталған.
Прокурор Л.-ды Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі, 180-бабының 2-бөлігінде көрсетілгендей – қоғамдық қауіпті әрекеттерді есі дұрыс емес күйде жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі шара қолдануды сұрады.
Денсаулығына байланысты Л. сот отырысына қатысқан жоқ. Сот заңмен тыйым салынған әрекеттерді есі дұрыс емес күйде жасағаны дәлелденді деп танып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолданды. Яғни қылмыстық жауаптылықтан босатты.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.