Облыста иттер мен мысықтарды таңбалау жұмыстары жалғасуда. Сәуір айынан бері аймақта 1550 үй жануарына чип салынды.
Жалпы өңірде қаңғыбас иттерді таңбалауға, екпе салдыртуға және зарарсыздандыруға облыс бюджетінен 53,4 млн. теңге бөлінді. Бүгінде аталмыш жұмыспен “Шевелева” жеке кәсіпкерлігі айналысып жатыр.
– Сәуірдің 10-нан бастап, иесіз жүрген 135 жануарға таңба қойылып, зарарсыздандырылды. Тиісті санитарлық шаралар қолданылғаннан кейін 108-і қайта мекен еткен ортасына жіберілді, екеуі жеке тәлімбақтарға берілді. Арнайы чиптерді сатып алуға 2,7 млн. теңге қарастырылған. Үй жануарларын таңбалау әлеуметтік әлжуаз топтар санатындағыларға тегін, – дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Наталья Тараканова.
Бүгіндері таңбаланған 1550 ит-мысық “Tanba” ақпараттық базасына енгізілді. 1385-нің иесі бар, ал қалғандары – қаңғыбас ит-мысықтар. Облыстық ветеринария мамандарының сөзінше, жануарларға чип қою, зарарсыздандыру және екпе салу үшін тұрғындар өңірдегі 14 ветеринарлық станция мен қаладағы жеке клиникаларға жүгіне алады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.