Қамбар ата тұқымының бабын тауып, балдай қымыз сапырып, несібесін еселеп отырған кәсіпкерлердің бірі – Дулат Қаймақов. Ол бұл кәсіпті отбасылық бизнеске айналдырып, облыс орталығы мен өз ауылының тұрғындарының сұранысына ие сусын түрін шығарып келеді. Облыс орталығына жақын әрі малға жайлы Қызылжар ауданындағы Чапаево ауылында тұратын кәсіпкердің өз ісін кеңейтудің жолын іздеп жүргеніне аз болмапты. Елді мекендердегі бизнесті қаржыландыруға бағытталған “Ауыл аманаты” жобасы жайлы естіген ол бірден төмен пайызбен несие алуға өтініш білдірген.
– Бұрын біз мұндай жоба жайлы, оның мүмкіндіктері туралы білмедік. “Ауыл аманаты” ауыл тұрғындарының жан-жақты дамуына, кәсіптерінен пайда табуларына көмектеседі. Ауылдағы ағайынның көбі алдындағы төрт түлігімен жан бағып отыр. Сондықтан да атакәсіптің алауын өшірмей, осындай бағдарламалар арқылы қолдау көрсету керек. Бүгінгідей жемшөп қымбаттаған уақытта біз сияқты шаруалар үшін қаржылай қолдау тығырықтан шығып, одан әрі дамуға көмектеседі, – дейді Дулат Қаймақов.
Қаймақовтар отбасының мал шаруашылығына бет бұрғандарына 20 жылдан асты. Алғашында қой мен сиыр ұстаған олар кейін қымыз өндіруге ден қойған. Бастамасы сәтті болып, табиғи өнімге қала тұрғындары да қызығушылық білдіре бастапты. Енді кәсіпкер өз ісін өркендету үшін “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 8,6 млн. теңге жеңілдетілген несиеге ие болып отыр. Ол бұл қаржыға жылқы алып, өнім көлемін арттыруды жоспарлауда.
“Amanat” партиясының ел үкіметімен бірлесіп әзірлеген “Ауыл аманаты” жобасы халықтың табысын арттыруға бағытталған. Жоба шеңберінде азаматтар ауыл аумағында кез келген қызметті дамытуға 2,5 пайыз мөлшерлемемен несие ресімдеп, әлеуметтік-өндірістік кооперативтерге бірігіп, мал және көкөніс шаруашылығымен айналыса алады.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“Amanat” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.