Музейіміздің қорында Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылиханың табағы бар. Фарфор ыдыс ХІХ ғасырда Қытайда жасалған. Ыдыс дөңгелек пішінді, глазурмен безендірілген, түрлі-түсті гүлді ою-өрнек салынған. Табақты музейге Мағжанның немере інісі Тасболат Бекенов тапсырған.
Зылиханың табағын айтып отырған соң өмірінен ақпарат бере кеткенді жөн болар. Зылиха Жұмабаева 1894 жылы Қызылжар қаласында дүниеге келген. Әкесі – Құрманбай, анасы – Жәмилә. Әкесі ерте дүние салады. Шешесі Зылиханы 1913 жылы өзі сүймеген, сырласпаған Хасан Мұхамедияров деген саудагер башқұрт жігітіне ұзатып жібереді. 1919 жылы Хасан сүзек ауруынан Ақмолада қайтыс болады. 1920 жылы қазан айында Зылиха күйеуінің жылын өткізіп, Қызылжарға қайтып келеді. Мағжан мен Зылиханың Қызылжарда неке қиюға мүмкіндіктері болмайды. Екі жақтың ата-анасы олардың қосылуына қарсы болады. Себебі Зылиханың әкесі Құрманбай мен Мағжанның шешесі Гүлсімнің әкесі Әшірбек бір туған, яғни, Мағжан жиен де, Зылиха нағашы.
Мағжанға 1929 жылы жазықсыз жала жабылып, түрмеге қамалады, содан жер аударылады. Зылиха араша түсуін сұрап, М.Горькийге хат жазады. М.Горькийдің және оның әйелі Е.Пешкованың араласуымен 1936 жылы айдаудан босап шыққанымен, қайта ушыққан репрессия тырнағына ілініп, жазықсыздан-жазықсыз 1938 жылы 19 наурызда атылып кетеді. Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызы түрмеге қамалған күйеуінің жоқтаушысы, жанашыры бола білді, кейін әдеби мұрасының шырақшысына айналды. Мағжанның әр кездегі баспасөз бетін көрген әдеби мұрасын іздестіруді, жинастыруды қолға алып, Алматы, Ташкент, Қызылорда, Орынбор, Мәскеу, Ленинград, Омбы, Петропавл қалаларындағы мұрағаттарды ақтарады, көз майын тауысып, біраз дүние жинайды.
Ол өзінің бүкіл ғұмырын Мағжанның адал атын халқына қайтаруға арнады. Зорлық-зомбылықты, азапты сүйгенімен бірге шеккен Зылиха Құрманбайқызы 97 жасында дүние салды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.